Күннің ерте батуына байланысты сабақ уақыты қысқаратыны рас па?

239

0

Фото: Midjourney

Мессенджерлерде күннің ерте батуына байланысты сабақ уақыты қысқаратыны туралы ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі бұған қатысты Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдады. Ведомство бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«2-ауысым оқушылары сабақтан тарағанда күн өте қараңғы болуына байланысты сабақ ұзақтығы уақытша 40 минутқа ауыстырылды», – делінген тараған ақпаратта.

Оқу-ағарту министрлігі Massaget.kz тілшісіне бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

«Сабақ уақыттарын заң бойынша жергілікті орган шешеді. Себебі аяз немесе түрлі ісшара секілді түрлі жағдай болады», – делінген жауапта.

Оқу-ағарту министрлігі өкілдері күннің ерте батуына байланысты сабақ уақыты қысқарату жоспарда жоғын айтты.

Бұл хабарлама Астанадағы ата-аналар чатында тараған. Редакция Астана Білім басқармасына сауал жолдады.

«Астана қаласының Білім басқармасы қысқы уақытта сабақтардың ұзақтығын қысқарту туралы бұйрық шығармады. Сол себепті, сабақ уақытын қысқарту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ», – деп жауап берді ведомстводағылар.

Еске салайық, 2024 жылғы 1 наурызда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Бірақ тұрғындардың басым көпшілігі бірыңғай уақыт белдеуі кері әсер етіп жатқанын айтып, петиция жинады.

Кейін Үкіметте уақыт белдеуіне қатысты дауға нүкте қойылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов неғұрлым түсінікті ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуді тапсырды.

«Сауда министрі қолданыстағы уақыт белдеуіне қатысты жан-жақты дәлелдер келтіре отырып, нақты жауап берді. Үкімет бұл шешімді қолдайды. Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден-бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі бесінші уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан бұл – ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім», – деді Бектенов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<