Түркі әлемінің ардақтысы Мұстафа Шоқайдың Алаш арыстарының ішіндегі шоқтығы биік. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қоры қазақ халқы мен барша түркі жұртының тәуелсіздігін аңсаған күрескер тұлға Мұстафа Шоқайдың француз тіліндегі шығармаларының екі томдық жинағы және үш томдық «Яш Түркістан» журналында басылған шығармаларымен толықты.
М.Шоқайдың француз тіліндегі шығармаларының екі томдық жинағы осы жылы «Арыс» баспасынан жарық көрді. Оның бірінші томына 1919-1930 жылдар аралығында жазылған 53 мақала мен құжаттық сипаттағы материалдар енген. Бұларда Түркістандағы саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдай, ұлт азаттығы үшін күрес, большевиктердің ұлттық саясаты кеңінен сөз болады. Ал екінші томға ұлт қайраткерінің 1931-1941 жылдары жазылып, түрлі басылымдарда жарық көрген 77 мақаласы мен құжаттық материалдар топтастырылған. Француз тілінде жарық көрген публицистикалық шығармаларда Түркістандағы саяси-әлеуметтік жағдай, ұлттық қозғалыстың мақсаты мен бағыттары, кеңестік биліктің сипаты және т.б. мәселелер сөз болады.
1929-1939 жылдары Берлин қаласында шығып тұрған «Яш Түркістан» журналына халқының бостандығы үшін күрескен көрнекті қайраткер Мұстафа Шоқайдың өзі басшылық жасағаны белгілі. Журналда жарияланған таңдамалы шығармалары елімізде үш томдық кітап болып 2007 жылы жарық көрген болатын. Оған М.Шоқайдың шет елде жүріп жазған 224 мақаласы кірген еді. Журналдағы түрік-шағатай тіліндегі еңбектерді түгел аудару, зерделеу нәтижесінде бұрынғы жинаққа енбей қалған 51 мақала осы жинаққа енгізіліп, толықтырылды. Бұл еңбектерде де Мұстафа Шоқайдың Кеңес империясының құрсауына түскен ұлттық аймақтардың, әсіресе Түркістанның тәуелсіздігі, бүкіл түркі жұртының тұтастығы мен азаттығы үшін күресі ашыла түскен.
Екінші томға сол кездегі халықаралық жағдайдың өзекті мәселелері, кеңес одағының Түркістан халықтарына озбыр саясаты, ұлт-азаттық қозғалыстардың жайы, Түркиямен қарым-қатынасы, Англия, Жапония, Қытай, Польша, Ресей, Түркия, Франция, т.б. елдердегі саяси жағдайлар туралы мақалалар топтастырылды. Айта кетейік, бұл томдағы бірқатар шығарма қазақ тіліне алғаш рет аударылып отыр.
Ал үшінші томға «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» және 1937-1939 жылдар аралығында жазылған кеңес өкіметінің ішкі және сыртқы саясаты, Түркістан халқының ұлт-азаттық пен еркіндікке ұмтылысы, сол кездегі халықаралық жағдайдың өзекті мәселелері жөніндегі мақалалары енген. Еске салсақ, Мұстафа Шоқай Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе теміржол станциясынан он бес шақырым жердегі Наршоқыда 1890 жылы 25 желтоқсан күні дүниеге келген. Алаштың алып тұлғасы, Тәуелсіздіктің жалынды жаршысы Мұстафа Шоқай 1941 жылы 27 желтоқсанда жұмбақ жағдайда көз жұмды. Денесі Берлиндегі түріктер зиратына жерленген.
Д.АЙБОЛАТҰЛЫ





