Кең пейіл, кемел ойдың иесі еді

209

0

…Адам жанына әсер ететін екі түрлі нұр болады екен. Оның бірі – Күннің нұры болса, екіншісі – сөздің нұры дейді. Шынында, әрдайым айналасына мейірім шуағын төгіп, жарқын көңілімен, жылы сөзімен  кез келген адамды өзіне баурап алатын кең пейіл жандар болады. Ол адамдар өмірден өткенімен, келісті келбеті, кемел болмысы көпке дейін көңілден көшпейді. Сондай тумысы бөлек, тұлғасы ерек жанның бірі Кенжеғара Сүлейменов ағамыз еді.

Ол кісіні Жалағаштың жалпақ жұрты түгел таниды десек, артық айтпаған болар едік. Иә, өйткені ат жалын ұстаған албырт шағынан бастап ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Оның ішінде жауапкершілігі зіл батпан идеология саласының иірімінде әбден шыңдалып, қай кезеңде, қай қоғамда болсын, халықтың мүддесі үшін қызмет етті.

Кешегі кеңестік кезеңде жастар тәрбиесі бірнеше сатыдан тұратын. Соның жоғарғы сатысы – комсомол ұйымы. Осы ұйымда еңбек еткен азаматтар қоғамда ықпалы бар саяси тұлғаға айналды. Өйткені бұл ұйымның алдына қойылған мақсат-міндеттері өте ауқымды еді. Ең бастысы, елдің идеологиялық саясатын жүзеге асыруда белсенді қызмет атқарды. Ақиқатқа жүгінсек, қазіргі ел ағаларының бәрі де осы сатыдан өткен. Кейіпкеріміз Кенжеғара Сүлейменов те алғашқы еңбек жолын комсомол ұйымының жетекшісі болып бастады.

Ол – Жалағаш ауданына қарасты Бұқарбай батыр ауылының тумасы. Келісті келбет, кең пейіл дарытқан да киелі туған жерінің топырағы болар, сірә?! «Ата көрген оқ жонар» дегендей, ауыл баласы жастайынан үлкеннің сөзін үлгі тұтып, кішіге қамқорлық танытып, ес білгеннен еңбекке араласты. Азамат болған кезінен алдына мақсат қоя білді. Жоғары білім алып, білікті маман болуға ұмтылды. Осылайша облыс орталығындағы педагогикалық институтқа оқуға түсті. Одан кейін Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетінде оқып, арнайы мамандық алды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жас маманның алғашқы еңбек жолы жастар саясатынан бастау алды. Осы салада он жылдан астам қызмет ете жүріп, көкірегіне мол тәжірибе түйді. Нақтырақ айтсақ, 1972-1981 жылдар аралығында аудандық комсомол комитетінің екінші, одан кейін бірінші хатшысы болып қызмет атқарса, 1981-1986 жылдары Ақсу ауылдық партия комитетінің хатшысы болды.

Елге қызмет етуде ең басты талап – қарапайым адами қарым-қатынас. Ауылдағы үлкен-кішімен тіл табысып, ағайынның бірлігін сақтауға көбірек көңіл бөлген жөн. Көптің айтуынша, Кенжеғара ағамыздың осындай  байыпты болмысы, кең пейіл, көркем мінезі  оның ел алдындағы абырой-беделін еселей түскен сынды.

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, жетпіс жыл билеген жүйеден жеке-дара еншісін алған 1991 жылдың қаншалықты қиын болғанын көзіміз көрді. Бір жақсысы, халық сол қиындықты ертеңге деген риясыз сеніммен еңсере білді. Күрделі кезеңде күрескерлік танытып, өтпелі қиындыққа дес бермеді.

Осы жылдары Ақсу совхозының директоры, өндірістік кооператив төрағасы болып қызмет атқарған Кенжеғара ағамыз ауыл жұртының басынан өткен қиындықтарды күні кешеге дейін айтып отыратын. Сондай әңгімесінің бірінде: «Басқасын айтпағанда, о дүниеге аттанған адамды орайтын ақтық таба алмаған күндер болды. Оның қасында қазіргі көтеріп жүрген мәселеміз түк емес. Бүгін болмаса, ертең шешіледі» дейтін.

Ол кісі 1999-2003 жылдар аралығындағы аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы болды. Ағаймен алғаш рет осы  басылымға жұмысқа орналасқан кезімде таныстым. Әлі есімде, бас редактордың кабинетіне имене кіргенімде тұлғасы биік, жүзі жылы кісі орнынан тұрып, күлімсірей қарсы алды. Аз-кем уақыт әңгіме арасында ауылдан келген ұяң қызға жұмыстың жайын түсіндіре отырып, ағалық ақылын  да айтқан еді.

– Қызым, сен бүгіннен бастап аудандық газеттің қызметкерісің! Енді сен ауданның қырық мың халқының көз алдындасың, әр басқан қадамыңа қарап отырады, солай бағасын береді. Сондықтан өзіңнің ғана емес, аудандық газеттің де абыройын көзіңнің қарашығындай қорғап жүруің керек! – деді. Бас редактордың бұл сөзі мен үшін бұлжымас қағида болды.

Иә, дәл сол жылдары аудандық басылымның қаржы-шаруашылық жағдайы өте қиын еді. Бірнеше айлап еңбекақы алмаған күндер болды. Бірақ байыпты басшы үлкен ұжымды сол қиындықтан қайыспай алып шықты. Ұжымның үлкен-кішісін жанына жақын тұтып, жабырқаған сәттерінде әзіл-қалжыңымен серпілтіп, жүздеріне күлкі үйіретін. Осылайша күнделікті жұмыс өз ырғағынан айнымай, үздіксіз жүріп жататын.

Тәуелсіздік жылдарында іргелі басылым тек аудан ғана емес, бүкіл қоғам мойнындағы жүкті қаймықпай көтере білді. Айталық, газеттің әрбір санында елдің келешегіне бағытталған игі жұмыстар үздіксіз жарияланып жататын. Сонымен қатар, халықтың көкейіндегі күрделі мәселелер де назардан тыс қалмайтын. Нәтижесі сол, тұрмыс-тіршіліктің басты қажеттіліктері біртіндеп шешіле бастады. Жылдар өте келе саяси жүйе жаңғыртылып, кезең-кезеңімен көптеген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатты.

Салиқалы басшы сол бір сын кезеңде іргелі ұжымның бірлігін сақтап, басылым жұмысын жүйелі үйлестіре білді. Біз секілді жас журналистерге «Уақыты келгенде осы ұжымды өздерің басқарасыңдар. Сол үшін үлкендердің тәжірибесін алып, істің  мән-жайын үйрене беріңдер» деп үнемі айтып отыратын.

Иә, Кенжеғара ағай қай қызметте жүрсе де, әріптестері үшін әркез орны бөлек болатын. Көп жыл аудандық мәслихаттың хатшысы болып қызмет атқарды. Осы қызметте жүріп те газеттің әрбір санын қалт жібермей, қарап отыратын. Басылым бетіне жақсы дүниелер жарияланса, іле-шала хабарласып, ой-пікірін айтып, бағасын беретін. Ал кейде газет жұмысында қиындықтар туындап қалса, ағай сөзге келмей, қол ұшын ұсынатын.

Сондай жағдайдың бірін айта кетейін. Аудандық газетте бас редактор кезім. Ол кезде жарық жиі өшіп қалатын. Бір күні газеттің кезекті санын дайындап отырғанымызда жарық жалп етіп өшті. Әрі-бері күтсек, жанатын түрі жоқ. Уақыт болса, тапшы. Газет нұсқасы жасалып, облыс орталығындағы баспаға жіберілуі керек. Қапелімде абыр-сабыр болып, қайда барарымызды білмей қалдық. Сонымен, Кенжеғара ағайға қоңырау шалдық. Ол жақта жарық өшпепті. Жағдайымызды жақсы түсінген ағай мәслихат аппаратының бір кабинетін босатып берді. Сонымен құрал-жабдығымызды арқалап, мәслихат кеңсесіне келдік. Көп кешікпей газетімізді дайындап, баспаға жөнелтіп, ағайға алғы­сымызды айта-айта жұмысымызға қайтқан едік.

Кейде тіршіліктің түйткілінен қажып, көңіліміз алай-түлей күй кешетіні бар. Әсіресе, шығармашылық адамдарының жан дүниесі аса сезімтал келеді. Өктемдікке, қиянатшылдыққа төзе алмай, жанымыз жабырқап қалатын кездер болатын. Сондай сәттерде ағайдан ақыл-кеңес сұраймыз. Ағай әдеттегі қалыбымен аспай-саспай:

– Қызым, барлық жамандықты амандық қана жеңеді. Осы сөзімді қойын дәптеріңе жазып қой, – деген еді. Ойлап қарасақ, «Аман-есен болсаң бәрін жеңіп шығасың» дегенді айтқаны екен. Шындығында, одан бері де қаншама қиын-қыстау жерден аман өтіп келеміз.

Асылында, сөз қадірін білген адам сыйлы болады. Кенжеғара ағамыз  көкірегі қазыналы, өмірден жиған-түйген, көрген-білген дүниелерін көркемдеп жеткізетін аса әңгімешіл кісі болатын. Атадан қалған асыл сөз, бабалар мұрасы, шежіре, мысалдар сияқты тағылымға тұнып тұрған әңгімелерді айтқанда, тыңдаған жанды еріксіз елітіп әкететін. Сондай-ақ ол кісінің әзіл-қалжыңдары өз алдына бір төбе. Көңілінің түбіне кір жасырмайтын, қашан көрсеңіз де қабағы ашық, жүзі жарқын.

Халқымызда «Көп жасағаннан сұ­рама, көпті көргеннен сұра» дейтін сөз бар. Шындығында, осы жасаған ғұ­мырында қаншама ел ағаларымен, зиялы азаматтармен үзеңгі қағыстырып қатар қызмет еткен ағамыздың өмірден көрген-түйгені мол еді. Ағайдың біз білетін тағы бір жақсы қасиеті, баспа бетіне жарияланған дүниелерді саралап, қажет деген мәліметтерді өзіне сақтап қоятын. Осындай ыждағаттылығынан болар, көп жылғы жинақтаған деректеріне сүйеніп, жылдың әр мезгіліндегі ауа райының құбылыстарына да алдын ала болжам жасап отыратын. Көкірегіне жиғаны мол Кенжекең ағамыз көп алдына шыққанда еш тосылмайтын. Қайта сөйлеген сайын арындап, ашыла түсетін. Айтар ойын әріден толғап, әсерлі жеткізетін. Аталы сөзге тыңдаушы да тәнті болатын. Әйгілі Балқы Базардың:

– Құмарын тарқат, алқаның

Ықыласын көптің қайтармай.

Кейінге қалсын кеңесің –

Үлгі қылып айтардай, – деп келетін толғауында айтылғандай, Кенжеғара ағамыздың кейінгіге қалдырған өрелі сөзі, өнегелі ісі ойдан өшпейді, көңілден көшпейді.

Ол тұтас бір дәуірдің тарихында толассыз еңбек ете жүріп тұлға боп қалыптасты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, ел тағдыры сынға түскен елең-алаң шақта ертеңге бет алған көштің жүгі ауып кетпей, адымдап алға жылжуына азаматтық тұрғыда атсалысты. Осы жылдары аудандағы мемлекеттік құрылымдар қайта қалыптаса бастаған еді. Үкімет саясатын іске асыруда біршама жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған Кенжеғара Сүлейменовтің аудан тарихында айқын қолтаңбасы бар. Ауылдық, аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде ел ішіндегі көптеген әлеуметтік-тұрмыстық түйткілдің шешілуіне өз тарапынан ықпал етті. Өмірден өткенше ауданның идеология саласының уақыт талабымен өркендеп, дамуына  өлшеусіз үлесін қосты.

Осы ретте бір жайтты айта кетейік, Жалағаш ауданының басқару жүйесінде «Қазантаев мектебі» деген керемет ұғым бар. Бұл сөздің мәнісі: 1975-1985 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған білікті басшы Қонысбек Қазантаевтың шекпенінен шыққан кадрлар шетінен мықты тұлға болып қалыптасқан деседі.

Кең пейіл, кемел ойдың иесі Кенжеғара Сүлейменов те сол «Қазантаев мектебі­нің» кадры еді. Елге еткен қызметі ескеріліп, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін, «Құрмет белгісі» орденін, бұдан бөлек, бірнеше мерекелік медальді кеудесіне тақты. Жалағаш ауданының құрметті азаматы атанды. Өмірінің соңғы сәтіне дейін аудандағы алқабилер кеңесінің төрағасы болды. Елдің рухын көтеріп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты сақтай отырып, отбасы құндылығын арттыруда жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жауаптылық танытты. Ағалық жасқа абыроймен жетті. Абыз ақсақалдық та алыс емес еді. Әттең, оған жете алмады…

– Дүниеден демім бітіп, өтсем де өзім,

Аралап жердің бетін жүрер сөзім.

«Көре алмай кейінгіні кеттім-ау!» деп,

Арманда болмай-ақ қой, екі көзім, деп Тұрмағамбет шайыр жырлағандай, ендігі жерде Кенжеғара ағамыздың да баршаны бауырына тартып тұратын бекзат болмысы, ел құлағында қалған есті сөздері осындай естеліктер арқылы жалғаса бермек. Осынау азды-көпті ғұмырының жарты ғасырын бірге кешкен өмірлік жары Серіккүл апаймен бірге ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың әрқайсысы өмірден өз жолын тауып, қоғамның әр саласында абыройлы қызмет атқарып жүр. Әке тәлімін алған олардың да әлі талай биікке шығары сөзсіз.

Иә, артында қара ормандай халық барда Кенжеғара Сүлейменовтің елге еткен еңбегі еш ұмытылмайды. Тіпті жыл өткен сайын оның аудан тарихындағы орны айшықталып, тұлғасы биіктей түсері анық.

Ғазиза ӘБІЛДА,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі