«Келешек мектебі»: Оныншы білім ошағы ашылды

47

0

Фото: Облыс әкімдігі

Кеше Қызылорда қаласындағы СПМК-70 шағын ауданында 1500 орындық «Келешек мектебінің» ашылу рәсімі өтті. Оған ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары қатысты.

Облыс әкімі қала тұрғындарын, ұстаздар мен оқушыларды жаңа мек­тептің ашылуымен құттықтап, жинал­ған жұртшылыққа ізгі тілегін айтты.

– Президентіміз «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала бала­сының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы» деген болатын. Бәсекеге қабілетті, за­манның жаңа шақыртуларына дайын, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет алдындағы стратегиялық маңызды мәселе.

Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен білім са­ласында ауқымды жобалар мен тың бастамалар жүзеге асуда. Айма­ғы­мыздың білім беру саласына соң­ғы үш жылда 812 млрд 245 млн теңге, биыл 346 млрд 800 млн теңге бө­лін­ді. Өткен жылы 31 млрд 800 млн тең­геге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды.

Баршаңызды жаңа мектептің ашы­луымен құттықтаймын! Бұл – жай ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде білім алатын озат оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сый­лау. Жаңа мектеп әрбір оқушының асыл арманын оятатын, биік мақсатқа жетелейтін ізгі орын болсын! Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыздың қатары көбейсін! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қызылорда облысында «Келешек мектеп­тері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп салынды. 2023 жылдан бері 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат бой көтерді. Бұл арқылы өңірдегі үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

Салтанатты шарада білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаз қауымы мен «Келешек мектебін» сапалы етіп салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Дос­бер­генқызы, Парламент Мәжі­лі­сі­нің депутаты Мұрат Абдуламитұлы, мем­лекет және қоғам қайраткері, Қы­зыл­орда облысының құрметті аза­маты Мұрат Бақтиярұлы рәсімге қатысушыларды құттықтап, ізгі тілек білдірді.