Кіршіксіз, жүрегімде аппақ үміт

600

0

Фото: Ақынның жеке мұрағатынан

Биыл – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, облыс әкімінің «Тұран» сыйлығының иегері, облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Ғазиза Әбілда үшін мерейлі жыл. Сәуірдің алғашқы күні 50 жасқа толатын ақын, қарымды қаламгердің шығармашылық еңбектері оқырман қауымға жақсы таныс.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі аймақтың баспасөз саласында қажырлы еңбек етіп келеді. Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінен еңбек жолын бастап, сегіз жылға жуық сол басылымды басқарды. «Тәңсәрі», «Сезім серуен» жыр жинақтарының авторы. Ғазизаның мерейлі жасқа келуіне орай өлеңдер топтамасын жариялап отырмыз. 

Мен ғашық болам!

Мен ғашық болам!

Тауларды таңғалдырып,

Сезімім селдей тасып,

Кеудемде қалған тұнып.

Мен ғашық болам!

Алдымнан АРМАН күліп,

Тағы да жалғанды үміт…

Тыңдайды жырларымды

ЖАЛҒАН тынып!

Мен ғашық болам!

Бұл сезім құнды маған,

Бұлақтай сылдыраған.

Бұлбұлдың әуеніне

Би билеп, мың бұралам.

Кенеттен мейірленіп,

Керемет пейілге еніп,

Күлімдеп көк аспаннан

Төбеме КҮН құлаған!

Мен ғашық болам!

Шаттанып ілкі ғалам,

Шалғынның жұпарынан

Шашыма бүркіп алам.

Толқыған көңілімді

Лезде іркіп алам…

Тал-қайың тербетіле,

Тап осы келбетіме,

Таңырқап тұрды ДАЛАМ!

Мен ғашық болам!

Көгімде жасын ойнап,

Құлпырып жасыл аймақ,

Ақ жауын құйған кезде

Ақ күміс шашырай қап,

Қонады басыма кеп

Осылай БАҚ!

Мен ғашық болам!!!

Мендік жүрек

Келді ме, шұғыласын шашқан көктем,

Апыр-ай, ашық еді аспан неткен?

Көз қуанды, болғандай көңілім қош,

Ал жүрегім әлі де астаң-кестең.

Бұл жүректің дауасы табылар ма?

Сарылады жан таппай сағынарға.

Жұдырықтай болса да жұмбағы көп,

Жетегіне еркімнің бағынар ма?

Жалқы күй қинаса да жанымды әлі,

Мендік жүрек ешкімге жағынбады.

Мың азапты жиғанша мақұл еді-ау

Бір ғажап сәт туғанда жарылғаны.

Мың құладым, бағымды мың сынадым,

Сонда дағы жүрегім тыншымадың.

Толғағына жанымның дауа таппай,

Толқынына сезімнің тұншығамын.

Қиял құс құлағанда ыршынып кеп,

Көңіл шерін басатын күрсініп тек.

Мендік жүрек мәңгілік мұздамайды,

Менің жаным ынтызар тіршілікке!

Көңіл көкжиегі

Білмеймін періштемін, пендемін бе?

Шыр етіп шат өмірге келгенімде.

Шамасы шапағатқа шөлдедім бе?

Жұбанбай көп жылаппын жөргегімде.

Ес біліп, етек жиған кездерімде

Жайсыздау «жаңалықты» сезгенім бе?

Көпшіліктен жырақтап көп ойланам

Көлеңкелі сыр тұнып көздерімде.

Көрдің бе, сол көлеңке алдамапты,

Ай да сол күн амалсыз қорғалапты.

Ақ жолынан адасқан ар бейбақтың

Ақ жүзінен ащы жас сорғалатты…

Түнеріп тұрды біраз ренжіп Күн,

Тауқымет тамшысынан бірер жұттым.

Шалғайын шапанымның шарт буындым

Шамасын байқайын деп шын ерліктің.

Көрдім де Күн – Ананың түнергенін,

Сол сәтте сезімімді шідерледім.

Қырда қалған қызыққа қолды сілтеп,

Жырдан іздеп жоғымды түгендедім.

Жаңылған бағытымды жаңа таптым,

Жетегінде еріксіз бара жаттым.

ПОЭЗИЯ  – перімен көңіл қосып,

ӨЛЕҢ  деген өміршең бала таптым!

Ғашықпын

Ғашықпын гүл оранған көктеміме,

Асықпын сырға тұнған бөктеріме.

Тәнтімін туған анам секілденіп,

Көкте Күн шұғыласын төккеніне.

Ғашықпын заңғар биік тауларыма,

Шөліркеп таудың таза саумалына.

Алаңсыз алақайлап қуанамын

Аспаннан Алла нұры жауғанына.

Ғашықпын қарауытқан қыраттарға,

Қыраттарға кезінде сыр ақтарған.

Сылдырап тал бойыңды сергітетін

Сұлудың лебізіндей бұлақтарға.

Ғашықпын белес-белес белдеріме,

Көрікті көз моншақтай көлдеріме.

Көз жұмсам, көрпем болар топырағың

Туғанда төсенетін жөргегім ең.

Ғашықпын жасыл желек жайлауыма,

Табиғаттың құбылған қойнауына.

Жырымның шабыт беріп толғауына,

Құлынның өріс болған ойнауына.

Асықпын туып-өскен ауылыма,

Ауылыма, ағайын-бауырыма.

Төсінде жылап жатып жұбанамын,

Тағдырдың тап болғанда «дауылына».

Көк аспан, Ай менен Күн бір ғажайып,

Жұлдызы жарқырайды сырға байып.

Түйсінсең, тәңірімнің тартуы бұл

Мәңгі дастан, махаббат жырға лайық!

Табиғаттың сый-тұмары

Ну орман, қайың, шырша, қарағайлы,

Қарағайды ақбөкен аралайды.

Тәңірдің таңғажайып туындысын

Көзімен көрген адам бағалайды.

Табиғаттың тамаша сый-тұмары,

Сезімімді оятты «ұйқыдағы».

Тау ішінен Сәкеннің әнін естіп,

Тал бойыма бір ғажап күй тұнады.

Аққудайын керіліп көл бетінде,

Көл де менің көңілімді тербетуде.

Бақытты жан жоқ шығар, сірә, мендей

Жұмақтың төрін тапқан жер бетінде.

Тапталмаған тұлпардың тұяғына,

Қыран ғана жететін қиянына.

Тәкаппар тау, төбесін бұлт шарпыған

Оқ жетпестей көрінді қиялыма.

Лебізіме ерекше леп кіргенде,

Өлең шөбін өрнектеп ектім жерге.

Жұмбақтастың осынау етегіне

Жұмбағымды жасырып

кеттім менде…

Көңіл

Алып ұшады көңілім…

Аспанға,

Күнге…

Айға ма?..

Адасқан Үміт – серігім,

Ақылым лағып

Айдала…

Сұрасаң егер

Кімсің, – деп…

АДАМ болады есімім.

Жұмыр жүрегім дүрсілдеп,

Тербейді жердің бесігін.

Парқына өмір бағынып,

Патшайымдардай күн кешем.

Пенделігімнен жалығып,

Перімен кейде тілдесем…

Ақиқат іздеп жалғаннан,

Сарылып, қанша сабылдым.

Ақыры өзім алданғам

Жаздым да, қанша жаңылдым?..

Жауратып жанды түнгі ызғар,

Түрін бермейді сызданып.

Өкпелеп сансыз жұлдыздар

Өр болмысымды қызғанып…

Тойымсыз пиғыл талайдың

Тәубесін қойған «кісендеп»

Көзімді көкке қадаймын

Сәулесі Хақтың түсер деп…

Пендемін…

Бекер қиял, бос үміт,

Тамашалап, тамсанам.

Тойға барсам, тосылып

Оңашада ән салам.

Елеймін деп дос қамын,

Елжірейді  жүрегім.

Еншімнен де бос қалып,

Елеусіздеу жүремін.

Уақыт дейтін шабарман

Көңіліңе қарай ма?

Күтуменен Бақ алдан

Қырау түскен самайға.

Арман-қиял аспанда,

Өзім бірақ жердемін.

Жанымды мұң басқанда

Жырмен жазып емдедім.

Сүйем өмір шіркінді,

Сынағына көнгемін.

Мен осындай біртүрлі

Жаратылған пендемін.

Күзде келем дейсіз бе?

Күзде келем, – дейсіз бе?

Күзде келем…

Кезім жоқ,

Сізді бір сәт іздемеген.

Жапырағын жанымның жел қозғаса,

Сағынышым артады сізге деген.

Айлар, мейлі,

Арада жылдар өтсін,

Үмітімді бірақ та үзбеген ем.

Төзімнің тамып түскен сәулесінен,

Сезімге, сырға толы тізгем өлең,

Сізге деген…

Сізді көрдім, түсімде,

Сізді көрдім.

Жаймашуақ, жып-жылы жүзді көрдім.

Сары күз…

Сонау тұрған бақ ішінде

Сағынысып жолыққан

БІЗДІ көрдім…

Құшағында үлбіреп ізгі үміттің,

Қиялымды сан-саққа жүздіріппін.

Сол баяғы, Саялы баққа келіп,

Үздігіп тым,

Білесіз бе, сізді күттім?..

Сізді күттім…

Өмір…

Келешегім…

Кеше кім, бүгін кіммін?..

Келеді бұл сұрақтың сырын білгім.

Әйтеуір, әуресі көп бұл өмірді,

Әркімдерше мен дағы сүріп жүрмін.

Шылбырынан жетелеп құлын-жырдың,

Шатқалдарда шалынып, сүріндім мың…

Күліп тұрам, Ішімнен тынып тұрам,

Жадау тірлік жанымды қылып тұман.

Күйзелгенде, күндегі күйбеңнен де,

Тайсалмаймын құлаудан, күйреуден де,

Жауһар жырмен жанымды тынықтырам.

Өмір – теңіз, Өріне ұмтыламын.

Ағысына бой бермей, бұлқынамын.

Аңдамай, Асау толқын жұлқығанын,

Тарқағандай болады бір құмарым.

Талпынамын, Тынбастан шарқ ұрамын,

Таусылғанша талықсып, бір күн әлім…

Беу, дүние…

Беу, дүние,

Бермеген соң қабағыңды,

Ішемін у қосылған шарабыңды.

Құла түзді бет алған қайран басым,

Білмедім, қайдан бақыт табарыңды?..

Шөміштеп ұсынасың шалабыңды,

Білемін, бұйырғанын аларымды.

«Тура биде туған жоқ» десем дағы

Тура келсем тайдырып жанарыңды?..

Шаршаған сәттерімде нала, мұңды,

Шаттығымды аңсаймын бала күнгі.

Шырмауыңа не түрлі шыдап жүрмін,

Шүкір етіп әйтеуір, аманымды.

Тәліміңді айтасың маған үлгі,

Таусылмайтын ереже, талабыңды.

Өне бойы тәртіпті оқушыдай

Тыңдаудан да жалықтым сабағыңды!

Беу, дүние…

 *

Жалғандықтан көңілім жасығандай,

Іркіледі кей-кейде ашыла алмай.

Беу, дүние, мен біраз араладым,

Білсем деп базарыңның бәсі қандай?..

Бәрі, бәрі сатулы базарыңда,

Білмесем осылайша жазамын ба?

Ақыл арзан, басқаның бәрі қымбат,

Сауық-сайран, «ғаламат, ғажабың да»…

Бәзбіреу жарнамалап «жалған бақты»,

Енді бірі сол бақты армандапты.

Аңдасам, айла-шарғы алға озып,

Ар-намыс әлдеқашан арзандапты…

Ащы-тұщы, бәрі бар қазаныңда,

Біреуге – бақ, біреуге – азабың да.

Аламыз соның бәрін пұлын беріп,

Айтып-айтпа, ақиқат таза бұл да…

Базарыңды, беу, дүние, араладым,

Жақсы-жаман, бәрін де жағаладым.

Ақыры, «қымбатына» пұлым жетпес,

Арзанын елеп-екшеп, шамаладым…

Мен – өлең

Қалағанша қанып ішіп қайнардан,

Қауғасына байланғам.

Содан бері…

Өзгешелеу өмірде,

Ертегілер әлемінің төрінде,

Ғұмыр кешіп, жайланғам.

Ақ бұлттардың арасында көз іліп,

Арманменен қарсы аламын таңды алдан.

Мекенім бұл – Махаббатқа бөленген,

Сезім бағын Шаршамаймын шарлаудан.

Жұлдыздардан жыр моншағын тағынып,

Алтын тәж ғып аспанымнан Айды алғам.

Иә, солай,

Өлең – маған,

Мен – Өлеңге айналғам.

Сүйемін, өмір

 Қап-қара түн – Аппақ таңдарыңмен,

Алдамшы үміт – Асқақ арманыммен,

Ақиқатыңмен – жалғаныңмен,

Табиғатыңмен – талғамыммен,

Болмысыммен, бар жаныммен,

Сені сүйемін, Өмір!

Арқалатқан азабыңмен,

Алаулап сезім – ғажабыңмен,

Мойыл көздерге мөлтілдей тұнған,

Махаббат шерлі ғазалыңмен,

Жұмағыңмен – тозағыңмен,

Барыңмен – базарыңмен,

Сені сүйемін, Өмір!

Кеңдігіңмен – тарлығыңмен,

Жоқтығыңмен – барлығыңмен,

Жауап алып әр күнімнен,

Жарылқайтын жарлығыңмен,

Бар ғұмырыммен –

Бұйырған тағдырыммен,

Сені сүйемін, Өмір!

Арман құс…

Жалт ете түскен жұмбақ сезімнің,

Жалыны өшпей қай күннен.

Құпиясын сол бір – қымбат кезімнің,

Шабыт шәрбатымен шайдым мен.

Сезім сиқыры арбап сананы,

Сенімге аппақ сай, білгем.

Лап еткен жалын лаулап барады,

Таптырмай жанға жай мүлдем.

Сезім – бағыма сайланып жеттім,

Сертімнен қашан тайдым мен?..

Арман құсына айналып кеттім,

Аңсарымды іздеп, ай-күннен…

Алаулап барып, қона кетем бе?

Алдымда шалқар айдын кең.

Асау толқынды жарып өтердей,

Алапат күшті айбынмен,

Қанаттарымды жайдым мен!..

Аңсау

Қайтемін, Бұлдап бекер қыз күнімді,

Сезімнен селкеу тартқан сыз білінді.

Болғанмен басым алтын,

Көңіл салқын,

Сарғайған жапырақтай күздігүнгі.

Қалғандай қыр астында,

Қыз қылығы,

Арқаның шарпыған ба, ызғырығы?..

Талайыма жазылған,

Тағдырымның

Таңдайыма татиды тұздылығы.

Аңдап басып,

Әр адым, әр ізімді,

Шыдамның шиеленген бауы үзілді…

Жалт етіп,

Жасын ғұмыр бәйшешектей

Қайтадан жарсам шіркін, қауызымды.

Кіршіксіз,

Жүрегімде аппақ үміт,

Мен сонда саялар ем баққа кіріп.

Дерт те жоқ,

Қайғы да жоқ,

Достарыммен

Сырласып, ағыл-тегіл ақтарылып.

Жасқанбай,

Жауап қатып  сұрағанға,

Жұбатушы ем, дем беріп, жылағанға.

Құрақ  ұшып,

Қолтығын сүйер едім,

Досым түгіл,

Дұшпаным құлағанда.

Мен солай,

Адалдықпен үндесемін,

Табиғатпен тап-таза тілдесемін.

Жалаңаяқ қалсам да жапан түзде,

Жаратқан,

Жабырқауды білмес едім!..

Әдемілік

Әдемілік…

дейсің бе?..

Әдемілік…

Көңілімді білсең ғой

әуелі ұғып,

Ұзақ түн…

кірпігімді әрең іліп,

Жүргенде жүрек сыздап,

жан егіліп…

Қайдағы әдемілік?..

Әдемі…

Қабағымды түйгенім бе?

Иә, солай, зауқым жоқ биге мүлде.

Жәй ғана тыңдайықшы бұл әуенді,

Көңіліме тылсым күй тұна берді,

Бір жұмбақ күйдемін бе?

Білмедің бе?..

Әдемі…

Көрінді ме жымиғаным?..

Бірақ оңай соқпайды бұл «ұйғарым»…

Мың түрлі сынағыңа күліп тұрам,

Мұң-шерімді осылай ұмыт қылам,

Әйтпесе, құриды әлім…

Әдемілік…

Сірә, менің жүрегімде,

Қылаудай кінәрат жоқ тілегінде.

Тайталас болып жатсын түкпірінде,

Сыртына сыр бермейді тіпті мүлде,

Күн – күлкісі төгіліп реңінде.

Әдемілік…

Иә, менің айналамда,

Жасыл бағы жанымның жайнағанда.

Жүрегімді махаббат жаулағанда,

Жалын шарпып, жан-тәнім лаулағанда,

Апыр-ай,

Бұл сезімге айла бар ма?..

Әдемілік…

Сыңсуынан аққудың сәлем ұғып,

Шын сүюдің ғажабын және біліп.

Шын бақытқа жетем деп

алып-ұшып,

Аңсап күтіп…

Жолығып сағынысып,

Сүрейікші өмірді ӘДЕМІ ғып!..

Көңілдің кейбір кездері

Ересекпін деп жүрсем баламын ба?

Елітіп бос сезімге қаламын да.

Құзар шыңның басынан қайтам кейде

Қиялыммен қалықтап барамын да.

Шаттықтың қанып ішпей шарабын да,

Жабырқау жанға сая табамын ба?

Ақтарылып аламын ағыл-тегіл

Ақ қағазға мұңымды шағамын да.

Арзан әлде қымбатын бағаның да,

Ажыратпай әп-сәтте қаламын да.

Ойланып одан кейін отырамын

Өзіме өзім айып тағамын да.

Намысым ерік бермей нала, мұңға,

Табиғаттан дүлей күш аламын да.

Тұлпарлардың ілесіп дүбіріне

Шіркін-ай, шаңдатып бір шабамын ба?

Ей өмір, ережең бе, сабағың ба?

Шаршатты таусылмайтын талабың да.

Еркін өмір сүрейін ен далада

Көшіп кетсем қайтеді

Қарақұмға?..

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<