Күн сәулесіндей ұстаз

287

0

Жақында Қызылорда қаласының «ASU» баспа үйінен» «Дария ғұмыр» атты жаңа кітап жарық көрді. ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, еңбек ардагері Тазагүл Сейітжанқызы жайында мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, әріптес-замандастарының, шәкірттерінің, ағайын-туғандарының естеліктерін, ұстаздың қолжазбаларын жинақтаған бұл кітап адам болмысын боямасыз жеткізген жан азығындай әдемі әсерге бөлейді. Мемлекет және қоғам қайраткері Тәкей Есетұлына жар болып, Айгүл, Айнұр, Асқардың ғана анасы емес, айналасына ақ пейілімен қамқор қолын созған, тағылымға толы ғұмыр иесі Тазагүл ұстаз аса сұңғыла, ел анасына айналған қазақ әйелдерінің жолымен, даналығымен құрметке бөленді. Бүгінде ұстаз тірі болса 80 жасқа келер еді.

Тазагүл Сейітжанқызы 1945 жылы  Қызылорда  облы­сы, Қазалы ауданы Бозкөл ауы­­лында дүниеге  келген. Сейіт­жан Сарышұлы мен Збира Нұрқожақызының отба­сын­да сегіз баланың үлкені Та­за­гүл бауырларына болы­сып, үй шаруашылығына қол­ғабыс беріп өседі. 1960 жылы жеті­жылдық ауыл мекте­бін біті­ріп, 14 жасында М.Мәмет­ова атындағы педагогикалық учи­лищеде оқуын жалғастырады. Н.Гоголь атындағы педаго­ги­калық институттың филология  факультетінде білім алады. 

1964-1967 жылдары №96 «Боз­көл» орта мектебінде қа­зақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. 1967-1970 жыл­да­ры Абай атындағы ауыл­дың №90 орта  мектебінің  ди­­рек­торы  қызметін  атқара­ды. Осы  жылдары аудан­дық,  об­лыс­­тық  партия  конферен­ция­­­ла­­рына  делегат  болып  қа­ты­сып, өңірдің саяси өмірі­не ара­­ласады. 1970-1978 жыл­дары тұрмысқа шығуына бай­ла­нысты Арал қаласына қо­ныс аударып, №15 мектепте мұ­ғалім болады. 1980-2008 жыл­дары зейнет демалысына дейін М.Мәметова атындағы педаго­гикалық училищеде дәріс бе­реді.

Есімде, күздің тамылжыған кезі еді. Жаңбырдың құйып тұр­ғаны сонша тамшылардың тырсылы терезеге тыным берер емес. Аудиторияда «Балалар әдебиеті» дәрісі жүріп жат­қан. Ұстазымыз Тазагүл Сейіт­жанқызы терезеге ойлана қа­рап тұрды да, қабағын әнтек шы­тып: «Мына жаңбырдың ек­піні қатты екен. Ала жаздай бел жазбаған диқан қауымына обал болды-ау» деді бәсең үн­мен. Жылдың қай мезгілі бол­сын, тіпті Құдайдың қай­сы бір құтты күні болсын, жаң­быр­дың жауғанына бала­ша мәз болатын қайран ба­сым күзгі жиын-терімге дейін­гі жа­уынның жер сауған дала адам­дарына қиындық әкеле­тіні жайында бірінші рет ой­ландым. Осы көріністің са­намда сақталып қалғаны сон­­шалық, күні кешегідей көз ал­дым­да. Содан бері қарай отыз жылға жуық уақыт өтті, күзгі жаңбырдың әр тамшысы болмысынан бекзаттық сама­лы есіп тұратын Тазагүл апа­йымды есіме түсіреді. 

1994-1998 жылдары М.Мә­метова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінде «Бастауыш мектепте оқыту және әлеуметтік педагог» ма­ман­дығы бойынша білім ал­дым. Мектептің тоғызыншы сы­ныбынан соң педколледжге оқуға түскен біздің әрбіріміз, шын мәнінде, балаң едік, ұяң едік. Айналамызға мейірлене махаббатпен қарайтынбыз. Ұс­таздарымыздың дәріс үстінде айтқан әрбір сөзі, қимыл-әре­кеті біз үшін үлкен мектеп бо­латын. Үйренгіміз келетін, ұқ­сағымыз келетін. Әсіресе Та­загүл Сейітжанқызының жү­ріс-тұрысы, киім-киісі, өзін-өзі ұстау әдебі, сөйлеу мә­нері әрбіріміздің көңілімізге кө­шіп алғаны сонша, оқу ғима­ра­тының маңынан апайдың со­на-а-ау алыста келе жатқан кө­лікті асықпай күтіп, бап­пен, барынша әдемілікпен, кер­без­дікпен көшені кесіп өтіп бара жатқанын көре қалсақ, аузы­мыз ашылып қарап тұра­ты­ны­мыз есімде.

Дәріс үстіндегі апайдың да­уыс ырғағы әлі құлағымда. Тазагүл апайдың сабағына да­йындалмай келуге жүрегіміз дауаламайтын. Өйткені кім са­баққа дайындалмай келіп және сонысымен қоймай, әй­теуір шала-пұла айтып беруге тырысса, апай оқушы­ның үз­дік-создық айтып тұрға­нынан-ақ дайындықсыз келгенін бір­ден түсінетін және «отыр» дей­тін дауысын сәл көтеріп, қа­бағын шытып. Апайдың осы кездегі көзқарасы бізге «екі» қойғаннан да ауыр еді. Қат­ты дауыс көтермейтін, ұрыс­пайтын, бірақ не айтқысы кел­генін қабағымен ұқтырып, көз­қарасымен ықтырған бұл да бір педагогтің үлкен шеберлігі болар деп шамалаймын. Ал үй тапсырмасына тыңғылықты дайындалып келіп, сабақ айт­қан кезімізде Тазагүл апай да керемет көңіл-күйде, жүзі жадырап, әрбірімізге мейір­ле­ніп отыратын. Мұндайда өзіміз де ерекше қуанушы едік. Жан жүрегіңмен жаңа тақырыпты түсіндіргенде оның осындай қайтымы болғаны да ұстаз ба­қыты екен ғой.  Біз мұғалім бо­лу үшін осы педколледждің пар­тасында отырдық емес пе? Нағыз мұғалім қандай болу керек екенін осындай ұстаз­дардың үлгісінен көріп өстік.

Тазагүл Сейітжанқызы са­бақты керемет түсіндіретін, оқу­шы зердесіне құйып жібе­ретін. Шешен сөйлейтін. Әде­мілік адамның сыртқы келбе­тінде ғана емес, оның ішкі жан-дүниесінде десек, Тазагүл ұстаздың аузынан шыққан әр­бір ой маржандай төгіліп тү­сетін. Әрбір тақырыпқа өзін­ше бөлек қарайтын, ақын-жа­зу­шылардың жан сара­йын ашқандай, өлең-сөздің ырға­ғындай тең түскен тіркестер бізді әдебиет әлемінің тылсы­мына еріксіз бойлатып, өн-бойымызды шарпитын. Міне, осындай Ұстаз болсақ деген арман-тілекпен педколледж қа­бырғасынан біз ғана емес, жылдар жылнамасында сан мыңдаған түлек ұшып шықты емес пе?!

Бала кезден күнделікпен дос едім. Тазагүл апай туралы жазар алдында соларды парақ­тап отырдым. Көзіме оттай ба­сылды: 1997 жылдың 1 қа­заны күні «Тазагүл апайдың әрбір сөйлеген сөзінен, әрбір оқыған лекциясынан, әрбір өт­кен сабағынан өнер әлемінің шешендік мектебінен тәлім алғандай күйге түсесің. Менің мұнша ойы орамды, шебер, шешен тілдің шын ұстасын бірінші кездестіруім» деп жа­зыппын.

Тазагүл апай мені әдебиетке ғашық етіп қана қоймай, жа­зу өнеріне жолымды ашты. «Сен өлең жазасың ба?» деп сұрады бірде. Бұл біздің төр­тінші курсты тәмамдап, дип­лом алған жазымыз еді. Ер­те­ңіне қанша қысылсам да дәп­терлерімді апарып бердім. Өз қолымен тілек жазып беріп еді: «Сенің орның шырқау биік­те болсын. Өмірде де, өлең­де де жолың болсын, жа­ным! Аналық, ұстаздық ақ ті­ле­гім осы». Бұл тілек менің өмі­рімнің темірқазығындай бол­ды. Апайдың аналық ақ ба­тасымен Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемле­кет­тік университетінің журна­лис­тика мамандығына оқуға түс­тім. Жақсы өлең жаза ал­масам, ең болмағанда жақсы өлең­нің оқырманы болып қа­ла­йын деп өлеңдерімді жа­рық­қа шы­ғара қоймадым, әйт­се де сөз өнерінен алыс кетпе­дім. Жыл­дар бойы жүре­гімді әл­ди­леген Тазагүл Сейітжан­қы­зы туралы осы ойларымды қа­ғаз бетіне түсіре отырып, ұстаз – кемел тұлға және оның күн сәулесіндей күші болады дегенді қайыра айтқым келеді. 

Айжан АБДУЛЛАЕВА