«Ізгіден қалған із»

100

0

Жуырда ұстаз ағаның қызы Күлзәбира арнайы ат басын бұрып, маған баспадан жаңа шыққан кітапты ұсынды. Оқып шығып пікір білдіруге қолқа салды.

Ә дегеннен әдемі өрнектелген кітапты қолыма алып, парақтарына көз жүгірттім. Ой орамдар ә дегеннен баурай бастады.

Сүйікті қарындасымның шынайы ілтипатына, алыстан ат арытып арнайы келгеніне риза болып, алғысымды білдіріп, жылы шырай таныттым.

Жаңа кітаптың әр парақтарына көз жүгіртіп, шола бастадым. Биыл туғанына 90 жыл толатын ағаның келбеті, туған жерге деген толғанысқа толы дүниелері, ауыл табиғаты, еңбек адамдарының таза мінездері ә дегеннен байқалып тұрды. Осы бір ой үстінде отырғанда жаны жайсаң ағамен талай тұз-дәмдес болған сәттер, редакция жігіттерімен келген бойдағы әзіл-қалжыңдары күні бүгінгідей елестей берді. Өмір-өзен секілді, ағысын тоқтатпайды. Әлбетте, өсер елдің өнер ұрпағы тұрғанда аға есімі әр жүректе сақталады. Кітап беттеріндегі тараулардың бетін ашқан сайын жомарт жүректі жан ортамызға оралғандай болды.

Ауылдан түлеп ұшқан айтқыр Қалтай, ақын Әбдірәш Жәмішев, сонан соң журналист Сұлтан Қожаниязов туралы естеліктер, арнау өлеңдер ұстаз ағаның поэзия әлеміне қарай ой тербеткен шумақтарын қайталап оқуға бел буасың. Ақын Асқар, Фаризаға деген ынтызар жүрек тебіренісі, ауыл азаматы Аппаз Кәмішевке арналған өлең­дері жомарт жер құ­­діретін диқандар ко­ман­дирінің сөзімен шы­найы баяндағандай. Ту­ған жиені Шолпан Ай­­дарованың «Нағашым Бай­назар көкеме» атты толғауы азамат бейнесін одан әрі айшықты суреттейді. Ауыл ақыны Қанат Әбілқасымовтың «Өмірден өтті мәрт адам» атты толғауында жомарт жүректі Байназар ағаның бүкіл болмысы қаз-қалпында баяндалып тұрғандай. Жергілікті ақын Мұхтар, ғалым Қазыбайдың лебіздері жүрекке жылы сезім ұялатады.

Әдемі көркемделген, ой орамдары терең толғанысқа толы «Ізгіден қалған із» атты кітаптың сәтті шыға­рылғанына тағы бір сүйсіне отырып, Күлзәбираға бас­пасөз арқылы арнайы лебіз біл­діруді парыз тұттым. Байназар аға қа­­та­ры­мызға қайта оралғандай болды. Кітап – ауыл кітапханаларының сө­ре­сі­не қарай жол тартса, жақсы болар еді…

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі