Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин, Мархабат Жайымбетов және «Хуанрань Медикал» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, «Майжике Инвестмент менеджмент» компаниясының басқарма төрағасы Лю Бо, аталған компанияның тең төрағасы Юй Шимао, «Иньцзян Эко-пром» компаниясының басқарма төрағасы Е Вэйумен кездесті. Кездесуге экологиялық мәселелер арқау болды.
Бұл жиынға сондай-ақ жауапты салалардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары, халықаралық сарапшылар мен шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы өңірдің инвестициялық әлеуетіне, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшыларының сарабдал саясаты нәтижесінде қазақ-қытай қарым-қатынасында сенімді экономикалық серіктестік пен табысты мәдени-гуманитарлық байланыстар қалыптасты.
Қытай Халық Республикасы – Қызылорда облысының ең ірі сауда серіктестестерінің бірі. Өңірімізде қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалар мен сирек кездесетін жер элементтерінің қорлары бар. Еліміздегі ваннадий қорының 66%, мырыштың 16%, қорғасынның 11% және уранның 15%-ы Қызылорда облысына тиесілі.
Аймағымыздағы әлеуеті зор 61 инвестициялық жобаның тизерлерін қарастырып, медициналық өнімдер шығаратын өндіріс орнын ашуға шақырамын. Сондай-ақ Қызылорданың құрылыс саласындағы инвестициялық әлеуетін ескеріп, ламинат шығаруға қызығушылық танытудамыз. Облыс әкімдігі қажетті техникалық шарттарды алуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді облыс әкімі.
Басқосуда қоршаған ортаны қалпына келтіру, суды тазарту, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және қайталама шикізат негізінде құрылыс материалдарын өндіру бағытындағы жұмыстар да талқыланды.
Еділ Жаңбыршин қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін және жүйелі бақылауды талап ететінін атап өтті.
Қытайлық компаниялардың өкілдері сөз сөйлеп, қазақстандық кәсіпорындарда инновациялық шешімдер енгізуге, қолданыстағы өндірістерді жаңғыртуға және экологиялық таза технологияларға негізделген жаңа өндірістерді құруға дайын екендіктерін білдірді.
Айта кетейік, 5-6 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесіп, жұмыс кеңесін өткізуде. Іс-шараның мақсаты – экологиялық заңнаманың жекелеген нормаларының орындалу барысын пысықтау, оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу. Кеңесте Қызылорда облысындағы өзекті экологиялық мәселелер қаралуда.
Мәжіліс депутаттары мен шетелдік қонақтар өнеркәсіптік нысандарды, «Өндіріс» индустриялық аймағын, құрылысы қарқын алған газтурбиналық электр станциясын аралап көрді.
«СБ» ақпарат






