«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңы 2-1-тараумен толықтырылды. Онда кассациялық сот жөнінде норма көзделген. Аталған тараудың 16-2-бабына сәйкес, кассациялық соттарды Жоғарғы сот төрағасының Жоғарғы сот Кеңесімен келісіп ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті құрады, қайта ұйымдастырады, атауын өзгертеді және таратады. Кассациялық сот – төмен тұрған соттардың шешімдеріне шағымдарды кассациялық тәртіппен қарайтын Жоғарғы сот сатысы.
Елімізде жаңа кассациялық соттар 2025 жылдан бастап құрылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кассациялық соттардың кадрлық құрамы неғұрлым тәжірибелі судьялар қатарынан құрылуы тиіс.
Судьялар корпусының жауапкершілігіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Яғни, даулы іске төрелік ететін судьялардың әр шешімін сүзгіден өткізетін арнайы орган болмақ.
Кассациялық соттар бүкіл республикалық деңгейде жұмыс істейді. Бұл соттар қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді толық қарайды. Сондай-ақ, бірыңғай кассациялық тәртіп бойынша заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарап, 6 ай мерзім ішінде істерді мәні бойынша үш судья құрамында қарауды қамтитын болады.
Кассациялық сот институтының дамуы, біріншіден, сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге, екіншіден құқықтық дауларды шешуде әділдік пен бейтараптықты нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған.
Кассациялық сот төменгі органдар шығарған сот шешімдерін қадағалайтын және түзететін сот жүйесінің бір түрі. Істерді кассациялық сатыдағы сотта қарау белгілі бір негіздер бойынша ғана мүмкін болады.
Кассациялық соттардың негізгі міндеті – сот актілерін қабылдау кезінде заңдардың дұрыс қолданылуы мен түсіндірулерінің сақталуын қамтамасыз етуі болып табылады. Заң тәжірибесінде маңызды роль атқарады және құқықтық жүйеснің дамуына үлес қосады, сонымен қатар жалпы юрисдикциядағы соттар жүйесінде соңғы шешуші инстанция ретінде әрекет етеді.
Төменгі сатыдағы соттың актісі заңсыз немесе негізсіз деп танылса, кассациялық сатыдағы сот оның күшін жойып, істі жаңадан сот талқылауына жіберуі немесе түпкілікті шешім қабылдауы мүмкін.
Бұл өзгеріс сот жүйесінің дамуы мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына барынша ықпал ететіні сөзсіз.
М.Абилханова,
Қызылорда қалалық сотының судьясы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<