Кәсіподақтар тарихы елімізде сонау 1905 жылдан бастау алады. Биыл Қазақстан кәсіподақтары қозғалысына 120 жыл толып отыр. Бұл – еңбек адамын әлеуметтік әділеттілік пен жұмысшы құқығын жолындағы ғасырдан астам уақытқа созылған тарих.
Қазіргі Қарағанды облысы аумағында орналасқан Өспен мыс кеніші жұмысшыларының одағы Қазақстан жеріндегі ең алғашқы кәсіподақ ұйымы болып саналады. Олардың басты мақсаты еңбек жағдайын жақсарту, жалақыны әділ төлеу және жұмысшылардың құқықтарын қорғау болды.
Кеңес дәуірінде Кәсіподақтар миллиондаған жұмысшының әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған ауқымды ұйымға айналды.
Тәуелсіздік жылдарында кәсіподақ қозғалысы күрделі өзгерістерден өтті. Еңбек қатынастары жаңа заңнамалық нормаларға сай реттелді, жұмысшылардың құқығын қорғау жүйесі жаңғыртылды.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы – қатарында 2 миллионға жуық мүшесі бар елдегі ең ауқымды қоғамдық ұйым. Құрылғанына биыл 35 жыл толып отыр. Бұл жылдар ішінде федерация еңбек адамының мүддесін қорғаудың қуатты институтына айналды. ҚРКФ құрылымына 16,5 мың бастауыш кәсіподақ ұйымы, 18 аумақтық кәсіподақ бірлестігі және 24 салалық кәсіподақ кіреді. Ұйым халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының мүшесі және Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі мен түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымын құрудың бастамашысы бола отырып, халықаралық әріптестермен белсенді өзара іс-қимыл жасайды.
2025 жылы 11 шілдеде Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі өтті. Бас кәсіподақ форумының 300 қатысушысының ішінде еліміздің барлық өңірі мен салаларын, әлеуметтік әріптестер мен ҚРКФ шетелдік әріптестер ойын білдіретін делегаттар бар. Біздің облыстан съезге 11 делегат қатысты. Олар әртүрлі саладағы кәсіподақ белсенділері, әйелдер және жастар қатысуы да назарға алынған, бөлінген квота бойынша делегаттар бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан, жастар кеңесінен сайланды.
Жалпы Қызылорда облысы кәсіподақтары қозғалысының 75 жылдық тарихы бар. 1949 жылғы 31 желтоқсан күнгі Қазақстан кәсіпшілер одағы кеңесінің қаулысымен Қызылорда облыстық кәсіподақтар кеңесі құрылған. 1950 жылы 20-21 наурызда Қызылорда облыстық кәсіподақтар конференциясы өтіп, төрағасы болып Мөрәлі Шәменов сайланған. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы шешіміне сәйкес 2014 жылы Қызылорда облыстық кәсіподақтар кеңесінің атауы өзгертіліп, Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы болып құрылған.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, кәсіподақтар қоғамда қозғаушы күш болған және солай қала бермек. Елдегі әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтық үйлесімділікті қамтамасыз етуге ықпалын тигізетін сындарлы, конструктивті күш ретінде анықталады. Негізгі міндеттері – жұмыскерлердің, кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтарын қорғау, мүдделерін білдіруде күш біріктіру, еңбек заңнамаларының сақталуына қоғамдық бақылау жасау, жалақының уақытылы төленуін қадағалау, еңбек жағдайы мен еңбек қауіпсіздігін бақылау, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, еңбек адамының денсаулығына жанашыр болу. Осы басты міндеттер кәсіподақ қозғалысы алғаш пайда болған кезеңде де, қазір де маңызды.
Кәсіподақ ұйымдары ең алдымен еңбеккерлердің құқықтарын қорғап, әділ еңбек қатынастарын қалыптастыруға қызмет етті. Біз әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыттық, ұжымдық шарттар жасасуға ықпал еттік. Жұмыскерлердің еңбекақысын уақытылы алуын, қауіпсіз еңбек жағдайының жасалуын, әлеуметтік кепілдіктердің сақталуын қадағалап келеміз.
Жұмыс тетігі – келісімдер. Негізгі басты құқықтық құралы – кәсіпорындар деңгейіндегі ұжымдық шарт. Бұл – жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің еңбек қатынастарын регламенттейтін келісім. Республикалық деңгейде Үкімет, жұмыс берушілер бірлестіктері және кәсіподақтары бекітетін бас келісім бар, ол 2024-2026 жылдарға бекітілген, салалар бойынша салалық келісімдер, өңірлік деңгейде облыстық келісім жасалып, жүзеге асырылуда.
Қазір бірлестік облыста 12 салалық кәсіподақта 97 мыңнан аса кәсіподақ мүшесін біріктіреді. Кейінгі жылдары өңірде еңбек қатынастары тұрақтылығы бойынша 52 меморандумға қол қойылды, 130-дан астам ұжымдық шарт жаңартылып (барлығы 5923 ұжымдық шарт, бұл 67,7 пайыз), жұмысшыларға қосымша әлеуметтік кепілдіктер бекітілді.
Біз жұмыс орнындағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеміз. Кәсіподақтар бастамасымен өңірдегі кәсіподақ ұйымы бар 736 мекемеде өндірістік кеңестер құрылып, техникалық инспекторларға арналған және еңбек заңнамасы жаңалықтары бойынша оқыту семинарлары өткізілуде.
Әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, үшжақты өңірлік комиссия жұмысы белсенді жүргізілуде. Бұл – жұмыс беруші, мемлекет және кәсіподақ арасындағы тең диалогты қамтамасыз ететін маңызды алаң.
Елімізде биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» жарияланды. Еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам кәсіподақтардың басты қағидаларымен толық үндеседі. Біз өндірістегі барлық салалардағы қарапайым жұмысшыларға қолдау көрсетеміз. Еңбек адамының мәртебесін көтеретін шараларды жүргіземіз.
Биыл өткен съезд аясында кәсіподақтардың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Бұл стратегиялық құжат «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновациялар» деп аталады. Онда мынадай негізгі бағыттар қамтылған:
• Жалақыны әділ есептеу және оның өсуін қамтамасыз ету;
• Еңбек қауіпсіздігін арттыру және өндірістік жарақаттардың алдын алу;
• Ұжымдық шарттар жүйесін нығайту;
• Әлеуметтік диалог пен үшжақты комиссиялардың тиімділігін күшейту;
• Жастар мен әйелдердің кәсіподақ қызметіне белсенді араласуын қолдау;
• Халықаралық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдарымен байланыс орнату.
Біз қазір жаңа стратегияны өңірлік деңгейде жүзеге асыруға кірісудеміз.
2025 жыл – бұл кәсіподақтар қозғалысының жаңа тарихи белесі. Барша әріптестерімізді, кәсіподақ мүшелерін, еңбек адамдарын 10 қазан – Кәсіподақтар күнімен құттықтаймын.
Еңбек адамы – ел дамуының тірегі. Оны қорғау – біздің ортақ міндетіміз!
Мақсұт НӘЛІБАЕВ,
Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы





