Жан алып, жан беріскен қанды қырғыннан аман келсе де, осы уақытқа дейін аты елеусіз қалған жерлестеріміз қаншама?! Сондай жандардың бірі – «Қызыл жұлдыз» және ІІІ дәрежелі әскери «Даңқ» орденінің иегері, кіші сержант, марқұм Серікбай Беркінбаев ағамыз.
Мектеп бітірісімен жұмысқа араласқан ол еңбек жолын Түркістан теміржол басқармасына қарасты сауда саласында бастайды. Осы салада есепші-товаровед болып жүргенде 1941 жылдың маусымында соғыс оты тұтанды. Әскерге шақыру туралы повестканы 1942 жылдың маусымында қолына алған Серікбай Жаңақорғаннан аттанған жүзден астам жігіттің қатарында алғашқыда Ташкенттегі жинақтау пунктінен бір-ақ шығады. Бес айдай Самарқан қаласында №19 мергендер мектебінде жаттығудан өткен бұлардың №99 атқыштар полкі желтоқсан айының соңына эшелонға тиеліп, батысқа жол тартады. Самарқанда өткен оқу-жаттығу барысында өзінің алғырлығымен, мергендігімен, тапсырманы мүлтіксіз орындайтын қасиетімен көзге түскен оған алғашқыда ефрейтор әскери шені берілді. Айға жақын жол жүрген соң 1943 жылдың қаңтар айының ортасында Калинин майданындағы генерал Рокоссовский басқаратын 16-армияның құрамындағы подполковник Александр Таратухин басқаратын №59 атқыштар дивизиясына қосылып толықтырылады.
Бұл екі айда Кеңес Одағын басып аламын деген Гитлер жоспарының күлі көкке ұшып, далбасалап қалған кезі болатын. Біршама уақыт командармның резервінде болып, шеберліктерін шыңдай түседі де, ақпан айында соғысқа кіреді. Серікбай қызмет ететін №99 жаяу әскер полкі осы бағытта бірнеше ай соғысады. 1943 жылдың 17 маусымында Булыштыни аумағындағы Карпович және Мятлово жырасының оңтүстігіндегі Сосно және Лозово өзенін кешіп өтіп, жау шебін басып алып, немістерді қашуға мәжбүрлейді. Айналасы оншақты күнде 26 елді мекенді жаудан тазартады.
Бұлардың дивизиясы шілде-тамыз айларында Смоленск қаласы бағытындағы соғыс қимылдарын бұрынғыдан да қарқынды жүргізе отырып алға жылжиды. Шілде айының екінші онкүндігінде басталған шабуыл ай жарымға дейін толастамайды. Нәтижесінде 31 тамыз күні Смоленск облысына қарасты Сафроново деген аудан жаудан толық азат етіледі. Осы арада Серікбай жеке басының ерлігімен көзге түсіп, соңғы шайқаста немістің бір офицері мен 15 солдатының көзін жояды. Оның осы ерлігі жөнінде кезінде онымен бірге болған майдандас досы Мырзаев Сейфулла айтып еді. Негізінде Серікбай ағамен бірге ауданымыздан Каюлов Адиатулла Сәрсенбайұлы, Сәдуов Жаханша да бір полкте болып, соғыстың бір саябырлаған шақтары мен резервке шыққан кезде жиі араласып тұрған. Сейфулла кейін зенитшілер батареясына ауысып кетеді. Ол осы шайқаста арқасынан, сол қолынан және аяғынан жараланса да алғы шепті, бөлімшесін тастап кетпеді.
Бұл ерлігі басшылық тарапынан елеусіз қалмай «За отвагу» жауынгерлік медалімен марапатталып, кіші сержант лауазымы беріліп, бөлімше командирлігіне тағайындалды. Ол осы бөлімше құрамында соғысты аяқтады. Командирлер оның ерлігін солдаттарға үлгі етеді.
Серікбай қызмет ететін полк тамыз айының соңына 306-атқыштар дивизиясының қарамағына берілген бұлардың 938-атқыштар полкі демалысқа резервке жіберілді. Олар осы арада сиреп қалған қатарын толықтырды, қайта даярлықтан өтіп, жаңадан 938-атқыштар полкі болып өзгерді. Серікбай да полк жанындағы медсанбаттан тиісті емін алып, қайта сапқа оралды.
Полк резервтен оралғаннан кейін І Прибалтика майданы, 39-армияның 5-гвардиялық корпусы қарамағында 1944 жылдың 1 шілдесінде қайта майданға кірді. Құрамында бұлардың полкі бар дивизия Каунасты шабуылдау бағытында ұрыс қимылдарын жүргізді. Негізі дивизия басшылығы басым көпшілігі азиялықтардан тұратын полк пен батальондарды ең ауыр участоктарға жұмсаған. Қаланы алу оңайға түспейді. Бірнеше жылдан бері қорғаныс шебі нығайтылып бес қарумен жарақтанған фашистер қатты қарсылық көрсетеді. Қанды қасап бақандай 10 күнге созылады.
Осы Витебск қорғаныс шебінің осал жерін табу Серікбай қызмет ететін 938-полкке тапсырылады. Міне, осы шайқас барысында кіші сержант Серікбай Беркінбаев басқаратын атқыштар бөлімшесі жаудың ату нүктелері мен бірнеше танкісін жойып, істен шығарып қалаға алғашқылардың бірі болып кіреді. Осы айқас барысында Серікбай ерліктің нағыз үлгісін көрсетіп, жаудың бір «Тигрін» және екі атыс нүктесін жояды. Он күнге созылған шабуыл нәтижесінде Витебск қаласы 10 шілдеде жаудан азат етіледі. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылады. Ал дивизия сол күні 1944 жылдың 10 шілдесінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен «Қызыл ту» орденімен марапатталады.
Серікбай қызмет ететін полк мұнан кейін Риганың оңтүстік шығысын азат ету операциясына қатысты. Ерлік жолын одан әрі жалғастырып, Балтық маңы мен Польша, Шығыс Пруссияны жау тырнағынан босатуға қатысып, соғысты Берлин түбінде аяқтайды. Толарсақтан қан кешіп жүріп жеңісті жақындатуға үлесін қосқан Серікбай Беркінбаев 1945 жылдың 15 наурызында жақын маңға келіп түскен снаряд жарықшағынан аяғынан жаралы болады. Сонда да алғы шептен кетпеген. Ұрыс біткеннен кейін ғана дивизияның дала госпиталінде жарақатын емдетіп, сәуір айының басында алғы шепке қайта оралады. Жеңістен кейін олардың полкі қараша айының соңына дейін Берлин комендатурасында қала тәртібін сақтаумен, қалып қойған фашист қалдықтарын жоюмен айналысты.
Бейбіт өмірге оралған Серікбай Беркінбаев аудандық тұтынушылар одағына инструктор-ревизор болып қызметке кірісіп, өмірінің соңына дейін осы салада еңбек етіп, бас есепші, «Бесарық», Елтай сельпосының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Зайыбы Мәлике екеуі 6 ұл-қыз өсіріп тәрбиеледі.
Кіші сержант 1970 жылдың 23 қаңтарында соғыс салған жарақаттың салдарынан көз жұмды.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





