Көптің көңіл төріне көшкен

10

0

«Азырақ болып ортаңда, көңіліңде қалсам көбірек» деген жыр жолдары аз ғұмырында артына өшпес із қалдырған айтулы азаматтардың болмысы мен бейнесін айғақтағандай.  Халық жақсы мен жайсаңын, асылы мен ардақтысын ұмытпайды. Қамбарбек Амангелдіұлы жұртшылықтың көз алдында өскен, қызметін қалтқысыз атқарған азамат еді. Жарқын бейнесі көптің көңіл төріне көшкелі де бір жыл болыпты.

Ол өз ісін жетік меңгерген кәсіби­лігін, іскерлігін Шиелі ауданында салық комитеті төрағасының орын­ба­сары, кейін төрағасы, содан соң аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған кезінде-ақ танытып үлгерді. Мемлекеттік қызметтің уақытпен санаспайтын жұмыс ырғағына әбден үйренген, экономика мен қаржы саласының білікті маманы  екені көзге көрініп тұратын.   

Жалпы адамның қабілет-қарымын егжей-тегжейлі зерттеген сарапшылар жетекші, көшбасшы болуға жарарлық жан жүздің, мыңның арасынан іріктеліп шығады деген тоқтамға келіпті. Расында, бұл ой қазық байлауға тұрарлық. Елдің алдында еңсесін тік көтеріп, арқасы қорған ағалардың ізін жалғаған інілерді мақтан тұтамыз, тілеуін тілейміз. Жолы ашық, ісі ілгері болса екен дейміз. Қамбарбек басшыға, білікті маманға тән қасиеттерімен үлгі болып жүрген жан еді. Амал нешік, тым ерте кетті.   

Оның пікірі іскер маман, ұйымдас­тыру­шылық қабілеті мол басшы болған­дықтан ғана емес, өңір экономикасының қыр-сырын жетік білетін экономист-қаржыгер ретінде де жоғары бағаланатын. Қаржы саласының басты қағидасы нақ­тылық болғандықтан, мәселені ұзақ талқылағаннан гөрі шешімін айтатын.    Қарапайымдығы мен кішіпейілдігі әркез ерекшелендіріп тұратын, жан-жағын­дағылар осы қасиетіне тәнті еді.

Елді коронавирус пандемиясы жайлаған жылы Шиелі ауданына әкім болып барды. Әлемді тарының қауызына сыйғызған сол кезеңді жұрт ұмыта қойған жоқ шығар. Сондай уақытта Қамбарбек адамгершілік қасиетін әрі іскерлігін  танытты. Өз ісіне мығым, жұмысына жауапты, жан-жағына сыйлы, жанашыр әкім болып ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосты. Шиеліліктердің оны құрметті азаматымыз деп тануы осы еңбегіне берілген баға іспетті. 

Естелік атаулы өмірді өрелі өне­гесімен өрнектеп өткен жандар туралы өскелең ұрпақ білуі керек болғандықтан жазылады.  Қамбарбек Амангелдіұлы туралы шағын жазбамыздың да мақсаты осы. Абзал азаматтың иманы саламат болғай!

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

мемлекет және қоғам қайраткері