Жүйке жүйесінің патологиясын анықтау әдістерінің бірі – электронейромиография. Бұл зерттеу әдісі Қызылорда қаласындағы «Alexey Sultan-Akhmet» емханасында жүргізілуде. Ол МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарға қолжетімді.
Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің тұрғыны Қаныгүл Керім құлағаннан кейін омыртқасын жарақаттаған. 65 жастағы науқастың сонымен бірге омыртқасында грыжа бар, аяғы ауырады. Диагнозды нақтылау үшін ол облыс орталығына ЭНМГ-ға тексеруге жіберілді.
– Диспансерлік есепте тұрмын. Омыртқам мен аяғым ауырады, сондықтан қозғалу өте қиын. Аудандық емхана мені ЭНМГ-ға жіберді. ЭНМГ-дан тегін өту мүмкіндігі үшін алғыс айтамын, – дейді ол .
Электронейромиография – перефериялық жүйке жүйесі мен бұлшықеттердің функционалдық жағдайын зерттеу әдісі. Тексеру кезінде төмен қарқынды электр импульстары беріледі және жауаптар жазылады. Егер аяқ-қолда ауырсыну, жансыздану немесе әлсіздік болса ЭНМГ себептерін анықтауға көмектесуі мүмкін.
– ЭНМГ көмегімен ауырсынудың себептерін ерте кезеңде анықтауға және нақты табуға болады. Бұл пациентті бірқатар асқынулардан құтқарады. Мысалы, қант диабетіндегі перифериялық нервтердің зақымдануы, плексопатия, радикулит, протрузия және тағы басқа. Әрине, МӘМС аясында аталған тексеру жеңілдікті санаттағы азаматтарға үлкен көмек, – деп атап өтті «Alexey sultan-Akhmet» ЖШС емханасының невропатолог дәрігері Наурызбек Қасымбеков.
Емханада ай сайын 50-ге жуық пациент ЭНМГ зерттеуден өтеді. Медициналық қызметтің құны – 7 мың теңге. Жоғарыда айтып өткеніміздей, МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар үшін тегін.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<