Күрмеу қашан шешіледі?

338

0

Осы жылдың 24 сәуірінде Сенаттың пленарлық отырысында Сенаторлар Руслан Рүстемов пен Наурызбай Байқадамов атынан Премьер-министрдің атына Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының күрмеулі мәселелерін шешу жөнінде депутатттық сауал жолданған болатын.

Депутаттық сауалға Премьер-министрдің атынан келген жауап хаттың толық мәтіні ұсынылып отыр.

«Құрметті депутаттар!

Отандық күріш шаруашылығын дамытуға қатысты депутаттық сауалды қарап, мынаны хабар­лаймын.

Тұқым шаруашылығын дамыту және аграрлық ғылыми базаны нығайту мақ­сатында ауыл шаруа­шылығы дақыл­дарының селекциясы мен тұқым шаруа­шылығын да­мытудың 2024-2028 жылдарға ар­налған кешенді жоспары (бұдан әрі – Кешенді жоспар) бекітілді.

Кешенді жоспарды іске асыру шең­берінде «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­­титуты» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – Институт) Институттың материалдық-техникалық базасын жаң­ғыртуды және ғылыми әлеуетін күшейтуді көздейтін 2025-2028 жылдарға арналған мемлекеттік инвестициялық жоба әзірледі.

Сондай-ақ «Ғылым және техно­логиялық саясат туралы» Заңға сәйкес Аграрлық институттардың ғылыми қыз­метін қаржыландыру базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы бюд­жеттік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылады.

Бағдарламалық-нысаналы қаржы­лан­дыру (бұдан әрі – БНҚ) шеңберінде Институт 2024-2026 жылдары жыл сайын 90 млн теңге көлемінде қаржы­лан­дыратын бес ғылыми-техникалық бағдар­ламаны іске асыруда. Бағдарламаларға инсти­туттың ғылыми-өндірістік учаскесі негізінде кешенді зерттеулер жүргізу кіреді.

Диқаншылық және өсімдік шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтымен, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен және А.И.Бараев атындағы Астық шаруа­шылығы ғылыми-өндірістік орталығымен бірге Қызылорда облысының жағдайында өсіруге арналған өнімділігі жоғары, жарма шығымы 64%-ға дейін және қолайсыз табиғи жағдайларға төзімділігі жоғары күріштің екі түрі әзірленуде.

2026-2028 жылдар кезеңінде БНҚ шеңберінде суармалы егіншілікті, оның ішінде Арал өңірінің ерекшеліктерін ескере отырып, күріш шаруашылығын қолдауға бағытталған ғылыми-техникалық тапсырмалар қалыптастырылады. Қалыптастыру аяқталғаннан кейін тиісті ғылыми жобаларды іске асыруға ашық конкурс жарияланады.

Гранттық қаржыландыру бөлігінде Институт қызметкерлері Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған жалпы құны 111 млн теңгені құрайтын «Қызылорда облы­сының өсімдік шаруашылығын әртараптандыру жағдайында жемшөп дақылдарының сорттық технологиясын әзірлеу» зерттеу жобасына қатысады. Зерттеулер су тапшылығы жағдайында күріш шаруашылығын әртараптандыру үшін ауыспалы егіске жаңа жемшөп дақылдарын енгізудің экономикалық тиімділігін бағалауға бағытталған.

Шаруашылық базасында фено­логиялық бақылаулар мен биологиялық препараттардың әсерін бағалауды қоса алғанда, далада ауқымды эксперимент жоспарлануда.

2025-2027 жылдарға арналған базалық қаржыландыру шеңберінде респуб­ликалық бюджеттен жыл сайын 105,9 млн теңге бөлу көзделген. Қаражат ғылыми инфрақұрылымның, материал­дық-техникалық базаның (ғимараттар, жабдықтар, шығыс материалдары) тұ­рақты жұмысын қолдауға, сондай-ақ ғы­лыми қызметкерлердің, әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналдың еңбегіне ақы төлеуге бағытталатын болады.

Бұған қоса «Ғылым және техно­логиялық саясат туралы» Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға өңірдің ғылыми дамуының басымдықтарын айқындау, ғылыми-техникалық саясат сала­сында ұсыныстар қалыптастыру, қолданбалы зерттеулер мен бағдар­ла­маларды үйлестіру бойынша өкілеттіктер берілді.

Осыған байланысты әкімдіктер кейіннен бюджеттік жоспарлау­ға енгізу мүмкіндігімен аграрлық сектормен қоса әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті міндеттерін шешуге бағытталған зерттеулерге бастама жасауға және ғылыми ұйымдармен бірлесіп іске асыруға құқылы.

Осылайша, аталған шаралар Инс­ти­туттың ғылыми-техникалық базасын нығайтуға, ауыл шаруашылығы дақыл­дарының бейімделгіш және тұрақты сорт­тарын енгізуге, сондай-ақ жалпы аграрлық секторды дамытуға ықпал етеді».