Коммуналдық қызмет: ілгерілеу іркілмеуі тиіс

926

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы жөнінде жґне коммуналдық тарифтердің қазіргі жағдайы туралы жиын өтті деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.


Басқосуда Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қыдыркүл Құдабекова, табиғи монополия­ларды реттеу департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхитжан Кәрімбаев, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директоры Руслан Нұрмағанбетов, «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Марат Жамиев және «Энергосервис» ЕЖШС директоры Еркебұлан Есенбаев есеп берді.


Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Г.Өтегенованың айтуынша, жыл басынан бері коммуналдық төлемдерге деген тариф өспеген. Керісінше кей бағыттарда тарифтердің төмендегені байқалады. Мы­салы, сумен жабдықтау қызметтеріне тарифтер қосымша құн салығымен бірге текше метр үшін 45,61 теңге. Бұл – республиканың өзге аймақтарымен салыстырғанда ең төменгі көрсеткіш. Сондай-ақ су тарту тарифі республикадағы орта көрсеткіштен төмен, 48,8%. Дәл осындай көрсеткіш халыққа берілетін жылу тарифінде де байқалады. Көрсеткіш – 48,38%.


Жиында алдағы қысқы жылу беру маусымына дайындық барысы да пысықталды. Жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен, газбен және сумен қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары жоспармен жүзеге асырылып келеді.


Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің дайындығы жоспардағыдай. Облыс әкімі жиынға қатысушыларға мәселені жіті назарда ұстау керектігін тапсырды. Сондай-ақ халыққа қолайсыздық тудырмай, қаладағы жылу құбыры магис­тралінің жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауды жүктеді.


Облыс бойынша 1185 әлеу­меттік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымына 39,5 мың тонна қатты отын және 26 мың тонна сұйық отын қажет. Бүгінгі таңда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары мен автономды қазандықтардың жөндеу жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда.
Сондай-ақ жергілікті тұрғындарға 163,6 мың тонна көмір отыны қажет. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында көмір өндіретін кәсіпорындармен тікелей келісім-шарт жасау жұмыстары атқарылуда.


«Нұрлы жер», «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларымен инженерлік желілерге қайта жаңғыр­ту және көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізілуде.
Жиын соңында облыс әкімі жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуін қатаң бақылауға алуды және тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу әрі реттелетін коммуналдық қызметтерге тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.


«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<