Ислам ізгілік діні

750

0


БАЙҚАУҒА


Күн санап технологиямыздың дамып жатқан тұсында руханият кенжелеп қалмауы хақ. Бұл – әлбетте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы. Осы тұста биылғы жылды діни басқарма «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Ондағы басты міндет – жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтару, ізгі қоғам құруға қадам жасау. Ендеше мен де осы орайда өзімнің бес тиынымды (ойымды) қоса кетуді жөн санадым.


Ізгілік – асыл дінімізде ауқымы кең ұғым. Сондықтан болар, адам мен қоғамның игілігіне септігі тиетін әрбір жақсылық ізгілік деп бағаланады. Кісінің ең жақсысы қоғамға пайдасы тигені деген мағынадағасы хадис соны меңзесе керек.


Әлемге екінші ұстаз атымен танылған әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактатында ізгі, яғни қайырымды қоғам іргетасы мен алғышарттары жайлы ой қозғайды. Талай ойшылдарға бұл мәселеде жол ашқан даңқты ғұлама аталған шығармасында Аллаға иман мәселесін қозғаған.


Әлемдік діндердің барлығы, соның ішінде әсіресе ислам діні адамзатқа ізгілікті, адамгершілікті, өзара кешірімділік пен мейірімділікті насихаттайды. Мұны исламның қасиетті қайнар көздері саналатын Құран аяттары мен хадис мәтіндерінен, дін ғалымдары мен ағартушыларыны еңбектерінде айқындап берді.


Адамзаттың абзалы болған, ізгілікті насихаттаушы, жан баласының жанашыры болған Пайғамбарымыз Мұхаммен (с.ғ.с.) өзіні хадис шәрифінде: «Мұсылман өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген адам» деген.

Ислам дінін ұстанған мұсылман басқа мұсылманның жеке өміріне рұқсатсыз қол сұқпайды, жазықсыз жанның жанын қиып, заңсыз дүние-мүлкін тәркілемейді.
«Бес саусақтың бірдей еместігі» секілді қоғамда көпшіліктің пікірі бір жерден шықпауы заңдылық. Себебі, әр адам әр түрлі пікір айтады. Мәселен, кеше ғана облыста резонанс тудырған жасөспірімдер арасындағы кикілжіңде бірі мемлекетті, енді бірі дінді кінәлі санады. Бірақ ешкімнің ойына ол балалар мешіттен білім алып жүрген балалар ма деген сұрақпен бас қатырмады. Қоғамға тек ол мемлекеттік қызметкердің баласы деген сияқты «факт»-тің аясында пікірін жазды болды. Әрі қарай мәселенің тереңіне үңілуге тырыспады. Қазір сөзді адамдар қалай болса, солай айта салады. Жала жабу, сырттан әңгімелеу, әр түрлі жаман сөздер айту – бүгінде әлеуметтік желілер арқылы кез келген адамның қолындағы смартфоны арқылы айтылып жатыр. Сондықтан қоғамдағы адам баласының қарым-қатынасы, адал, әділ, бір-біріне деген мейірімділікті дамыту мақсатында биылғы жылды «Ислам және ізгі» деп атауының мәнісі осында.


Ізгілікке шақыру қағидаты негізінде өзін діндар санайтын әрбір пенде жеке және қоғам өміріне қатысты белсенді азаматтық ұстанымы болуы керек. Шынайы мұсылман өз шама-шарқынша қоғамға пайда келтіргені жөн. «Амру биль-мағруф уа наһи ъаниль-мункар» яғни, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың өзі – жақсы амал.

Исламда сауапты істер жасау – бауырмалдық, отбасы мен туыстарына көмек беру, мейірімділік пен қайырымдылық, қайыр-садақа жасау, зекет беру, адал еңбек ету секілді көптеген құндылықтар қамтылған. Қасиетті Құран Кәрімде: «Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістікке жетесіңдер» («Хаж» сүресі, 77-аят).
Ендеше, неге қоғам болып бір-бірімізді тәрбиелемеске. Тек қасиетті айда немесе биылғы «Ислам және ізгі қоғам» жылында ғана емес, үнемі кішіпейілділік танытып, жақсылықта жарысуға шақырамын.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы» газетінің тілшісі
.

#Ислам_ізгіқоғам

#aqmeshit_kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<