Шыныбай Өтепбергенов Қазалы ауданы Ғ.Мұратбаев ауылының тумасы. Ата-анасы кезіндегі колхоз тірлігі үшін тер төккен бірі малшы, бірі сауыншы болған қарапайым еңбек адамдары еді. Адал еңбекті ардақ тұтқан ата-анасының салған соқпағы Шыныбайды да ауылдан алыстатпады. 1994 жылдан бері күрмеуі қиын күріш дақылының қыр-сырын меңгеріп келеді.
– 2004 жылдан бері «Рза-Агро» ЖШС-да күрішші болып еңбек етіп келемін, – дейді Шыныбай. – Биыл 66 гектар күріш егіп, қазір жиын-терім қызу жүріп жатыр. Күріш ору науқаны өте жауапты жұмыс.
Дақыл артық ылғал жинап алмай тұрғанда немесе мерзімі өтіп кетіп масақ дәні шашылатын жағдайға жеткізбей дәл мерзімін тап басып жиын-терімді бастап кету де, жылдар бойғы тәжірибеге негізделген дәлдікті қажет етеді. Бұл жағынан әзірше ұятқа қала қойған жоқпыз. Әр мезгілдің өз қиындығы бар, ал қазіргі уақыт егінге өте қолайлы кезең.
Бірнеше мәрте ауылдан, ауданнан үздік күрішші деген мақтау қағаздарын алған, бір мәрте облыстан Ыбырай Жақаев атындағы төсбелгіні иеленген Шыныбай Өтепбергеновтың жыл сайынғы еңбегі жігерін жасытқан емес, биыл да күздік егіннің масағы салмақты, иіліп тұр. «Егінші – мәрт, жер – жомарт», меже 65 центнерден болатын. Сол межемен егін таяу күндері аяқталуға жақын. Төккен тер мен еткен еңбектің қайтарымы ойыңнан шыққаны қандай жақсы. Қамба толсын дейміз!
Әлімжан ҚИЯС,
Қазалы ауданы





