Инвестициялық ынтымақтастық бағытындағы кездесулерге қатысты

138

0

Швейцарияға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация ауыл шаруашылығы, экология және инвестициялық ынтымақтастық бағытындағы маңызды кездесулерге қатысты.

Облыс әкімі Берн кантоны Үкіметінің төрағасы Кристоф Нойхауз, Дамыту директоры Симон Эндерле және Сыртқы қатынастар жөніндегі кеңесші Томас Мозермен кездесті. Кездесуде экономи­калық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Аймақтың Азия мен Еуропаны байла­ныстыратын көлік дәліздерінің бойында орна­ласқаны, ауыл шаруашылығындағы жетекші орны және жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы әлеуеті таныс­тырылды. Өңірде қуаттылығы 89 МВт болатын 9 күн электр станциясы жұмыс істейді, сондай-ақ 300 МВт-тан астам жаңартылатын энергия жобалары жүзеге асырылуда.

– Қызылорда облысы – географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан, инфра­құры­лымы дамыған және табиғи ресурстарға бай аймақ. Берн кантонымен өзара тиімді серіктестік орнату – біздің ортақ мүддеміз, – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев Швей­царияның күріш, бұршақ және өзге де дақылдарды өңдеу саласындағы жетекші компаниясы RBL Group SA Бас директоры Ханс Ремундпен кездесті. Тараптар ынтымақтастықты нығайту, озық тех­нологиялар мен тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Қызылорда өңірінің отандық күріш пен тұз өндірісіндегі жетекші рөлі, инвес­тор­ларға ыңғайлы әрі дайын инфрақұрылым ұсынудағы ерекшелігі де айтылды. Са­лықтық және кедендік жеңілдіктер қарас­тырылғаны, инвесторлар үшін тар­тымды «Қорқыт Ата» арнайы эконо­микалық аймағының құрылғаны атап өтілді.

Делегация мүшелері Kanadevia Inova компания­сының Орталық Азия бойынша президенті Алек­сандр Силинмен кездесті. Онда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және энергия көзі ретінде пайдалану бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қаралды.

Қазір өңірде 15 кәсіпорын тұрмыстық қал­дық­тарды жинау және қайта өңдеумен айна­лысады. Кореялық With You E&C компаниясы жы­лына 300 мың тонна қалдықты сұрыптау және қайта өңдеу зауытының құрылысын бастады.

Швейцарияға жұмыс сапары агро­өнер­кәсіп, экологиялық технологиялар және инвестиция­лық ынтымақтастық сала­ларында жаңа мүмкін­діктерге жол ашты.