Кәсібінің көкжиегін кеңейткендер

183

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өткен жылы әлеуметтік жағынан осал топтағы 520 қызылордалық «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Соның басым бөлігі арманындағы кәсібін мемлекет қолдауының арқасында жүзеге асырып келеді. Жергілікті ақпарат құралдарының өкілдері жуырда өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында жұмысын жолға қойған бірқатар кәсіпкердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Қайтарымсыз грантқа ие бол­ғандардың бірі – мүмкіндігі шек­теулі бала тәрбиелеп отырған Жа­нар Прекеева. Ол былтыр «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіп­керлік негіздерін меңгеріп, мемле­кеттің қаржылай қол­дауына ие болған. Былтыр «Мансап» орталы­ғымен келісім негізінде жұмыс­сыз азаматтарды оқытып, оларды өзінің тігін цехына орналастырды.

Жанар 17 жылға жуық уақыт білім саласында еңбек еткен. Еңбек жолын бизнеске бұрғанына еш өкін­бейді. Мұны кездейсоқ таңдау деуге келмейді.

– 2017 жылы мұғалімдер білім жетілдіру мақсатында Англияға бар­дық. Сол сапар өмірімді өзгертті десем болады. Содан бастап менде «қазақтың қолөнерін неге шетелде танытпасқа?!» деген ой туды. Өзім балаларды тігін­шілікке оқыт­қанмын, қолымнан келетін іс. Елге келгесін ештеңеге қарамастан ойымды іске асыруға кірісіп кеттім, – деді ол.

Негізі, тігін цехының жұмысы 8 жыл бұрын басталған. Қазір мұнда 15-тен астам адам жұмыс істеп жатыр. Олар қыз жасауын ғана емес, ұлттық үлгідегі көрпе-жастық­тар мен сәнді жиынтықтарды да тіге­ді. Қай бұйымның да дизайнын Жа­нар өзі сызады әрі әрбір ұсақ-тү­йе­гіне дейін мән береді. Осындай экс­клюзив дүниелерге еліміздің батыс өңірінен, тіпті алыс-жақын шетелдерден тапсырыс бретін­дер жетерлік. Өзге мемлекеттерде тұ­ратын қандастарымыз кә­десый­дан бастап көрпе-жастыққа дейін алды­рады. Кәсіпкер шетелде қолөнер жұмысы жоғары бағалана­тынын айтты.

Ал қала тұрғыны Гүлфира Ша­маханова тұтынушыларын тәтті­лер­мен қуантып келеді. Ол қызы­ғу­шылықпен басталған іс кейін күн­делікті кәсібіне айналатынын сезбеген де.

– Сүйікті ісіңді табыс көзіне айналдыра білу адамға ерекше шабыт сыйлайды екен. Осы мақсатта екі жыл бұрын кондитерлік қабілетімді да­­мытпақ болып мемлекеттен қай­та­рым­сыз грант иелендім. Ол қар­жыға қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Бүгінде кондитерлік кәсібім бір­тіндеп дамып келеді. Тұрақты тұты­ну­шыларым бар, ме­рекелік торттар мен тәттілерге сұ­раныс толастаған емес, – деді жеке кәсіпкер.

Кезекті кейіпкеріміз көпбалалы ана Әсем Әлімова да – хоббиін биз­неске бағыттағандардың бірі. Ол «Аква әлем» жобасын қолға алып, көздің жауын аларлық балық түр­лерін өсіріп отыр.

– Біз аквариум жасап, балық­тарды көбейтуге көңіл бөлеміз. Аквариумды қолдан кесіп, силикон арқылы жабыстырамыз. Ал су маржандарын Тайланд пен Индонезиядан алдырамыз. Бүгінде бізде балықтың 30-ға жуық түрі бар. Олардың күтімі бөлек. Біздің өңірде бұл таңсық іске сұраныс жоғары, басқа жақтан да тапсырыс беретіндер бар, – деді ол.

Кәсіпкерлік саласын дамыту мақ­сатында әлеуметтік қорғауға мұқ­таж азаматтарды қолдау үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар беру жалғасады. Биыл «Мансап» орталығы арқылы ша­ғын бизнесін ашуға ниетті 476 қызыл­ордалыққа грант беру жоспарланып отыр.

– Ол 400 айлық есептік көрсет­кіш көлемінде. Қайтарымсыз қар­жы­ны көп­балалы аналар, ерекше қажеттілігі бар бала асыраушы, атау­лы әлеуметтік көмек алушы, мүм­кіндігі шектеулі адамдар, қан­дастар ала алады. Биыл сәуір, мамыр айларында комиссия отырысы өтпек, – деді Қызылорда қалалық «Мансап» орталығы филиалының директоры Жақсылық Төлегенов.

Өкінішке қарай, бюджет қаража­тын орынсыз жұмсайтындар да та­бы­­лады. Мысалы, өткен жылы 97 адам­ның грантты мақсатсыз пай­даланғаны анықталды. Сөйтіп, сот шешімімен олар алған сомасын мемлекет бюдже­тіне қайтаруға мін­деттелді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<