ӘЛЕМ АШТЫҚТАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАДЫ? Әлемдік проблеманы шешуде Қазақстанның рөлі қандай?

916

0

ӘЛЕМ АШТЫҚТАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАДЫ? Әлемдік проблеманы шешуде Қазақстанның рөлі қандай? Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Әлем барша халықты асырауға жеткілікті мөлшерде азық-түлік өндіреді. Бірақ осыған қарамастан 840 миллион адамзат баласы тойып тамақ ішпейді, олардың көпшілігі дамушы елдердің тұрғындары болып табылады.

1996 жылы Әлемдік жоғарғы дәрежелі азық-түлік мәселесіне арналған басқосуда 2015 жылға шейін аш құрсақтардың санын екі есе кеміту қарастырылған еді. Бірақ бұл мақсат шындыққа жанаспай тұр. Әлем бойынша аштардың саны жыл сайын бар болғаны 2 жарым миллион адамға кеміп отыр. Бұндай қарқын сақталар болса, онда жоғарғы дәрежелі басқосудың мақсаты тек 2115 жылы ғана іске асатын сыңайлы.

Бір қызығы, азық өндірілетін ауылды жерлерде аштық ең ауыр зардаптар туғызады, себебі әлемдегі күллі кедей-кепшіктің 75 пайызы ауыл тұрғындарынан тұрады.

Мәселен, Африканың кей елдерінде жерге тек ер адамдар ғана иелік етеді. Аштықпен күрес жолында Уганда өзінің патриархалдық қоғамына өзгеріс енгізіп, әйелдер жерге ие болып, оны өңдеп өздері мен бала шағаларын асырауға қол жеткізген. Жалпы, аштықтың зардабын негізінен Африка елдері көптеп шегуде. Бірақ, жалпы, дүниежүзінің көптеген аймақтарында азық-түлік жетіспеушілігі болашақта үлкен проблемаға айналады. Бұл орайда әлемде астық экспорттаушы ірі елдердің қатарындағы Қазақстанның мүмкіндіктері қандай?

Ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Қойшыбаев жарты ғасырдан аса республиканың астық өндіретін негізгі аймақтарында дәнді дақылдарды қатерлі аурулардан қорғаудың кешенді шараларын жетілдірумен айналысып келеді. Елімізбен қатар, Ресей және алыс шетелдерде 300-ден аса ғылыми еңбектері жарық көрген. Соңғы 20 жылда ғалым жаздық бидай селекциясымен айналысып, Қарабалық тәжірибе стансасымен бірлесіп, дақылдың жаңа екі сортын шығарған.

Дүние жүзінің көптеген елдерінде астық өндіру – ауыл шаруашылық өндірісінің стратегиялық тұрғыдан аса маңызды, негізгі саласы болып отыр. Бүгінгі таңда әлемде 650 млн тонна өнім өндірілсе, жер шары халқының үздіксіз өсуіне байланысты 2050 жылы оны 900 млн тоннаға жеткізу көзделген.

Ғалымдардың болжамдары бойынша, 2050 жылға қарай Ресей мен Қазақстанның біраз аймақтарында бидай өсіруге ауа райының қолайлылығы арта түспек, демек, келешекте осы екі мемлекет астық өндіруде көшбасшылық рөл атқармақшы. Сондықтан еліміздің астық өндіру көлемін арттырып, Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуына толық мүмкіндігі бар. Оның негізгі жолы – бидайдың түсімділігін көтеріп, өндірілген өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, бәсекелестікке қабілеттігін арттыру болып табылады. Ет пен бидай экспортымен айналысатын Австралияда ауыл шаруашылық өнімдерінен түсетін табыс ІЖӨ-нің (Ішкі жалпы өнім) 12 пайызын құрайды екен. Қазақстанда бұл көрсеткіш 6-7% -дан аспай отыр, егін шаруашылығының үлесі тіпті төмен – 3,3-3,5 пайыз ғана. Астық өндіруде еліміздің солтүстік оңірінің алатын орны ерекше, Қостанай, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының үлесі 70-80%-ды құрайды.

 Бірақ ғалымдар егемендікке қол жеткен соңғы ширек ғасырда дәнді дақылдардың орташа түсімділігі мен астық өндіруді арттырып, табыс көзінің біріне айналдыру бағытында айтарлықтай ілгерілеу байқалмағанын көрсетеді. 1991-1996 жаппай жекешелендіру жүргізілген жылдары әр гектардан жиналған өнім 8,1- 8,2 центнер, 2001-2007 жж. – 10,9, 2008-2012 жж. – 11,2, ауа райы қолайлы болған 2013-2016жж. – 11-12,5 центнерден аспады. 2010-2016 жылдар аралығында дәнді дақылдардың егіс көлемі 15,2-115,6 млн гектар болды. Ресми деректерге жүгінсек, ауа райы аса қолайлы болған 2011 жылы 26,9 млн тонна өнім жиналса, құрғақшылық жайлаған 2012 жылы 12,8 млн тоннаға құлдырады. 

Салыстырмалы түрде айталық, осы кезеңдерде Ресейде дәнді дақылдардың егіс көлемі 24-25 млн гектар болып, жылына 40-46 млн тонна астық өндірілді, 1 гектарға шаққандағы орташа түсімділік 18 центнер, экспорт мөлшері 15-20 млн тоннаны құрады.

Украинаның 50 млн тонна астық өндіруге мүмкіндігі бар, бірақ соңғы жылдары көрсеткіш біраз құлдырап, 30-35 млн тоннадан аспай отыр. Егемендік алғаннан кейін, Өзбекстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, бидайдың егіс көлемін 1,2 млн гектарға жеткізіп, түсімділігін 4-5 тоннаға көтерді. Халық саны 70 млн асатын Түркияда дәнді дақылдар 8,2 млн гектарға егіледі, орташа түсімділік 2,0-2,5 тонна, жыл сайын 18-20 млн тонна астық өндіріледі. Халық саны бір миллиардтан асып кеткен шығыстағы көршіміз Қытайды алсақ, бидайдың егіс көлемі 24 млн га, әр гектардан 4,5 тонна, жыл сайын – 100-110 млн тонна астық жиналады.  

Өткен жылы еліміз 22 млн тоннаға жуық астық жиған көрінеді. Бірақ тауар өндірушілер астықты өте төмен бағаға сатуға мәжбүр болып отыр. Бұл туралы өткен күзде Қазақстан фермерлер одағының (ҚФО) отырысында айтылды. Бидай өніміне бағаның төмен болуының себебі – көршіміз Ресейде сапасы жоғары өнім жиналса, екіншісі – логистика жүйесінде орын алып отырған кемшіліктер, теміржолмен астық таситын вагондардың тапшылығы. Бізде қалыптасып отырған баға тек дақылды өсіруге кеткен шығынды ғана жабады. Фермерлер банк жүйелерінен алған қарыздарын мезгілінде өтемесе, айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Қандай бағытта іс-қимыл жасағанымыз орынды? Осы орайда «Жас алаш» газетінде Бағдат Қалдыбайдың келтірген ұсыныстары бүгінгі  күннің талабына жауап беретін сыңайлы.

«Өткен ғасырдың бас жағында Алаш арыстарының бірі, ақын Сәкен Сейфуллиннің «Кооперацияны күшейту керек» деген шағын мақаласы арада қанша уақыт өтсе де, бүгінгі жағдайымызды дөп басып тұрғаны, еш құнын, мағынасын жоймағаны таңғалдырады. Ендеше, мақалаға көз жүгіртіп көріңізші. «Қазақстанның еңбекшілеріне ең керек нәрселер: қала болу, жер кәсібіне айналу, школа ашу, кооперация ашу. Осы айтылған төрт нәрсенің ішінде қазіргі тұрмыс, тіршілік ретінде өте керекті нәрсе – кооперация ашу. Ал кооперация құрудың артықшылығы мынадай: мұнда арнаулы маман кооператив мүшелерінің ерекшеліктерін ескере отырып бухгалтерлік есеп жүргізеді және кооперативтің ортақ несие, басқа да көмектер алуға мүмкіндігі мол.

Жалпы, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру жұмысы жап-жақсы идея. Еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының алдыңғы бағдарламалардан айырмашылығы – ол басты назарын ауыл кооперациясын дамытуға бағытталып отыр. Қарап отырсаңыз, еліміздегі ет пен сүттің 70 пайызы қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Өткен жылдың бес айында еліміз 302 бірлік тіркелді. Отбасылық 21 мың бас ІҚМ бордақылау және 51 жылыжай алаңдары құрылған. Ауылшаруашылық тауарлары өндірісіне 40 мыңнан астам ЖҚШ және шағын шаруа қожалықтары тартылды. Жалпы алғанда, кооперативтер құру – ауылды дамытудың бірден-бір жолы. Тіпті ет пен сүттен бөлек, есігінің алдындағы 5-6 соттық егілген картоп, басқа көкөністердің кооперативке өткізуге болады. Қазіргі басты мәселе – өнім өндіруде емес, тиімді сатуда» дейді автор.

Меніңше, кооперация жақсы. Алайда Қазақстанда бұл үрдіс жаппай есеп беруге, жалған ұраншылдыққа айналған сыңайлы. Осы орайда біз Қазақстанның табиғаты жағынан әртүрлі аймақтарының ерекшеліктерін ескеріп жүрміз бе? Жаппай кооперация, ірі агрофирмаларға бетбұрыс жасай отырып, шаруа қожалықтарының тиімділігін неге ұмыт қалдырамыз?

Негізі, жаппай ұраншылдыққа ұрына бермей, жекенің бастамаларын тұншықтыруға болмайтынын ескергеніміз жан-ау деймін.

 

Ж.ӘЛМАХАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<