Испанияда алапат су тасқынының салдарынан 70-тен астам адам ажал құшты

198

0

Фото: BBC/EPA

Испанияның шығысы мен оңтүстігінде нөсер жауын салдарынан болған жойқын су тасқынынан 72 адам көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жергілікті билік табиғи апат кезінде құрбан болғандар көбейеді деп ескертті. 

Тас жолдарды су басып қалды. Тасқын су көпірлер мен көліктерді шайып кетті. Табиғи апат салдарынан Валенсия мен Мадрид арасындағы теміржол қатынасы үзілді. Малага маңында 300-ге жуық жолаушысы бар жүрдек пойыз рельстен шығып кеткен. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау үшін қайықтар мен тікұшақтар жұмылдырылды. Әскерилер төтенше жағдайлар қызметіне көмекке жіберілді.

Метеорологтардың мәліметінше, нөсер жауын 31 қазанға дейін жалғасады. Айта кетейік, бұған дейін Испанияда қатты жаңбырдан су тасқыны болып, адамдар қаза тапқаны туралы жазған едік.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<