Күзде күн райы қандай болады?

87

0

Қызылордада күз мезгілі қалай өтеді, бұл туралы болжамды «Қазгидромет» кәсіпорнының облыстық филиалы жариялады.

Мамандардың айтуынша, өткен күзге қарағанда биыл күн райы 1, 2 °С-ге төмен болып тұр.

– Қыркүйек айында орташа ауа температурасы +18, +20 °С, яғни жылдағы мөлшер шамасында. Жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан аз күтіліп отыр. Ал солтүстік батыс аудандарда, яғни Арал мен Қазалыда жауын көбірек түседі. Қыркүйектің екінші онкүндігінде ауа температурасы түнде +7, +20 °С, күндіз +20, +25 °С-ге төмендейді. Дегенмен, үшінші онкүндікте қайтадан жоғарылайды. Күндіз +25, +28 °С, түнде +10, +15 °С-ге көтеріледі. Айдың соңына қарай күн суи бастайды. Топырақ бетіне үсік түсуі мүмкін, – деді «Қазгидромет» филиалы метеоболжау бөлімінің бастығы Әйгерім Жөкелова.

Қазан айында ауаның орташа температурасы өңірдің батыс жартысында қалыпты, шығыс бөлігінде нормадан 1° жоғары болмақ. Жауын-шашын да әдеттегіден артық-кем түспейді.

–  Қараша айында орташа ауа температурасы нормадан 1° жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан аз, ал солтүстік батысында, яғни Арал ауданында қалыпты мөлшерді көрсетіп отыр. Қыстың алғашқы айы күн райының да, жауын-шашын мөлшерінің де жылдағыдан ауыт­қымайтынымен ерекшеленеді, – деді ол.

«СБ» ақпарат