Инвестициялық жобаларды іске асыру барысы пысықталды

115

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірлік инвестициялық штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды.

Штаб құрамына Президент Әкім­шілігінің өкілдері, облыс прокуроры, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттер, «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы, кәсіпкерлер палатасы, салық органдарының басшылары енгізілген.

Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне, қала және аудан әкімдеріне жобалардың орындалуын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

– Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс жасауда. Оның қызметі Үкімет басшысының тікелей бақылауында.

Платформа жұмысын сапалы әрі уақытылы жүргізу керек. Пулға енгізілген жобаларға тұрақты мониторинг жүргізіп, іске асыру барысын бақылау, қолдау көрсету, одан туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуіміз қажет.

Жобалардың «қызыл аймаққа» түспеуін қатаң бақылауға алыңыздар. Аталған жұ­мыс­тардың нақты орындалуына басқар­ма басшылары, қала және аудан әкімдері тіке­лей жауапты болады, – деді облыс әкімі.

Басқосуда облыстық кәсіпкерлік басқар­­масының басшысы, Жалағаш, Сыр­дария, Қармақшы аудандарының әкімдері баяндама жасап, инвестициялық жобалардың қазіргі ахуалына тоқталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста инвестициялық ахуалды жақ­сарту бағытында жүйелі жұмыс жүр­гізілуде. Биыл өңірге 631,4 млрд теңге ин­вестиция тарту жоспары бекітілген бол­са, 10 айдың қорытындысымен 602,7 млрд теңге игеріліп, меже 95,5 пайызға орын­далды. Жыл соңына дейін инвестиция көле­мін 720 млрд теңгеге жеткізу көзделген.

Экономиканы әртараптандыру мақса­тында 2,8 трлн теңгенің 94 жобасы жүзеге асырылуда. Олар іске қосылғанда 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Пул жалпыұлттық және өңірлік жобалардан тұрады.

Биыл облыста 27 ірі жобаны ел игілігіне айналдыру жоспарланған. Қазір оның 12-сі пайдалануға берілді. Өңірлік пулға енгізілген 27 шағын жоба болса, оның 23-і жүзеге асты, қалған 4-еуі жыл соңына дейін іске қосылады.