Үкімет қаулысымен 2022 жылдан бері 24 қазан – Кітапханашылар күні аталып өтеді. Биыл мерекеге орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» тақырыбында салтанатты іс-шара өтті.
Фойеде аудан және қала кітапханаларының жетістіктерін, инновациялық жобаларын айшықтайтын көрме көпшілік назарына ұсынылды. Аймақ кітапханаларының тарихы мен тыныс-тіршілігі, сондай-ақ кітапханашы мамандығының беделін арттыруға бағытталған көрме өзара тәжірибе алмасуға өзек болды.
Салтанатты жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, облыстық кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас кітапханашыларды төл мерекесімен құттықтап, марапат табыстады.
Мереке аясында бір топ кітапханашы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін, Қазақстандық Кітапханалық одақтың «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісін, ҚР Ұлттық кітапханасының, облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді.
Одан бөлек, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаты, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі сияқты марапаттар берілді.
Мерекелік жиын мәдениет саласы өкілдерінің концертіне ұласты.
«СБ» ақпарат





