Қазіргі заманда электр энергиясы – өркениеттің жүрегі. Біз күнделікті қолданатын жарық, тұрмыстық техника, өндірістік құрал-жабдықтар, байланыс жүйелері барлығы электр қуатына тәуелді. Онсыз өмір сүруді елестету мүмкін емес.
Энергетика әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш, экономиканың алтын өзегі, локомотиві және негізгі діңгегі болып саналады. Бүгінде аймақ экономикасының барлық саласының дамуында оң тенденция қалыптасқан. Өңір негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орында.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шарушылық саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Биыл салаға 100 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, республикалық бюджеттен 23,7 млрд теңге, облыстық бюджеттен 44,6 млрд теңге, «Самұрық Қазына» АҚ-нан 8,5 млрд теңге, арнайы мемлекеттік қордан 23,2 млрд теңге.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаиннің айтуынша, өңірде 10504 шақырым электр желісі мен кернеулік, әртүрлі 2018 қосалқы станция бар. Биыл электр желілері мен қондырғыларды жаңғыртуға бағытталған 12 жобаға 6 млрд теңге бөлініп, 3,1 млрд теңгеге 280 шақырым электр желісін және 2,9 млрд теңгеге 87 дана қосалқы станция қайта жаңғыртылды.
«Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы аясында 532,6 млн теңгеге 40,2 шақырым әуе желісі жаңартылды.
«Көгілдір отын» тұтынатындар көбейді
Расын айту керек, қазір отын мен көмірдің қамын ойлап бас қатырмайтын, ыс пен күлдің азабынан құтылған сан мың отбасының тұрмысы жаңа сипат алды. Оған дәлел облыс аумағындағы 4 қаланың барлығы 100 пайыз газдандырылған, 222 ауылдың 54-і газға қосылған. Кейінгі уақытта елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Басқарма басшысының айтуынша, биылға барлығы 17,2 млрд теңге қаржы бөлінген.
– Жыл басынан бері 8 елді мекен газға қосылып, 16 мыңнан астам тұрғын табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Оның ішінде Шижаға, Ортақшыл, Баймұрат, Талдыарал, Ақтан батыр, Н.Ілиясов, Шаған, Дүр Оңғар ауылдарын айтуға болады. Жыл соңына дейін табиғи газға қосылған елді мекен саны 55-ке, газдандыру деңгейі 83 пайызға жетеді, – деді М.Усаин.
100 пайыздық межеге жетеміз
Өткен жылы облыс халқын орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамту 98,6 пайыз болды. Ауызсу жетпеген 11 ауыл бар еді. Осы ауылдарға 16,5 млрд теңге қаржы бағытталды. Арал ауданы Ақбасты, Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендерін топтық су құбырына қосу және Қазалы ауданы Шәкен, Шитүбек, Сарбұлақ, Шилі елді мекендерінде ішкі су жүйелерін салу жобалары аяқталып, сапалы ауызсу берілді.
Қазір Арал ауданы Тоқабай және Абай елді мекендерін ауызсумен қамту жобасы аяқталуға жақын. Бүгінде магистральдық және ауылішілік су желілерінің құрылысы толық аяқталып, насос станциясы құрылғылары орнатылып жатыр. Тоқабай елді мекеніне тесттік режимде су берілген. Жыл соңында дейін облыс халқы орталықтандырылған ауызсумен 100% қамтылады.
88 мегаватт электр энергиясы өндіріліп жатыр
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда қаласында 240 мегаватт электр энергиясы мен 277 гигакалория жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығы салынуда.
Жобаның жалпы құны 215 млрд теңге, инвестор «Aksa Energy» түрік компаниясы. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған ең ауқымды жобалардың бірі. Жаңа орталық өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтып, бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде 2 газ турбиналық қондырғы (General Electric, АҚШ), 95 мегаваттық бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), 2 бу қазандығы (AC BOILERS, Италия) мен 4 жылу қазандығы (Mimsan, Түркия) жеткізіліп, толығымен орнатылды.
Бүгінде инвестор жылу орталығын тесттік режимде іске қосып, 88 мегаватт электр энергиясын өндіру қуатын пайдалануға берді. Жыл соңына дейін қосымша 88 мегаватт қосылып, 176 мегаваттқа жетеді деп күтілуде. Келесі жылы бу турбинасы іске қосылып, қосымша 95 мегаватт электр энергиясын өндіреді.
Жаңа энергетикалық қуат іске қосылады
Электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы Қызылорда қаласында 800 млрд теңгенің қуаттылығы 1100 мегаваттық жаңа бу-газ қондырғысын салуды жоспарлаған. Жоба аясында «Қызылорда-Жезқазған» және «Қызылорда-Шымкент» 500 кВ жоғары қуатты электр желілері жүргізіледі. Шамамен 220 млрд теңге инвестиция тартылады.
Облыста электр энергиясын тұрақты беретін, жиынтық қуаты 88 мегаваттық 3 күн-электр станциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар, 120 мегаваттық тағы 3 күн-электр станциясының жобасы жүзеге асырылуда.
Екі кезеңде іске асқан жоба
Ыстық су облыс тұрғындарының ең өзекті мәселелерінің бірі еді. Бүгінде тұрғындар ыстық сумен қамтылуда.
Мемлекет басшысы 2023 жылы өңірге жұмыс сапары кезінде Қызылорда қаласына ыстық су беру мәселесін шешуді тапсырды. Осыған орай 423 тұрғын үйге жоба әзірленді. Жоба 2 кезеңде іске асырылуда.
Бірінші кезеңде өткен жылы 186 үйге Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлініп, тұрғын үйлер ыстық суға қосылды.
Екінші кезеңде биыл 237 тұрғын үйге ыстық су тарту үшін 15,2 млрд теңге бөлініп, бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып қалды.
Энергетика және инфрақұрылым саласы үшін межесіне таяған жыл тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын арттыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында нәтижелі болды. Алдағы уақытта да басқарма өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жалғастыра бермек.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





