Мағжан ақынның:
Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын.
Күнге ғана бағынам…
Жерде жалғыз Тәңірі – от.
Оттан басқа Тәңірі жоқ… – деген өлеңі түсінген қазақтың қанын қыздырып, қалғыған санасын оятары анық.
Мағжан Күннен туу идеясын ежелгі түркілік дүниетанымнан алып отыр.
Кейінгі қазақ ақындарының Күнге қатысты өлеңдері де осы ойдың ұшқындары. Ежелгі түркінің түпкі дүниетанымы Мағжанның мына әйгілі өлеңінде айқын көрінген.
Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам.
«Күннен Ғұн туған, Ғұннан мен (яғни түркі) туғам», – дейді Мағжан.
Ғұн дегеніміздің өзі – Күн. Ал Күн Тәңірі сенімінің бастауы. Осы идеяның ұшқыны қазақтың өзге ақындарында да кездесіп қалады. Олар бұны біліп жазса санасы саңлаулы болғаны, ал егер білмей жазса, онда да түйсігінде ежелгі бабалар танымының сорабы қалғаны. Түйсікте барлық ақпарат жазулы. Тек оны оята білу керек.
Күнді құдірет санау Түркінің арғы тегі Ғұннан да бұрынғы Сақтан жеткен әдеби жәдігер – «Күнге мадақ» жырында сақталған. Исламға дейінгі әдеби жәдігерлеріміз осы «Күнге мадақ» жырынан басталады.
Біз тұлпарлары қанатты,
Мәңгілік жарыққа,
Күнге сиынамыз.
Күн жарық шашқанда,
Күн жылу шашқанда,
Жүз мыңдағандар
Құдіретті сезінеді…
«Қазақтың дүниетанымында Күн – өмірдің, жылудың, жарықтың бастауы… Күннің қозғалысын уақыт өлшемі, бағыт-бағдар, тіршілік ырғағы ретінде таныды» дейді жазушы Мереке Құлкенов «Күннен жаралған ел» атты мақаласында («Қазақ әдебиеті» газеті, №2, 16.01.2026 ж). Расында түркілер ғана 24 сағаттан тұратын тәулікті «күн» сөзімен атайды. Демек, ежелгі түркілер Жердің өз кіндігінен айналатынын білген. Ежелгі түркінің жыл ұғымы Жердің Күнді айналып жылжитынын аңғарғаннан туындауы мүмкін. Орыстар жылды «год» дейді. Бұл да Жердің Күнді (отты) бір айналуын білдіреді. Ай атауы да солай. Календарлық күн мен айды аспандағы Күн мен Айдың атауымен атайтын Жер бетілік халықтардың ішінде тек түркілер ғана.
Түркілер киіз үйін тіккенде есігін күншығысқа қаратса, демек ол да Күнді құрмет тұтқанының белгісі. Тәңіріне қайтқан кісінің басын қазақ әлі күнге дейін күнбатыс жаққа салады. Сақ заманынан бері солай. Бұл тіршілік күншығыстан басталып, күнбатыста аяқталады деген ұғымнан туындайды. Бұндай мысалдар бізде мың сан.
Ғалымдар қазіргі біз білетін Жаратушы атаулары осы Күнге табынудан (Тәңірі сенімінің бастауынан) шығып тұрғанын айтады. Мысалы ақын Олжас Сүлейменов Шумердің «уд» сөзі туралы жазған. «Уд» біздің қазіргі тілде – «от». Ежелгі мағынасы – Күннің көзі. Олжас ағамыз осы «уд»-тан «қҰДай», «бУДда», «гУТ», «гОД» өрбіген деген болжам айтады. Мұқамедке дейінгі «пУД» («пҰТ) та сол. Бұл кездейсоқ ұқсастық емес. Осы пайымға сүйенсек, араптың сөзі деп жүрген «қҰДірет» те жадымыздан өшіріліп қалған Жаратушының Құдай сияқты бір аты болуы мүмкін. Құдай сияқты болса, ол да түркінің сөзі болғаны. Құдай сөзі парсыдан келді деген тұжырымның түбі шикі. Ол түркінің ең ежелгі сөзі. Арап-парсының тілдік ықпалына ұшырамаған қазіргі алтай тілінде де, сақа тілінде де бар. Ал қазақтың «құда» сөзі «құдай» сөзімен тығыз байланысты. Ол сөз Солтүстік-Шығыс Азиядан Беринг бұғазы арқылы Америкаға б.з.д. 30-10 мыңжылдықтарда қоныс аударған ацтек, майя, инк тайпаларында жүр.
Шумер тілінде «уд» Күннің көзі, «уду» Күн Тәңірісі, көне түркіше бұл «Ыдық» (Олжас Сүлейменов, «Азия», А.; 1992 жыл. 229-бет). Керейт руының бір аталығы да «Ыдық» деп аталады. Өтікен тауында Ыдық орны бар дегенді ғалымдар айтады. Демек бұл Тәңіріге табынатын жер. Керейт руының өзі ірі-ірі «Күн», «Күне», «Күнек» тайпаларынан тұрады.
Ғұн дегеніміздің өзі Күн дедік. Осы ғұн сөзі Шөмекей руы атауында тұр. Этнограф зерттеушілердің жазбаларына бұл руды «Чу-му-гун» тайпасынан шыққан дейді. Чу-му-гун дегені Чуя (Шу) өзені жағалауын мекендейтін ғұндар деген мағына береді. Чуя қазіргі Алтай республикасындағы Қатын дариясына құятын өзен. Ал Қатын дариясы одан әрі Обқа барып ақтарылады. Байқал көлінен әрі, Охот теңізінің жағалауындағы қазіргі Чумикан ауылының атауы осы Шөмекей сөзімен байланысты болуы да мүмкін. Шөмекейдің «Бозғыл», «Аспан» тайпалары да көкке (жоғарыға) байланысты өте ежелгі ұғымдар.
Ежелгі түркі Тәңірін тірек тұтса, адамды кісі сөзімен атаған. Кісі сөзі Күлтегін жазба ескерткішінде «кіші» түрінде жазылғаны бекер емес, өйткені адам баласы жалғыз жаратушы – Тәңірінен кіші.
Күнді құрмет тұтудың тағы бір дәлелі, ұйқыдан таң атпай Күннен бұрын тұру. Күн шыққан соң төсекте ауыру адам ғана жатады деген түсінік бар. Күнді қарсы алу ежелгі түркілердің жазылмаған заңы, бұлжымайтын салты. Осы дәстүр қазіргі біздің Наурыз мерекемізде сақталып қалыпты. Таң атпай тұрған адам сергектігін кеш түскенше сақтайды. Уақыттың молдығынан рақат табады, жан күйзелісін еңбекпен басып, бақытты өмір сүреді.
Бабаларымыз Күнді құрмет тұтуды ұрпақ санасына мықтап сіңіру үшін:
Ерте тұрған еркектің ырысы артық,
Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық… – деп келетін қанатты сөз қалдырған. Осы бір үш бунақтан, он бір буыннан тұратын (4-3-4), қара өлең ұйқасымен айтылатын қос жол өлең үзігін білмейтін қазақ жоқ. Бір заманда бұл тұтас өлең болған ғой. Уақыттың сұраптауымен түйіні ғана ұлт жадында жатталып қалған. Егер тұтас сақталғанда ежелгі бабаларымыздың дүниетанымынан молырақ хабар алар едік. Дегенмен осы қос жолдың өзінен тарқатылар ой сорабы санамызды сан-саққа сүйрелейді.
Балаларын тырнақтайынан Күнді құрметтеп ерте оянуға бейімдеу үшін ежелгі бабаларымыз «Жыл басы» деген тамаша ертегі ойлап тауыпты. Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты, тышқан ақылдылығымен түйенің үстіне өрмелеп мініп, шығып келе жатқан Күнді бірінші көріпті деп келетін. Баланы титімдей тышқанға теңеп, мақтап қойып ертекті ұғып алуға еліткен. Қазақтың осы ертегісі жер жүзіне жайылды. Осы ертек адамның Күнді құрмет тұтып, яғни ұйқыдан таң атпай тұрып, еңбек ету керегін үндеп, сан мыңдаған жылдар бойы адамды жақсылыққа, жаратылыс ырғағымен бірге қозғалуға тәрбиелеп келеді. Бұл ертек қазаққа ғана емес, күллі адамзат баласына аса қажет. Оны біреу баласын алдарқату үшін жай ғана ойдан шығара салған жоқ. Оның тамыры тым тереңнен, ұлттың дүниетанымынан, салт-санасынан нәр алады.
Ежелгі ұғымда жақсы адамның жаны қайтыс болған соң көк төріне ұшып шығады дейді. «Қаңым каған уча бармыш – Әкем қаған ұшып кетті», «Култегін қой йылқы йеті йегірміке учды – Күлтегін қой жылы, он жетінші күні ұшты». Бұл Күлтегін тас романынан алынған сөйлемдер. Денені тастап көкке ұшып шыққан жақсы кісінің жаны Күнге барып қосылады, Күннің жарығын молайтады, сөйтіп ел-жұртына шуағын шашады. Егер жақсы адам көп болса, Күн сөнбейді, мәңгі алаулап тұра береді деген идея. Сол себепті кісі қайтыс болса, қазақ оған «Тәңірі төрінен орын бергей» деген тілек айтады. Олай дейтін себебі, ежелгі түсінік бойынша, қайтыс болған адам жанының баратын жері үшеу. Өмірде жаман істерге көп шатылғандардың жаны «КӨРГЕ», яғни жер астына түсіп, қара шіріндіге айналады. Жер астында тиісті жазасын алады. Өмірде істеген істерінің жақсысы көбірек кісінің жаны «ӨРДЕ», яғни жер бетінде қалады. Жер бетінде өсімдік болып көктейді. Бұнда да жаза бар. Тек жақсы істер ғана жасаған, ешкімге жамандық қылмаған ару (таза) адамның жаны жаңа айтқандай «ТӨРГЕ» аттанады.
Ақын Мағжанның жырлап отырғаны да осы. Ежелгі түсінік бойынша, кісі баласы Күннен туып, Күнге оралуы тиіс. Күннің өмір сыйлаушы түсінігі ежелгі аңыз әңгімелерімізде тұр. Ол аңызды дүние жүзі біледі. Бұл Добұн мерген мен оның қатыны Алұн сұлуға байланысты аңыз. Алұн сұлу екі ұл туған соң Добұн мерген бір күні аңға кетіп, сол кеткеннен үйіне оралмайды. Екі ұлмен жесір қалған Алұн сұлу кейін тағы еркексіз үш ұл туады. Үлкен екі ұлы: «Шешеміз мына үшеуін кімнен туды?» деп күдіктенеді. Соны құлағы шалған Алұн сұлу: «Түнде шаңырақтан жарық сәуле түсіп, құрсағымды сипағанда, оның нұры жатырыма сіңіп кететін. Сөйтіп шығар күн мен батар айдың арасында сары ит сияқты шығып кететін», – дейді ұлдарына. Бұл аңыздағы жарық сәуле Күнді, сары ит бөріні меңзейді. Сәулеге/нұрға байланысты осы аңыздың басқа да нұсқалары бар. «Оғыз қаған» дастанында көкжал әйдік арлан бөрі күн сияқты жарық болып келеді. Айналып келгенде айтары біреу, Күннен жаралу және бөрі тотемі. Ақын Есенғали Раушан осы идеяны меңзеп «Нұрдан жаралған» атты роман жазған.
Ежелгі бабалар дүниетанымының куәсіндей болған осы қастерлі аңызды кейінгі уақытта келеке ететіндер пайда бола бастапты. Олар әлеуметтік желіде «сендер көктің Сары иті буаз қылған Ұмай деген қатыннан тудыңдар, ал біз Адам ата Хауа ананың ұрпағымыз» деп жазба жариялап қояды. Нұрдан жүкті болатын Ұмай емес, Алұн сұлу екені қаперіне кірмейді. Ал Ұмай ана халықтық ұғымда ұрпақ жалғастығының, отбасы берекесінің, нәрестелі аналарды қорғаушы киелі бейне. Періште деп те айтылады. Ұмайдың өтешағы жыл санауымыздан бұрынғы мыңжылдықтарға кетеді. Әлгілердің кейбір жазбасын оқудың өзі ұят. Осыдан-ақ Күннен, яғни нұрдан жаралу сияқты және басқа да қазақтың қастерлі дүниетанымын танытатын рухани қазыналарымыз әлдебір әлеуметтік топтарға ұнамайтыны байқалады. Олар біз үшін қымбат осы аңыздың астарын ұғу былай тұрсын, оның жәй оқиғасының өзі саналарына сыймайтын сияқты.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы, «Таң-Шолпан»
әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы





