Электр энергиясыз әлем не болар еді?

2384

0

Әлемдегі өндірілетін барлық электр энергиясы кенеттен жоғалып кетті делік. Елестетіп көріңіз. Найзағай, басқа да барлық табиғи электромагниттік құбылыстар сол қалпында қалғанымен, біз өнімін тұтынатын электр станцияларынан бастап, шағын батареяларға дейін жойылып кетсе не болар еді?

Қазір адамзаттың электр энергиясына тәуелділігі сонша, бір күннің ішінде жарық пен коммуникацияның барлық түрлері, көлік атаулы тоқтар еді. Сонымен бірге байланыс, интернет желісі жоғалады. Келесі күні барлығы дүниежүзілік банк жүйесінің күйрегеніне көз жеткізеді. Өйткені әлемдегі барлық ақша айналымы электр қуатымен жұмыс істейтін ақпараттық технологияларға тәуелді.

Әлемдегі барлық компьютерлерде сақталған нақты және архивтелген құнды деректер, әскери құпиялар мен соңғы өзекті ақпараттар жойылады. Тұрмыстық техника әп-сәтте керексіз қоқысқа айналады. Төлем түрлерінің барлығын жасау мүмкін емес болады. Медициналық құрал-жабдықтар жұмыс істемей қалған соң, дүние жүзіндегі барлық дәрігер қызметін тоқтатады.

Көп ұзамай халық шоғырланған жерлерде қылмыс өршіп, дүкендердің барлығы тоналады. Билік жағдайды бақылауда ұстай алмай, қалалар қаңырап бос қалады. Адамдар ауылдық жерлерге көшеді. Сіріңке, оттық, керосин шамдары, пештер, отын мен көмір ең қымбат ресурсқа айналып, тіпті солар үшін талас басталады.

Қазіргі мағынасындағы мемлекет, шекара ұғымы мүлдем жойылып, оның орнына басқа критерийлер бойынша бірігу басталады. Ең маңызды критерий өзара тиімді ресурстар алмасу болмақ. Адамдардың жылы аймақтарға жаппай көші-қоны басталады.

Осылайша, бүгінде біз үшін ауа жұту сияқты қалыпты нәрсеге айналған электр энергиясы лезде жоғалып кетсе, өркениеттің дамуы күрт төмендеп, кем дегенде 500 жыл бұрынғы деңгейіне түседі екен. Мұнай қаншалықты құнды, маңызы жоғары болса да, электр энергиясынсыз адамзат тарихи прогресті қайта бастауға мәжбүр болар еді.

Мұны айтпағанда, адам ағзасындағы энергияны жоғалту депрессияға бастайды. Жалпы алғанда, оның сарқылуы адамның физикалық және эмоционалдық денсаулығына теріс әсер етеді, өмір сапасын нашарлатады.

Қазір адамдар электр қуатының әлдеқайда маңызды екенін ерекше сезіне бастады. Соның бір айғағы – бүгінгі Халықаралық энергия үнемдеу күні. Бұл күнді бекіту туралы шешім 2008 жылы сәуірде Қазақстанда өткен SPARE үйлестірушілерінің халықаралық кеңесінде қабылданған. Ал 2008 жылдың қарашасында әлемде бірінші рет Энергия үнемдеу күні атап өтілді.

Аталған күн халықаралық мәртебеге ие. Бұл жобаға қатысуға шамамен 20-ға жуық ел ниет білдірген. Негізгі мақсаты – ресурстар мен энергия көздерін тиімді пайдалану үшін билік пен қоғамның назарын аударту.

Әлемдік экономика мен халық санының өсуіне байланысты энергияға деген қажеттілік артып отыр. Мысалы, кейінгі ширек ғасырда жалпыәлемдік оны тұтыну 56%-ке артқан. Қазіргі уақытта энергия тиімділігі – әлемдік экономиканың басты тренді, ол экономиканы технологиялық дамытудың, жаңғыртудың және әртараптандырудың барлық аспектілерін, ең бастысы, экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігінің өсуін қамтиды.

«Жасыл экономикаға» жүйелі көшудегі басты ұстаным – энергия тиімділігі. Қазіргі уақытта ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығының көрсеткіші бойынша Қазақстан неғұрлым жоғары көрсеткішке ие елдердің қатарында. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында Қазақстан ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2025 жылға қарай кемінде 25%-ке төмендетуі жөніндегі міндет айқындалған.

Қазіргі уақытта еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – энергия үнемдеу және тиімділігін арттыру. Бұл сала әлемдік энергия тұтынудың өсуі және «жасыл экономикаға» көшу қажеттілігі жағдайында басым бағыттардың бірі болып қала береді.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<