КӘСІПОДАҚ – ЕҢБЕККЕРЛЕР ҚОРҒАНЫ

615

0

КӘСІПОДАҚ – ЕҢБЕККЕРЛЕР ҚОРҒАНЫ №6 қалалық емхана –  облыс орта­лы­ғындағы ірі денсаулық сақтау мекемесінің бірі. 62 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін бұл ұйымда 670-ке жуық қызметкер бар. Бірінші санатты терапевт, эндокринолог дәрі­гер Гүлжан Әбсатова осы ұжымдағы кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін атқарады.

Елбасының рухани жаңғыруға арналған мақаласында әлеуметтік модернизация мәселесіне де көңіл аударылды. Бұл орайда кәсіподақ жұмысы да сырт қалмақ емес.

Жалпы, соңғы уақыттарда еңбек адамын құрметтеу, қолдау жөнінде жиі айтылып, осы бағытта түрлі жұмыстар атқарылуда. Заман талабына сәйкес, кәсіптің түрлері көбейіп, еңбек формасы өзгеруде. Демек, ұжымның әрбір мүшесінің құқығын қорғайтын кәсіподақ комитетіне жетекшілік ету де оңай емес.

Түрлі мәдени-көпшілік шара­лардың басы-қасында жүріп, ұйытқы болудан бөлек, ұжымдағы әр қызметкердің керек кезінде жанынан табыла білу, олардың жұмыс барысындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету де кәсіподақтың басты міндетінің бірі. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, кәсіподақ – жұмыскерлердің басты қорғаушысы, қолдаушысы. Осы орайда Гүлжан өзі сайланған бір жылға жуық уақыт ішінде кәсіподақ жұмысының ережесіне сай іс-шаралар жоспарын құрып, оның мерзімінде орындалуына барын салуда. Күнтізбелік мерекелерден бөлек, еңбек, техникалық қауіпсіздігін сақтаудан бастап, санитарлық-тұрмыстық жабдықтармен жұмыс істеуде сақтық шараларын қаперге алу туралы мекеме қызметкерлері арасында семинарлар өткізеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен ұжымдар арасында өткізілетін   түрлі байқаулар мен шараларға команда жасақтап, олардың дайындығын қамтамасыз етуде де аянбайды. Онан бөлек, қарапайым еңбек адамын қорғау мақсатында әріптестерінің демалысын, сауықтырылуын ұйымдастыру да жоспардағы басты шаралардың бірі. 

– Кәсіподақ – әр мекемедегі қызметкерлердің құқығын қорғау­шы құрылым.

Көпшілігі кәсіподақ қызметін мерекелік іс-шараларды ұйым­дас­тырушы  деп ғана түсінеді. Алайда, ол құрылым жұмысының бір ғана бөлігі. Негізінен кәсіподақ әр жұмысшының еңбегін қорғаушы, бағалаушы, қызығушылығын жақтаушы, қолдаушы, еңбек дауларын шешуші роль атқарады. Кәсіподаққа мүше болу, болмау қызметкерлердің өз еркінде. Мен емханада терапевт, эндокринолог дәрігер болып жұмыс жасаймын. Сонымен бірге күндізгі бөлімде дәрігер әрі бөлім меңгерушісі қызметін атқарамын. Әрине, жауапкершілік ауыр екенін сезінемін, бірақ қолымнан келгенше әріптестерімнің сенімін ақтауға тырысамын. Өйткені, олар кәсіподаққа үміт артады,– дейді ол.

Гүлжан – Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылының тумасы. М.Оспанов атындағы Батыс Қа­зақстан мемлекеттік медицина академиясының емдеу ісі факуль­тетін бітірген. Еңбек жолын осы №6 қалалық емханада аймақтық дәрігер болып бастады. Онан соң дәрігер-эксперт қызметін атқарды. 2015 жылдан бастап күндізгі емдеу бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етуде. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Гүлжан 2013 жылы Алматыда эндокринология мамандығы бо­йынша қайта даярлау курсынан өтіп, терапевт мамандығымен қатар, елімізде тапшы маманның бірі – эндокринолог дәрігер мамандығын меңгеріп, емханадағы қызметін жалғастыруда.

Кәсіподақ ұйымының төр­айымы ретінде алға қойған жоспары көп. Бұл жағынан Гүлжан еш қысылмайды. Себебі, мұғалім мен дәрігердің отбасынан шыққан ол қазақы тәрбиенің тұнығына әбден қанып өскен.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<