Эпидахуал тұрақты, бірақ нені ескеру керек?

116

0

Эпидемиологиялық маусым басталған 1 қазаннан бері өңірде жедел респираторлы-вирусты инфекцияның (ЖРВИ) 16 786 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен шамалас. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жауапты сала мен емдеу ұйымдарының басшылары көпшілікті алаңдатқан ахуал бойынша брифинг өткізді.

Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының мә­лі­­ме­тіне сүйенсек, нау­қас­­тар­дың 63,1 пайызы – ба­лалар. Ауруға шалдық­қан­­дардың 5 пайызы ауру­ханаға жатқы­зылған. Халық­ты статисти­кадан бұрын ау­рудың сипа­тын өзгерткені қатты алаң­датып отыр.

– А типті (H3N2) тұмау немесе Гонконг тұмауы – жаңа вирус емес, маусымдық тұмаудың жыл сайын қайта­ланатын әрі бұрыннан бел­гілі түрі. Дегенмен, ол ха­лықтың әлсіз топтары үшін қауіпті. Адамдар арасында тез таралуымен, аурудың ауыр ағымда өтуімен ерек­шеленеді. Бастапқы меди­ци­налық-санитариялық кө­­мек көрсету ұйымдарында 124 сүзгі кабинеті, ішек ин­фек­ция­­сының алдын алу үшін 52 ПОР кабинеті, білім беру ұйым­дарында тер­мо­метрия, ЖРВИ бел­гі­лері бар оқушыларды оқ­шау­­лау қолға алынды. Емха­на­­лар­дағы мо­бильді бригада қыз­меті түнгі сағат 12-ге дейін ұзар­тылып, жедел меди­циналық жәр­дем брига­даларының саны 75-тен 81-ге көбейді. 200 төсекке ар­налған қайта жаңғыртудан өткен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы қосымша 100 төсек-орынға кеңейтілді. Ал көпбейінді облыстық балалар ауруханасында жос­парлы емге қабылдайтын бөлімшелер жұмысы уақыт­ша тоқтатылып, пульмонология бө­лімшесі 80 төсекке ұлғайды. Қа­жетті қорғаныш құралдары мен дәрілік препараттар қоры жет­кілікті, – деді басқарма басшы­сының орынбасары Мая Мырзанова.

Эпидмаусымда жедел жәр­­дем телефонына тыным жоқ. Об­лыстық жедел жәр­дем стан­сасының мәлі­метіне сүйенсек, 10 қараша күні 103 желісіне 2591 қо­ңырау түскен. Соның 55,2 пайызында бала ауырған. 439 науқас ауруханаға жет­кізілсе, соның 60 пайызы жатып ем ала бастады.

– Аурудың өршуі себепті 103 нөміріне тәулігіне 2500-2600 ша­қыру түсетін болды. Сон­дықтан мобильді топ­тардың жұмыс уақы­тын кешкі сағат 8-ден түнгі сағат 12-ге дейін ұзарттық. 103 нөміріне аға дәрігерлер тарапынан ЖРВИ мен тұмау кезінде кеңес беру функциясын қостық. Ол арқылы тұрғындар қандай ем-дом жасауға болатынын сұ­рап біле алады. Тұрғындардың жиі жүгінуінен жедел жәр­дем кө­лігінің кешігу жағ­дайлары да кездеседі, – дейді станса бас дә­рі­герінің орынбасары Ғалия Нұр­сейітова.

Ол тұрғындар арасында түсі­ніспеушілік тудырған жедел жәр­демнің неге ек­пе, литикалық қос­па салмай­тыны туралы сұраққа жауап берді. Айтуынша, хат­тама бойынша оның ор­нына нес­те­роид­ты препарат­тар қол­данумен шектеледі. Мамандар осы орайда халықты дүр­белеңге түспеуге, ги­гие­­налық талаптарды қатаң сақ­тап, дәрігер кеңесін орын­дау­ға, аурудың алғашқы бел­гілері байқалған жағ­дай­да уақытылы медици­налық көмекке жүгінуге шақырды.

Облыстық жұқпалы ау­ру­лар ауруханасында осы күні емделіп жатқан­дар­дың 66,8%-ы – ЖРВИ жұқ­тырғандар. Тіпті бір үй­ден 4-5 бала жаппай ау­ру жұқтырып, бірге ем қа­былдап жатқандар бар. Жүк­теменің көбеюінен қабылдау бөлімінің өзінде 3 бригада тәулік бойы жұмыс істеуге көшті. Емдеу ұйымында са­нитарлық індетке қар­сы режим заңға сәйкес толы­ғы­мен атқарылуда. Оған қа­жетті дезинфектанттар, ан­тисептиктер, жеке қоға­ныш құралдар қоры жет­кі­лікті. Вирусқа қарсы осель­тами­вир қоры, капсула, бір­рет­­тік медициналық маска, симп­­томатикалық, де­зин­ток­­сика­циялық, антибак­те­риалды дәрілік препарат­тар қоры қажетінше жасақ­тал­ған.

– Індеттің алдын алу мақ­са­тында ересектер мен балаларды барынша көпшілік жерге бар­мау­ға, барған күн­де де бетперде кию, антисептик қолдану сияқ­ты же­ке бастың сақтық шарала­­рын қатаң түрде сақтауға, құ­нар­лы тамақтану, шынығу ар­қы­лы иммунитетті кү­шей­туге, мақ­сат­ты топ өкілдерін тұмауға қар­сы вакцина алу­ға шақырамыз. Үй­де ауы­­рып қалған жағдайда өз бетіңiзше емделмей, меди­ци­на­лық көмекке жүгі­ніңіз­дер, – дейді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Әлиева.

Брифингте облыс­тық са­нитар­лық-эпидемио­логия­лық бақылау департаменті басшысының орын­басары Әлия Әбдіқайымова ЖРВИ-мен сырқаттанудың ауыр ағымындағы 239 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тек­серіліп, нәтижесінде зерт­ха­налық жолмен A типті (H3N2) 35 тұмау ауруы анық­талғанын атап өтті.

– Тұмаудың алдын алу мақса­тында эпидмаусымға жергілікті бюджет есебінен 85006 доза вак­цина сатып алынып, бүгінгі күні 84 мыңға жуық азаматқа тұ­мауға қарсы вакцина салынды. Тұмаудан бөлек, бұл санатқа жатпайтын вирус­тарды анықтау мақсатында 202 сынама зерттеумен қам­тылды. Нәтижесімен бұл са­натқа кірмейтін 7 вирус анықталды, – деді ол.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»