Қызылордалық Мария Омарова 10 шақты тіл біледі, оның бірнешеуінде жетік сөйлейді. Өзі — Qyzylorda телеарнасының арнаулы тілшісі. Полиглот әріптесіміз Kazinform тілшісіне тіл үйренудің тиімді тәсілдері, оны білудің артықшылығы туралы айтып берді.
— Мария, неше тіл білесіз? Оны қалай, қайдан үйрендіңіз?
— Мен Өзбекстан Республикасында туғанмын. 16 жыл сонда тұрып, 2004 жылы Қызылордаға көшіп келдік. Мектепті осында бітірдім. Өзбекстанда мектепте өзбек, неміс, корей тілдерінен сабақ өтетін. Сабақты жақсы оқыдым. Кейде жоғары сыныптағылар келіп, неміс тілінен тапсырманы орындауға көмек сұрайтын. Қазір бұл тілдерде мәтін оқып, мазмұнын айтып бере аламын. Қызылордаға көшетінімізді білгенде ағылшын тілін оқи бастадым. Үйде транскрипциясы бар ағылшын-орыс сөздігі болатын. Күнделікті таңертең сағат 6-да тұрып, 50 сөзден жаттаймын. Грамматикасы, сөздері неміс тіліне ұқсас болғандықтан шығар, репетиторсыз үйрендім.
Қызылорданың мектебіне ауысқасын да алдыма жан салғаным жоқ. Қазір ағылшын тілінде еркін сөйлей аламын. Француз тіліндегі грамматика негіздерін студент кезімде таныс қыздан оқыдым. Одан әрі интернеттен бейнесабақтарды көру арқылы машықтандым. Ал Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен соң испан тілінің бастапқы деңгейін, түрік тілін сөйлесе алатындай деңгейде үйрендім. Мен барлығы 9 тіл білемін. Қазақшам мен орысшам онсыз да жақсы болды.
— Тілдердің ішінде қайсысын үйрену жеңіл немесе қиын болды?
— Мен үшін ең қиыны — корей тілі. Әліппесі мүлдем басқаша. Алғашқы кезде қалай оқылатынын түсінбегеннен жылап алатынмын. Бір күні жергілікті шіркеуге Оңтүстік Кореядан пастор келіп, кешкі уақытта корей тілінен сабақ беретінін жариялады. Соған барып, әріптері қалай оқылатынын түсіндім, одан әрі жеңіл болды. Қалғандары қиындық туғызған жоқ. Әсіресе, есейген шақта саналы түрде үйренген түрік және испан тілдерін оп-оңай меңгеріп алдым. Түрік тілі өзбек және қазақ тілдеріне, испан тілі ағылшын тіліне ұқсайтын әрі екеуі де ұнайтын болғандықтан шығар, еш қиындығын сезбедім.
— Полиглот болудың қандай артықшылықтары бар? Тілді үйрену бөлек, сол тілде сөйлейтіндермен араласпасаң ол да қала беретін сияқты. Бұл жағы қалай?
— Полиглот болғаныма балаларым қуанады. Бірде қызым «Сізбен саяхаттаған рахат, Түркияда түрік тілінде, Ташкентте өзбек тілінде сөйлей бересіз» деп мақтанды. Әрине, шетелдіктермен өз тілінде сөйлессең, риза болып қалады. Журналистикада да мұның пайдасын көріп жүрмін, сырттан қонақтар келгенде аудармашы іздемей өзім-ақ сұхбат ала беремін. Кейде әріптестерім көмек сұрайды, оларға да қуана-қуана көмектесемін. Одан бөлек, апта сайын интеллектуалды ойындарға қатысамын. Сол кезде әрбір тілден аударылған сөздердің мағынасын түсіну, жауабын табу оңай болады. Көп тілді білген өзім үшін өте пайдалы. Ойың ашық, көзқарасың кең болады. Басқа тілді меңгерген сайын өз тіліңнің әсемдігін ұғып, оны бұрынғыдан бетер жақсы көре түсесің. Тіл білу мақсатында шет елге саяхаттау немесе жұмыс бабымен уақытша тұру болмаса, біржола көшу ойымда жоқ.
— Отбасыңда өзің сияқты оқуға, тіл білуге қызыққандар болды ма?
— Бұл әулет бойынша қанымызда бар қабілет екен. Арғы бабамыз Ташкент генерал-губернаторының тілмашы болған. Қай тілді де үйрену қиынға соқпайтыны содан-ау деп ойлаймын. Мектепте оқығанымда бір қызық жағдай болды. Сыныптасыма неміс тілінде етістіктің жіктелуін қанша айтсам да түсіндіре алмадым. Қатты ашуым келді. Кейін қарап отырсам, сол кезде мен барлық адам тілді оп-оңай үйренуі керек деп ойлаппын.
— Адамның жасы ұлғайған сайын білім үйрену де қиынға соғады дейтін пікір бар. Тағы тіл үйренуге бұл кедергі емес пе?
— Жасым 37-де, әзірге ешқандай қиын емес. Бірақ тағы басқа тіл үйрену жоспарда жоқ. Бос уақытта ағылшын, түрік тілдерінде сабақ оқимын. Түрлі тақырыптағы сөз жинақтарымен танысу үшін Telegram әлеуметтік желісіндегі неміс, француз, испан тілдеріндегі арналарға жазылдым. Көп тіл білу қартайғанда Альцгеймер ауруының алдын алудағы жақсы әдісі екенін білемін, сондықтан күнделікті аз-аздан оқу әдетіме айналды.
— Қай тіл өзіңізге көбірек ұнайды?
— Кітаптарды көбінесе қазақ және орыс тілдерінде оқимын. Ана тілімізден артық тіл жоқ деп ойлаймын. Түрік және испан тілдерінде сөздер әуезді әрі еркін естіледі. Адамдар неміс тілін дөрекі, жағымсыз деп есептейді, бірақ ол керісінше өте жағымды. Жалпы тілдің жақсы-жаманы болмайды, әрқайсысының өзіне тән әдемілігі бар. Бірде университетте ежелгі әдебиет курсынан латын тілінен 10 нақыл сөз жаттап келуді тапсырды. Оның орнына қызығушылықпен 20 афоризм жаттап алғаным бар. Қазір де латын тіліндегі әдемі, мағынасы терең афоризмдерді көрсем, қойын дәптерге түртіп, жаттап алуға тырысамын. Қолданыста жоқ болғанымен өте әсерлі, нық естілетінімен қатты ұнайды. Мүмкіндік болса, шет ел тілдерін үйренуге кеңес беремін. Қай жағынан да өте пайдалы.






