Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаменті өңір тұрғындары мен заңды тұлғаларына ҚР Энергетика министрінің №143 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясын пайдалану қағидаларын сақтау қажеттігін хабарлайды. Бұл нормаларды білу, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» (бұдан әрі – «ҚЭТТК» АҚ) энергия беруші ұйымымен туындайтын мәселелердің алдын алуға және нысандарыңызды сенімді энергиямен жабдықтауға мүмкіндік береді.
Желілерге заңды түрде қалай қосылуға болады?
Электр желісіне қосылу үшін ең алдымен техникалық шарттарды (ТШ) алу қажет. Қағидалардың 12-тармағына сәйкес, жаңа нысандарды қосқанда, қолданыстағы нысандарды реконструкциялағанда немесе тұтынылатын қуатты арттырған жағдайда ТШ «ҚЭТТК» АҚ береді. Техникалық шарттарды беру немесе қайта ресімдеу үшін ақы алынбайтынын есте сақтаған жөн. Техникалық жағынан күрделі емес нысандар үшін құжатты беру мерзімі 5 жұмыс күнінен аспауы тиіс.
Меншік иесі ауысқанда құжаттарды қайта ресімдеу
Егер сіз пәтер немесе үй сатып алсаңыз, қағидалардың 9-тармағына сәйкес, жаңа меншік иесі 10 жұмыс күні ішінде электрмен жабдықтау шартын жасасу үшін «ҚЭТТК» АҚ-на хабарлауға міндетті. Бұл ретте, бұрынғы техникалық шарттар өз күшін сақтайды және қайта ресімдеуді талап етпейді, бұл жаңа иелер үшін процесті едәуір жеңілдетеді. Ал бұрынғы иесі нысанды сатқан жағдайда да есептеуіш көрсеткіштері бойынша толық есеп айырысуы тиіс.
Энергияны есепке алу және аспаптарды тексеру
Тұтынушылар есептеуіштер мен пломбалардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Қағидалардың 2-тармағына сәйкес, «Есепке алу схемасын тексеру» дегеніміз – «ҚЭТТК» АҚ өкілінің тұтынушының қатысуымен аспаптың күйін анықтау үшін жүргізетін тексерісі. Егер сіз энергия беруші ұйымның талаптарымен келіспесеңіз, қағидалардың 18-тармағы сізге энергетикалық сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сараптамалық ұйымға жүгінуге құқық береді.
Жауапкершілік шекарасы
Жиі туындайтын даулардың бірі: зақымдалған кабельді немесе желіні кім жөндеуі керек? Жауабы теңгерімдік тиістілікті бөлу актісінде айқындалады. Бұл – желінің бөліну нүктесі, оның мазмұны мен техникалық жағдайына тараптар өз бетінше жауапты. Осы нүктеден кейінгі тұтынушы жақ беттегі барлық желілер мен жабдықтар меншік иесінің өз жауапкершілігінде, яғни тұтынушының өзі немесе ол жалдаған мамандар қызмет көрсетеді.
Кернеу беру
Техникалық шарттар бойынша барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін тұтынушы «ҚЭТТК» АҚ-на дайындығы туралы хабарлама жібереді. Ұйым мамандары 3 жұмыс күні ішінде (қарапайым нысандар үшін) сыртқы қосылуды тексеруге міндетті. Егер кемшіліктер анықталған жағдайда, бұл туралы акт 2 күн ішінде беріледі. Еске сала кету керек, электр энергиясын беру тек коммерциялық есепке алу жүйесін қабылдау актісі болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаменті






