Қызылордада Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі, ғалым-публицист Қали Омаровтың «Парызға адалдық» кітабы оқырманға жол тартты. Жаңа еңбектің тұсаукесер рәсімі бейсенбі күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада өтті.
Автор Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі еңбек жолын 1993 жылы бастаған. Осы аралықта оқытушыдан профессор деңгейіне дейін көтерілген. 2003 жылғы сәуір айынан бастап ғылыми-ұйымдастырушылық қызметте. Университеттің ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласында бөлім және басқарма басшысы, ғылыми зерттеу институты мен департамент директоры, проректоры секілді жолдан өтті. 2022 жылдан бастап университетте бас редактор болып еңбек етіп келеді.
Бұл автордың бірінші кітабы емес. Қали Омаров біраздан бері тарихи тұлғалардың өмірі мен азаматтық істерін зерттеп, Сыр өңірінің руханияты туралы еңбектерді жарыққа шығарды. 1 монографиясы, 11 кітабы, 16 ғылыми, оқу-әдістемелік құралы мен ұсынымдары, 570-тей ғылыми, танымдық және публицистикалық мақалалары, очерктері мен эсселері газеттерде, ғылыми жинақтарда, энциклопедияларда жарияланған. Сонымен қатар 15 кітаптың құрастырушысы, 85 кітап пен ғылыми жинақты саралаған білікті редактор. Республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылған 6 ғылыми жобаның орындаушысы. Ал мақалалары енген «Сыр елі», «Қазақстан тарихы», «Қазақ көтерілістері» және «Ислам» энциклопедиялары арқылы біз оны ғалым-энциклопедист ретінде тани түсеміз.
Қали Омаровтың ұзақ жылдық ізденісі мен бастамасының нәтижесінде Қызылорда қаласының көшелеріне ел азаттығы, жер тұтастығы үшін күрескен Батыр хан Қайыпұлы, Сыздық сұлтан Кенесарыұлы, Кетебай би Жолайұлы, Өтетілеу би Кетебайұлы, Пірәлі би Өтетілеуұлы, Зарқұм би Қуанышұлы сынды тарихи тұлғалардың, Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Біліс Нұрпейісовтің, сондай-ақ Сырдария ауданының Іңкәрдария ауылының бір көшесіне үш әскери орденнің кавалері, соғыс және еңбек ардагері Әбді Омаровтың есімдері берілді.
Қызылорда қаласындағы «Жиенай» баспасынан жарық көрген «Парызға адалдық» кітабына зерттеулері, ғылыми, танымдық және публицистикалық мақалалары топтастырылған. Сонымен қатар әр жылдары жазылған рухани ағалары, достары мен әріптестерінің ой-пікірлері мен лебіздерін оқуға болады.
Кеште сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, техника ғылымдарының докторы Серікбай Қошқаров, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Жанбершиева, профессор, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев автордың әдебиетке қосқан үлесін бағамдады. Жаңа еңбегінде қозғалған тіл, діл, тарих, патриотизм мәселелері жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды арттыруға зор септігін тигізетінін атап өтті.
Кітап тұлғатану және отандық тарих саласына қызығушылық танытқан қалың көпшілікке арналған. Кеш соңында қатысушылар «Ұлт руханиятының жанашыры» атты кітап көрмесімен танысты.
«СБ» ақпарат





