«Көлеңкеден» шығатын кез келді

440

0

«Nur Otan» партиясының облыс­тық филиалында бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру және экономикаға тарту мәселесі қаралды. Басқосуда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев «көлеңкеден» шығатын кез жеткенін алға тартты. Олай деуге себеп бар. Басқарма басшысының айтуынша, жыл сайын облыста 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады, дегенмен тұрғындардың басым бөлігі жинақтаушы зейнетақы жүйесімен толық қамтылмаған. Бұл ресми емес еңбек қатынастарының  барын тағы бір айғақтап отыр.

– Статистиканы сөйлетсек, өңірде жұмыспен қамтылғандар саны 331,4 мың адам болса, соның ішінде жалдамалы жұмыскер саны 217,6 мыңды, ал өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны 113,8 мыңды құрайды. Міндетті зейнетақы жарнасы оның 130 мыңына ғана аударылған. Осыған қарап, конвертпен жалақы алатын немесе көлеңкелі кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың келешегіне алаңдамайтынын аңғаруға болады. Қазір зейнетақы жүйесі толықтай еңбек өтіліне байланыстырылған. Әлеуметтік сақ­тандыру жүйесінде де еңбек өтілі мен өтемақы мөлшері арасындағы байланыс күшейген. Сондықтан әрбір тұрғын өзінің болашағы үшін атқаратын жұмысын заңдастыруға мүдделі болуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда жария­лаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да осы мәселенің мәнісіне терең бойлау қажеттігін баса айтты,  – деді Т.Дүйсебаев.

Түйінді тақырыпты облыс бо­йынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов жалғады. Ғалымжан Қалдыкөзұлы 16 тамызда «Облыста бейресми жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру және сапалы жұмыс орындарын құру бойынша 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» Жол картасы қабылданғанына тоқталды. Мемлекеттік кірістер органдары  салықтық құқықбұзушылықты бол­дыр­мау мақсатында бақылау жұ­мыстарын күшейткен. Осындай бақы­лаудың нәтижесінде бекітілген талаптарға немқұрайлы қарап, заң нормаларын аттаған салық төлеу­шілер анықталды. Мәселен, 6 айға тапсырылатын салық есептіліктерінде еңбекақы қоры туралы мәліметті ұсынбаған кәсіпорындар көп. Сондай-ақ, қосымша құн салығында айналымы бар 269 салық төлеуші нөлдік көрсеткішпен есеп тапсырған. Онда жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық көрсетілмеген. Осыған байланысты департамент 54 млн теңгені құрайтын  қосымша салықты өсіммен өндіріпті.

Жиында облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағанбетов пен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Аида Әбибуллаева да жүйе­дегі бірқатар кемшілікті айтып, олардың шешім табуына бірлесіп ықпал жасауға шақырды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<