Экономикалық мүдде үйлесімі

138

0

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, кеше облыс әкімінің орынбасары А.Зебешев Астана қаласында өткен «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумына қатысты.

Бұл форум Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және одан әрі дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Іс-шара барысында форум қатысушылары ақпараттық технологиялар, көлік-логистика инфрақұрылымы, тау-кен метал­лургиясы және ауыл шаруашылығы секторы секілді стра­тегиялық салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Шара өңірлік әріптестікті бекемдеп, тәжірибе алмасуға және тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асырудың тиімді жолдарын қарастырды.

Сонымен қатар, форум шеңберінде Қызылорда облысының әкімдігі мен инвесторлар арасында жалпы сомасы 10,7 млрд теңгені құрайтын бірқатар стратегиялық жобаларға келісімге қол қойылды. Бұл жобалар «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылмақ.

Келісімге енген жобалардың қатарында су ресурстарын басқару үшін автоматтандырылған қақпалар мен шығын өлшегіштер өндірісі, ауыл шаруашылығы техникасын шығару, кальцийленген силикат тақтайшаларын өндіру және заманауи ауыл шаруашылығы мен мәдени-туристік индустриялық- инновациялық орталық құрылысын салу бар.

Аталған жобалар өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инновациялық технологияларды енгізуге елеулі ықпал етеді.

«Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық форумы өңірлер арасындағы байланыстарды нығайтуға, инвес­тициялық тартымдылықты жоғарылатуға және ортақ эконо­микалық мүдделерді үйлестіруге жаңа серпін беретініне сенім мол.

«СБ» ақпарат