Аймаққа республикалық бюджет есебінен 6 мыңнан астам ветеринариялық препарат кезең-кезеңімен әкелініп жатыр. Нақты кезеңде оның 4 мыңға жуық дозасы келді. Қазір эпизоотиялық ауруларға қарсы екпе егу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов мәлімдеді.
Өткен жылы тіркелген жоғары патогенді құс тұмауы ауруының алдын-алуға қажетті ветеринариялық дәрі-дәрмектер де бөлініп отыр.
– Былтыр еліміздің кейбір аймақтарында жоғары патогенді құс тұмауы ауруы тіркелуіне байланысты іс-шаралар жоспары бекітіліп, соған сәйкес облыста да жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда 67,5 мың үй құсына екпе егу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса, биыл бруцеллез ауруына қарсы 125,5 мың бас ірі қара, 77,4 мың бас уақ мал диагностикалық тексеруден өтті. Нәтижесінде 9 бас ірі қара, 20 бас уақ малдан ауру анықталды. Барлығы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес сойылды. Айта кететін жайт, бруцеллез аурына шалдығып, сойылған малдың иелеріне өтемақы төленеді, – деді ол.
Брифингте басқарма басшысы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге қажетті жұмыстардың жүргізіліп жатқанына да тоқталды. Қазіргі күні дерекқор жүйесіне 362,9 мың бас ірі қара, 723,4 мың бас уақ мал, 170,1 мың бас жылқы, 51,9 мың бас түйе және 1,4 мың бас шошқа тіркелген.
Айта кетейік, әртүрлі жұқпалы және паразитарлық аурулардың алдын алу мақсатында 6714 бас қаңғыбас ит пен жабайы мысық ауланып, жойылды. Жалпы, нақты кезеңде облыста эпизоотиялық ахуал тұрақты.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<