«Адамдар – инфрақұрылымға» қағидатының сақталуы айрықша маңызды. Болашағы бар ауылдарды дамытуға баса назар аудару керек. Басты мақсат – олардың Өңірлік стандарттар жүйесіне сай болуын қамтамасыз ету. Бұл ұстанымдар Аумақтық даму жоспарында бекітілуге тиіс».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан
Қызылорда облысының картасына қарайтын болсаңыз, оның ең басты ерекшелігі – көлік инфрақұрылымын және логистика мүмкіндіктерін аңғаруға болады. Облыс бойынша Сырдария өзені созылып жатыр. Өзеннің бойымен теміржол және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы өтеді. Аталған автожол бойында өңірдегі елді мекеннің 85%-і орналасқан. Онда облыс халқының 93%-і өмір сүреді. Облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3397 шақырым. Оның 1016 шақырымы – республикалық, 557 шақырымы – облыстық, 1824 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдар.
Маңызы зор бағдарлама
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында орталықты өңірлермен жалғайтын біртұтас көлік желісі қалыптасуда. Стратегиялық маңызы зор инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды» деп атап көрсетті. Жалпы «Нұрлы жол» бағдарламасының еліміз үшін аса маңызды роль атқарғанын айта кету қажет. «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын 2015 жылы сәуір айында ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекітті. Бағдарлама мақсаты тиімді инфрақұрылым құру арқылы еліміздің макроөңірлерін кіріктіру болды. Соның нәтижесінде «Нұрлы жол» бағдарламасы ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналды. Сонымен қоса, заманауи әрі сапалы автомагистральдардың пайда болуына орай жаңа жұмыс орындары құрылды, транзиттік жүк тасымалы артты, әлеуметтік инфрақұрылым жақсартылды. Мемлекеттік бағдарлама іске асырылған бес жыл ішінде оның еліміздің жалпы ішкі өнім көрсеткішінің өсуіне едәуір ықпал ететіні анықталды.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік бағдарлама іске асырылған уақытта экономиканың өсімі 16% деңгейінде қамтамасыз етілді. Қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар 10 мың шақырым республикалық маңызы бар жолдар мен 15 мың шақырым жергілікті маңызы бар жолдар жөнделді. Бағдарламаның аяқталу қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық күйдегі республикалық маңызы бар автожолдардың үлесі 88%-ке, жергілікті жолдардың үлесі 71%-ке дейін жеткізілді.
Осы жылдары Қызылорда облысында 2286 шақырым автомобиль жолдары мен қала, кент және елді мекендер көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, облыс аумағында 19 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Осылайша, бес жыл ішінде жүзеге асырылған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы өзінің табыстылығы мен Қазақстанның экономикалық өсуі үшін маңыздылығын дәлелдеді. Сол себептен де 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында өз жалғасын тапты. 2019 жылғы 31 желтоқсанда ҚР Үкіметінің қаулысымен 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.
2021 – жемісті жыл
2021 жылы облысымызда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жақсартуға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 17,9 млрд теңге қаражат бөлініп, ұзындығы 309 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен көпір өткелдері және көшелер жөндеуден өткізілуде.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары ұсынған мәліметке жүгінсек, биыл республикалық бюджеттен төрт мемлекеттік бағдарлама арқылы 10,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып отыр. Атап айтқанда: «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен 9312,5 млн теңге бөлініп, ұзындығы 195 шақырым болатын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жөндеуден өткізілді.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1812,2 млн теңге бөлініп, Қызылорда қаласындағы Сырдарияның сол жағалауын игеру мақсатында 3 жоба жүзеге асырылды.
Атап айтқанда Қызылорда қаласындағы Бейбарыс Сұлтан көшесінен Қызылжарма каналына дейінгі (оң жағалау) ұзындығы 4 шақырымды құрайтын магистральды көшенің құрылысы жүргізіліп, сол жағалаудағы Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін бойлай Бейбарыс Сұлтан көпіріне дейінгі магистральды көше (2,3 шақырым) салынды. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы «Эдельвейс» саяжай ауданының сол жағалау бөлігінде ұзындығы 1,1 шақырым магистральды көше құрылысы бастау алып, әуежайға баратын жолға қосылды.
Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша барлығы 2815,9 млн теңге бөлініп, ұзындығы 78,5 шақырымды құрайтын елді мекендер көшелері жөндеуден өткізілді. Сол секілді «Кіші қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында Арал және Қазалы қалаларының 20 көшесін реконструкциялауға 1859,5 млн теңге бөлінді.
Облыстық бюджеттен бөлінген 2084,7 млн теңге қаржыға Қызылорда қаласы Сырдарияның сол жағалауындағы 4 жолақты ұзындығы 8,3 шақырымды құрайтын магистральды көше құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Облыстық бюджеттен сол жағалаудағы Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін бойлай орналасқан магистральды көше құрылысын аяқтауға, Жаңақорған ауданының Қожакент, Манап ауылдарының көшелерін, облыстық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеуге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар облыстық маңызы бар жолдардың бойындағы 5 апаттық жағдайдағы көпірге және Қазалы ауданындағы Қарлан учаскесінде Сырдария өзені арқылы көпір салуға жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Жол жөндеу жұмыстарына қолданылатын материалдардың сапасын және төселген асфальт жабындысынан сынама алып зертханалық тексеруден өткізу қызметін көрсетуде «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» РМК-мен келісім-шарт жасалып, жалпы 94 көше жолына тексеру жүргізілді.
2021 жыл қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесі 75%-ке жеткізілді.
Жолаушыға таңдау көп
Бүгінгі таңда, облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 204 автобус маршруты ұйымдастырылған. Оның ішінде ауданаралық – 71, кентішілік – 101, қалаішілік және қала маңы – 32 маршрут жұмыс істеуде. Осы маршруттарда барлығы 30-дан астам заңды және жеке тұлғалар әртүрлі сыйымдылықтағы 1405 автобуспен жолаушы тасымалдау қызметін көрсетуде.
Сонымен қатар, Ташкент қаласына 1 халықаралық және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе сынды қалаларға облысаралық 13 автобус маршруты жүруде.
Облыста автовокзал, автостанциялар және жолаушыларға қызмет көрсету пункттеріне енгізілген Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарындағы 4 автовокзал және 8 автостанса халыққа қызмет көрсетеді.
Қазір Қызылорда қаласы бойынша 25 қалаішілік және 8 қала маңы маршруттары ұйымдастырылған. Күнделікті осы маршруттарда 300-350 аралығында автокөлік қызмет көрсетіп келеді. «Қызылорда» Автобус Парк» ЖШС балансында 135 автобус бар.
Қызылорда облысынан өтетін магистральды теміржол желісінің жалпы ұзындығы – 1051,7 шақырым. 8 теміржол вокзалы (Қызылорда, Шиелі, Жаңақорған, Сексеуіл, Арал теңізі, Қазалы, Жосалы, Төретам) бар. Облыс арқылы 19 жұп пойызы өтеді, оның ішінде облыс орталығынан 5 жұп пойызы ұйымдастырылған.
Әуежай терминалы кеңейтіледі
Әуе көлік кешенін дамыту – кез келген мемлекеттің экономикалық саясатының басым міндеттерінің бірі. Бүгінде облыс бойынша осындай маңызды жобалардың бірі – «Қорқыт ата» әуежайының жаңа халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы. Оның үстіне біздің әуежай «халықаралық» мәртебеге ие. «Қорқыт ата» әуежайы арқылы аптасына 23 тұрақты рейс қатынайды. Атап айтқанда, Мәскеу, Анталия, Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Қарағанды қалаларына рейстер ұйымдастырылған. Бұл рейстерді «Аэрофлот», «AirAstana», «Qazaq Air», «Fly Arystan» әуе компаниялары орындайды. Осы жылдың тоғыз ай есебі бойынша әуежайда 103,18 мың жолаушыға қызмет көрсетілген.
Алайда, әуежай терминалының қазіргі жағдайы бүгінгі заман талабына сай келмейді, жолаушылар легін қабылдау мүмкіндігі төмен. Сондықтан әуежайда жаңа терминал салу мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Биыл осы бағыттағы жұмыстар бойынша айтарлықтай жағымды жаңалық бар. «Болат Өтемұратов қоры» облыс басшылығы тарапынан болған ұсынысты іске асыруға ниет білдірді.
26 қазанда Қызылорда қаласында «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалын салу бойынша облыс әкімдігі, «Қорқыт ата» әуежайы АҚ және «Болат Өтемұратов қоры» меморандумға қол қойды. Меморандум бойынша қор жобаны толық қаржыландырады.
– «Болат Өтемұратов қоры» біздің ұсынысымызға құлақ асып, жобаны іске асыруға ынталы екеніне қуаныштымыз. Әкімдік өз тарапынан жобаны жүзеге асыруға толық көмек көрсетуге дайын, – деді осы кездесуде облыс әкімі.
Қазіргі таңда әуежайдың қолданыстағы жолаушылар терминалын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа әуежай терминалы халықаралық стандарттар талабына сәйкес заманауи үлгіде салынуы тиіс. Жоспар бойынша әуежай сағатына 300 жолаушыға қызмет көрсете алады, яғни қазіргі жолаушылар қабылдау мүмкіндігінен екі есе артық болады.
– Бүгінгі күні жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Оған мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. «Жобаға сәйкес, терминалдың ауданы қазіргіден екі есеге ұлғайтылады, яғни шамамен 1400 шаршы метрге кеңейеді. Кеңейтілген әуежай терминалында барлық халықаралық стандарт талаптарына сай жолаушыларға қызмет көрсетуге қажетті жағдайлар қарастырылады, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов.
Даму жоспары бекітілді
ҚР Үкіметінің Қаулысымен 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Биылғы 1 кыркүйектегі Мемлекет басшысының Казақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 51 тармағын орындау мақсатында ҚР Премьер- Министрінің орынбасары Р.Скляр 2021 жылы 5 қазанда жол картасын бекіткен болатын. Осы жол картасының салалық министрліктермен бірге 6, 7 және 8 тармақтары бойынша жергілікті атқарушы органдарға облыстық инфрақұрылымдық даму жоспарын әзірлеу, ұсыну және келісу тапсырылған болатын. Осыған байланысты 2022-2024 жылдарға арналған Қызылорда облысының көлік инфрақұрылымын дамыту жоспары бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің келісімі алынды.
Осы жоспар жақында өткен сессияда депутаттар назарына ұсынылды. Онда облыс инфрақұрылымын дамыту бойынша құны 23,1 млрд теңгені құрайтын 47 жоба енгізілген. Оның 2022 жылы атқарылатын жұмыстарына 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп тұр. Бұл келесі жылы осы мақсатқа жұмсалатын қаржының шегі деп есептелінбейді. Республикалық бюджеттен тағы да 10 млрд теңгедей жұмыстың жоба-сметалық құжаттары тапсырылған.
Жоспарға енгізілген қырық жеті жобадағы жұмыстар атқарылғанда облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткіш үлесі 2022 жылы 82%-ке, ал 2024 жыл соңына қарай 95%-ке жетеді деп күтілуде.
Сессияда жоба депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, бекітілді. Осылайша Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан «Әкімдер мен Үкімет әрбір өңір үшін дәл осындай инфрақұрылымдық даму бағдарламасын қолға алуы керек» деген тапсырмасы орындалуда.
Жезқазған жолы жаңартылады
Көп жылдардан бері Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ескі тас жолдың жөнделіп, заманауи стандарттарға сай болуы қоғам тарапынан жиі талқыланып келді. Бұл мәселені облыс әкімдігі өткен жылы бірнеше мәрте үкіметтік деңгейде көтерген. Соның нәтижесінде ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау тауып, қос өңірдің халқы үшін ірі маңызға ие «Қызылорда-Жезқазған» тас жолын жөндеу жұмыстары келесі жылы жүзеге асатын болды.
Республикалық маңызы бар А-17 «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автомобиль жолының «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының 12-216 шақырымы аралығын, яғни ұзындығы 204 шақырымды қайта жаңарту жұмыстары бойынша жоба-сметалық құжаттары өткен жылы дайындалды. Бас жобалаушы – «Каздорпроект» ЖШС, ПИИ «Каздорпроект» ЖШС және «Семдорпроект» ЖШС консорциумы.
Жобаны қаржыландыру мақсатында Еуропалық қайта құру және даму банкінің тәуелсіз сарапшылары түрлі экономикалық және әлеуметтік сараптамалардан өткізді. Сонымен қатар, ҚР Үкіметі және Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы келіссөздер нәтижесінде жобаны осы банк ұйымы арқылы қаржыландыру мәселесі шешімін тапты.
Сонымен Қазақстан Үкіметі тарапынан «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкімен құны 240 миллион доллар болатын «Жезқазған-Қызылорда» автомобиль жолының жаңа жобасына қол қойды. Компания бұл қаржыны Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ұзындығы 204 шақырымдық ескі жолды күрделі жөндеуге, сондай-ақ, Қызылордадағы ұзындығы 14,8 шақырымдық айналма жолдың құрылысына бөлмек. Жолды салу бағыты Қызылорда облысы аумағынан басталады.
Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау үшін тендерлік рәсімдер қорытындылануда. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
«Қазавтожол» ҰК облыстық филиалы мамандарының айтуынша, жобада ені 7 метр болатын III техникалық санаттағы автомобиль жолын ені 9 метр болатын II техникалық санаттағы жолға ауыстыру қаралған және толығымен жарықтандырылған I-б санаттағы Қызылорда қаласының айналма жолын салу жоспарланған. Сонымен қатар, 2 жол айрығы, 2 ауыл шаруашылық техникалары мен үй жануарларына арналған жол өткелдері, су арналарынан өтетін 3 көпір, 2 көпфункционалды аралық бақылау (салмақ, габарит, жылдамдық) өлшейтін аркалар, 5 дәретхана, 6 демалыс алаңы, 56 су өткізгіш құбыр, 10 мал өткелі, 117 жол қиылысуы және түйісуі қарастырылған.
Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 3 жыл мерзімде жүргізіледі және шамамен 2,5 мың адам жұмыс атқарады. оның 70%-і, яғни 1750 адам жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Біріншіден жол құрылысы жүздеген адамды жұмыспен қамтып, тұрақты жалақымен қамтамасыз етеді. Жолдың жақсаруы, инфрақұрылымдық желінің дамуы жүк транзиті көрсеткішінің өсуіне, жалпы ел экономикасының дамуына әсері етеді.
Жезқазған жолы жаңғыртылуымен Президент Жолдауындағы өңірлердің орталықпен байланысын жақсарту жөніндегі кезекті тапсырмасы іс жүзіне аспақ.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<