Күннің жылынуымен бірге түрлі аурулар да белең алатыны белгілі. Өйткені улы жәндіктер жер бетіне шығып, адамға қауіп тудырады. Кене шағуынан болатын Конго-Қырым қызбасы көктем мен жаз мезгілінде өршиді.
Ауру белгілері кене шаққаннан кейін бір апта ішінде білінеді. Сондықтан қауіптің алдын алудың маңызы зор. Қазіргі кезде алдын алу жұмыстарының кестесі бекітілген. Бұл туралы облыстық санитарлық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлмира Сыздықова, облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Құрманбаев, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағанбетов, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Әлиева хабарлады.
– Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Жыл сайын осы ауруға шалдығу дерегі тіркеліп отырады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алудағы тиімді шаралардың бірі – кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары. Жыл сайын қаржы бөлініп, қолайсыз елді мекендерде кенеге қарсы өңдеу шаралары екі кезеңде жүзеге асырылады. Былтыр 115 елді мекен қолайсыз деп танылған болатын, биыл олардың саны – 111. Көктемгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстары биыл 9 сәуірден басталады. Алғашқы болып Шиелі, Жаңақорған аудандарында жүргізіледі. 92 елді мекенде 6600 кене жиналды. Біздің тараптан зерделеу жұмыстары әлі де жалғаса береді, – деді Гүлмира Жамбылқызы.
Брифинг барысында жауапты сала мамандары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы кең таралған елді мекендерді айтты. Оған қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар да жетерлік.
– Аудандар бойынша айтсақ, Аралда 19, Қазалыда 17, Қармақшыда 16, Жалағашта 8, Сырдарияда 12, Жаңақорғанда 13, Шиеліде 18, Қызылорда қаласында 8 елді мекен есепке алынды. Бұл – кенеден қауіп көп деген сөз. Біздің климаттық жағдайымыз олардың өмір сүруіне өте қолайлы болып есептеледі. Әсіресе далалық аймақта жұмыс істейтін адамдар үшін ауру жұқтыру қаупі арта түседі. Бұл ретте сақтық шараларының қатаң орындалуы аса маңызды, – деді Марат Ердәулетұлы.
– Биыл облыс аумағындағы мал тоғыту ванналарының көктемгі эпидмаусымға дайындығы бойынша тиісті зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша 85 мал тоғыту ваннасы бар. Дәріленген суды ваннаға құйып, уақ малды тоғытып болған соң насоспен тартып тастамаса өрістен қайтқан мал оны ішіп уланып қалуы мүмкін. Тартқан су жерге сіңбесе мал ішеді. Былтыр 22540 бас уақ мал тоғытылды. Кенеге қарсы ветпрепараттармен егу эктопаразиттермен қоса эндопаразиттерді де жойып, алдын алады. Малды тоғытқанға қарағанда ветпрепараттармен егу әлдеқайда тиімді екенін айта кету қажет. Былтыр кенеге қарсы ветеринариялық препараттар ивен, ивермек, ивермектинмен, т.б 159,2 мың бас мал алдын ала, осы жылдың 3 айында 44 мың бас егілді, – деді Әнуарбек Шәкіратұлы.
Айта кету керек, былтыр Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болды. Ауруға күдікті 18 жағдай тіркеліп, оның 9-ы клиникалық, эпидемиологиялық және зертханалық жолмен расталған. Жыл басынан бері 2 ай ішінде 23 адам кене шағып, медициналық көмекке жүгінген.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





