КӨШЕЛЕР КЕҢЕЙІП, ЖОЛ ЖАҚСАРДЫ

320

0

Қалада жол жөндеу жұмыстары қарқын алып, көшелер кеңеюде. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар үлесі артып отыр. Шет аймақтардағы көшелер де талапқа сай тақтайдай тегістеліп, ел игілігіне берілуде. Осы орайда жол құрылысын бақылау мақсатында қала әкімдігі пресс-тур ұйымдастырды.

Алдымен қаладағы И.Сейітов кө­шесінің М.Шоқай көшесінен Б.Қаш­­қынбаев көшесіне дейінгі ара­лы­ғына жүргізіліп жатқан күрделі  жөндеу жұмысымен таныстық. Ұзындығы 700 метр көшені «РиА Сервис» ЖШС қолға алған. Аумақ басшысы  Нұржан Бектібаев атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді.

– Осы кезде асфальттың төменгі қабатын салып жатырмыз. Маусым айында аяқтаймыз. Жол сапасын бақылайтын зертханамен бірлесіп жұмыс істейміз.  Жұмысқа қажетті техникалар жұмылдырылған. 15 адам еңбек етеді. Бұдан бөлек, мердігер есе­бінен «Саяхат» шағын ауданындағы Ә.Қайруллаев, Бұлғақов көшелері мен КБИ-дағы Атамекен, Атакент көше­лері де жөнделуде, –деді ол.

Мұнда жұмыс қызу жүріп жатыр. Алып техникалар бірінен соң бірі жолды тегістеп өтуде. Көше тұр­ғындары жұмысшылардың еңбегіне риза.

Одан әрі  «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылын Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін қайта жаңғырту жұмыстарын көрдік. Бүгінде жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. Даңғылдың ұзындығы – 2,9 шақырым, 4 жолақты.  Мердігер – «УАД» ЖШС. Аумақтағы мамандар жұмыстың сәуір айында басталғанын айтты. Жерді тазартып, тегістегеннен кейін, төменгі қабаты берік болу үшін таудың тасын салыпты. Қажетті материалдың бәрі де жергілікті. Жаңақорған, Шиелі аудандарынан қиыршық тас та­сы­малдануда. Қазір мұнда 25 техника, 25 адам бар. Сондай-ақ Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін нығайту мақсатында тірек қабырғалар құйылуда. Оған 30 адам жұмысқа тартылыпты.

Бұл жоба толық аяқталғанда қа­ладағы ескі базар аума­ғын­дағы көлік кептелісі мәселесі оң шешімін табады.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 17 жоба жүзеге асады. «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылының бойындағы «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірін  салуға қаржы бөлініп, мердігер мекеме «Сервис НС» ЖШС болып бекітілді. Бейбарыс сұлтан көшесі мен Жаппасбай батыр кө­ше­сінің қиылысындағы көлік жол­айыры­ғына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Нәтижесінде «Қыран» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды. Қалаға қарасты «Қызыл­өзектегі» «Қожақ» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірі де күрделі жөндеуден өтуде. Шет аймақтағы 11 көшенің құрылысы басталды. Қаланың солтүстік бөлігіндегі кіреберіс сана­латын Сағымбаев көшесі 4 жолақты етіп кеңейтіледі.

Бұдан бөлек, ұзындығы 49 ша­қырым болатын 77 көшеге күрделі жөндеуге және 8 шақырымдық 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстарына жоба әзірленіп, өтінім ұсынылды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»