Коммуналдық қызмет қалтқысыз көрсетілуі тиіс

85

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен коммуналдық мәселелер мен жол құрылысының барысы талқыланған жиналыс өтті. Оған жауапты басқарма басшылары, қала мен аудан әкімдері, мердігер мекемелердің өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы 2025 жылы еліміздің барлық елді мекенін 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету туралы тапсырма бергені белгілі. Осы тапсырманы орындау мақса­тында өңірде 2022 жылдан бері 55 жоба жүзеге асырылды. Өткен жылдың қорытындысымен облыс халқының 98,6 пайызы орталық­тандырылған ауызсуға қосылды.

Биыл 9 елді мекенге ауызсу жет­кізіліп, 100 пайыздық меже орын­далмақ. Ал газдандыру деңгейі 83 пайызға жетеді.

Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында «Aksa Energy» түрік компаниясымен бірлесіп, қуаттылығы 240 мега­ваттық жаңа жылу-электр орталығы салынуда.

Жоба аясында 180 МВт-тық 2 газ турбиналық қондырғы (General Electric, АҚШ), 95 МВт-тық бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), қуаттылығы сағатына 120 тоннаны құрайтын 2 бу қазандығы (AC BOILERS, Италия) мен сағатына 150 Гкал жылу өндіретін 4 жылу қазандығын (Mimsan, Түркия) салу жоспарланған.

Бүгінгі күні құрылыс жұмыс­тарының 80 пайызға жуығы аяқталды. Бұдан бөлек, бюджет есебінен 15 млрд теңгеге жаңа жылу-электр орталығына дейін газ құбыры жүргізілді. Жоба аясында автомат­тандырылған газ тарату станциясы мен 45 шақырым газ құбыры салынды.

Биыл бірінші кезекте орталықтың 1 газ турбиналық қондырғысы мен 2 жылу қазандығы, 2026 жылы қалған қондырғылар қосылады. Катар инвес­торымен бірлесіп жүзеге асы­ры­латын, құны 1 млн 800 мың АҚШ долларын құрайтын 1100 мегаваттық бу-газ қондырғысы жобасы бойынша да  жұмыстар басталды.

Бұл жобалар өңірдегі электр энер­гиясының жүктемесін тұрақтан­дыруға әрі еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады, яғни ірі жобаларға қажетті энергетикалық қуаттылықтар пайда болады. Соңғы жылдары 1232 шақырым автомобиль жолы мен көшені, 19 көпірді салуға, күрделі жөн­деуден өткізуге қомақты қаржы бөлінді. Биыл 329 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдар­дың үлесі 95 пайызға жетеді.

Арал, Жаңақорған аудан­дарын­дағы теміржол үстінен өтетін аспалы көпір пайдалануға берілді.

Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» авто­мобиль жолын қайта жаңғырту жұмыс­тары жалғасуда.

Облыс аумағындағы 216 шақы­рымның 163 шақырымы аяқталып, ел игілігіне берілді. Қосымша 12 шақырымына екі қабатты асфальт төселді. Жоба биыл толық аяқталады.

Аймақ басшысы жауапты тұл­ғаларға коммуналдық қызмет  көр­сетуде, жол құрылысында басты талап  сапа  екенін ескертті.