Израильдің Газа секторына жасаған әуе шабуылынан 46 палестиналық қаза тапты

242

0

Фото: Quds News Network

Израиль әуе күштері Газа секторына әлі соққы беріп жатыр. Бейсенбі күнгі соңғы жарылыс салдарынан Нусейрат босқындар лагерінде 33 адам қаза тапты, тағы 13 палестиналық анклавтың оңтүстігінде гуманитарлық көмек алып бара жатқан кезде мерт болды.

Палестина билігінің хабарлауынша, бейсенбі күнгі шабуыл қоныс аударған палестиналық отбасылар пана қылған Нусейрат босқындар лагеріндегі пошта бөлімшесіне бағытталған. Соққы салдарынан жақын маңдағы үйлер де қирады.

Салдарынан 33 адам қаза тауып, тағы 50 адам жараланды. Қайтыс болғандардың көбі бір отбасының мүшелері екені хабарланды. Газа секторының БАҚ-пен байланыс кеңсесі қаза тапқандардың көпшілігі аш-Шейх Әлидің отбасы мүшелері екенін атап өтті.

Нусейрат – 1948 жылғы соғыстан кейін палестиналық босқындарға арналған Газа секторындағы сегіз тарихи лагерьдің бірі. Бүгінде бұл анклавтың әр түкпірінен қоныс аударған адамдар шоғырланған, тығыз қоныстанған қалалық аймақтың бөлігі.

Израиль әскерилері соққылардың гуманитарлық көмектің жеткізілуіне кедергі келтіруге тырысқан ХАМАС содырларына бағытталғанын айтты.

Әскерилердің айтуынша, бұл әрекет Газа азаматтарына арналған жүктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болды, ал ХАМАС оны жеткізуге кедергі келтірді деп айыпталған.

Қарулы топтар бірнеше рет жүк көліктерін басып алған, ал ХАМАС оларға қарсы тұру үшін арнайы топ құрған. ХАМАС дереккөздерінің хабарлауынша, ХАМАС басқаратын күштер соңғы айларда банданың жиырмадан астам мүшесін өлтірді.

Осыған дейін Amnesty International Израильді Газа секторында геноцид жасады деп айыптағанын жаздық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<