Күн шалмас көңілге сөз сәуле төгеді

597

0

Дәл бүгінгі таңда күллі әлем жұртшылығының алдында бір-ақ мақсат тұр, ол – дүниені жайлаған індетті жеңу.

Осы сындарлы шақта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге арнап үндеу жолдады. Үн­деуде қоғамдық тәртіптің қатаң бақылауға алынатыны, көпшілік іс-шараларының тоқтатылатыны айтылды. Еліміздің аумағына кіріп-шығуға шектеу қойылды. Бұл – әрине, халықтың амандығы, әрбір адамның денсаулығы үшін жасалып отырған шара.

«Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз» деді Президент.

Шын мәнінде, «төртеу түгел болсақ» төрімізді ешқандай жауға басқызбаймыз. Қазақ – бірлігі бекем, рухы асқақ халық. Қазір бізге жақсы оймен, жарқын үмітпен өмір сүру маңызды. Жел сөзге құлақ түрмейік, жеңіл-желпі жүрмейік. Жүзін жасырып келген жау шекарамыздан өтсе де, жүрегімізге жетпесін, ұрпағымызға кетпесін. Бұл үшін бізге не керек екенін Президентіміз де айтып жеткізді, аймақ басшылығы да ескертіп отыр.

Қазіргі кезең – тәртіпке бағынып, уайымға бой алдырмай, уақытыңды өз отыңның басында өткізетін кезең. Баршамыздың амандығымыз үшін күндіз-түні жұмыс басында жүрген азаматтардың, аурумен алысқан ақ желеңді абзал жандардың еңбегін құрметтейік.

Әр ауылдың қазынасы болып отырған абыз ақсақалдарымыз бар. Солардың ақылын алайық, айбарын сақтайық. Біз – өмірін ойын-тойсыз өткізбеген елміз. Аз уақыт тоқталып қалған тойымыздың жалғасын көру үшін жалпы елге түскен салмақты бір иықпен көтеруіміз керек. «Көп­пен көрген ұлы той» деген дана­лықты естен шығармайық, ағайын. Жазып қойған хатпен тең сол қарт­тарды тыңдасаңыз, біздің аталары­мыздың сөз қылуға ауыр небір қаты­гез сынақтарды бастан кешкенін айтады. Ашаршылықты да, қуғынды да, көшкінді де, соғысты да көрген әкелеріміз сол қиындықтарды білекпен емес, бірлікпен жеңген. Бұл індет – «маған неғыласың» дейтін дара батырлықты алып ұратын жау. Сондықтан кім болса да өз басымның ғана саулығын сақтауым керек деп ойламай, өз әрекетімен бүкіл елдің амандығына атсалысып отырмын деп білуі тиіс.

Сейсенбі күні мені облыс әкімі Г.Әбдіқалықова қабылдап, орын алған жағдайға байланысты ой бөлісті. Аймақта тұратын ардагер­лердің жағдайы мен кеңестің қоғам өміріндегі маңызы сөз болды.

Мен облыс көлемінде 723 бас­тауыш ұйым, оның 74 мыңға жуық мүшесі бар екенін айттым. Бүгінгідей төтенше жағдай кезеңінде олардың әрқайсымен телефон арқылы байла­нысып отырғанымды баян еттім.

«Жаңа қызметімді үлкендеріміз­дің ақ батасын алып бастасам деп едім. Біз қай заманда да үлкенін сыйлап, құрметтеген халықпыз. Өкінішке қарай, қариялармен жүзбе-жүз кездесіп, пікірлесудің сәті түспеді. Алайда, вирусты жеңгеннен кейін арнайы кездесу ұйымдастырамыз. Елді мекендерді аралаған кезде де арнайы жүздесетін боламын. Дәл қазір ол кісілерге үйден шықпай, ден­саулықтарын сақтағаны жөн. Арда­герлерімізге менің сәлемімді жет­кізерсіз» деді облыс әкімі жылы лебізбен.

Мен күніге жұмыс орныма екі мәрте барып, аймақтың әр қиырындағы ардагерлермен тікелей тілдесуге тырысамын. Себебі мұндай кезеңде адам ой дүниесінің мұң, торығу сезімдерімен ластанатыны белгілі. Қазақ «арма деген әлге қуат» дегенді осындай жағдайды мегзеп айтқан. Сондықтан осы бір сәтте біздің жақсы сөз, жылы лебізіміз бір-біріміздің бойымызға қуат, ойымызға шуақ құятыны анық. «Күн шалмас қараңғы көңілге сөз сәуле төгеді» демеуші ме еді.

Міне, ағайын, менің айтпағым сын сағатта әрбіріміз әрекетімізге, нәпсі-қалауымызға шектеу қойып, халықпен бір болайық.

Басымыз жарқын күндерде қосылсын!

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<