ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК: КІМ АЛАДЫ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ТӨЛЕНЕДІ?

551

0

Сәрсенбі күні Үкімет үйінде баспасөз мәслихаты өтіп, онда бірқатар министрлік басшылары БАҚ өкілдерінің сауалдарына жа­уап беріп, салада алда атқарылатын жұмыстармен таныстырды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік көмектің төленуіне қатысты түсіндірме жасады. 

Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықованың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға ғана беріледі. Елімізде жалпы алғанда 4 миллионнан астам отбасы бар. Бұл отбасылардың тұрмыстық деңгейі әртүрлі. Оның ішінде жағдайы нашар 830 мың тұрғынға көмек жәрдемақы ретінде берілетіндігі анықталып отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік органға арызданып, көмек сұрап жатқан басқа да отбасылардың саны күн санап артуда. 

− Бұл отбасылар жеке қаралатын болады. Ең алдымен, оларды жұмыспен қамтуға баса назар аударылып отыр. Жұмысын бастауы  немесе әрі қарай жалғастыруы үшін әртүрлі деңгейде несиелер беру де қаралады. Елбасы тапсырмасына сай, жастарға гранттар беруді, көпбалалы аналарға үйде жұмыс істеуі үшін жағдай жасауды жолға қоюымыз қажет. Бұл мақсатта тиісті жұмыстар атқарылады, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қандай жағдайда мемлекеттен көмек берілетінін түсіндірді.

Министр көмекке мұқтаж отбасылар жағдайын жақсарту үшін саланың жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Ең әуелі әр отбасыға жеке әлеуметтік карта әзірленеді.

– Бұл тұрғыда отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, олардың табыс деңгейі, отбасыдағы проблемалар қамтылады. Осы картаның негізінде қолдау көрсету үшін көмекке ең мұқтаж деген отбасыларды, азаматтарды анықтаймыз, – деді министр.

Сонымен қатар, Б.Сапарбаев Мемлекет басшысының бюрократияны төмендетуге қатысты тапсырма бергенін еске салды. «Отбасылар атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін бір бума қағаз жинайды, сондай-ақ, әрі-бері мекемелер арасында жүреді. Соны азайту үшін қазір бізде «Е-Халық» ақпараттық жүйесі бар, сол арқылы тиісті жұмыстар іске асырылады», – деді ол. Осы орайда,  жұмыспен қамту орталықтары, ауылдар мен аудандардың, қалалардың әкімдіктері қажетті шараларды жасайды.

– Бүгінде әлеуметтік атаулы көмек деген бар. Оның төленетін мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. Қазіргі таңда көп көтеріліп жүрген мәселенің бірі – осы төменгі күнкөріс деңгейін көбейту. Осы уақытқа дейін 14849 теңге болса, қазір бұл 20789 теңгеге көбейеді. Аталған көмекті 570 мың адам алып отырса, енді кемінде 830 мың адам алады. Мысалы, 4 баласы бар ана бүгінде 63 740 теңге алса, жоғарылауға байланысты 103 945 теңге алатын болады. Егер ол кісілердің табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, қосымша тағы да жәрдемақы беріледі, яғни, осы санаттағы жандардың табысы 114 449 теңге болады. Жалпы, атаулы әлеуметтік көмектің төленуі қазіргі таңда бір балаға 4834 теңге болса, енді ай сайын әрбір балаға 20 789 теңге төленеді. Отбасында балалар оқитын болса оқу бітіргенше, 23 жасқа дейін оларға да осындай жәрдемақы төленеді, – деді  Б.Сапарбаев.

Министр 1 шілдеден бастап болжам бойынша 1 миллион қазақстандықтың жалақысы көтерілетінін де айтып өтті. Оның ішінде ең төменгі жалақы алатын бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы шілдеден бастап 30% өседі. Сондай-ақ, еңбек өтіліне байланысты бірінші-сегізінші разряды бар жұмыс істейтіндердің де ең төменгі жалақылары осы мөлшерде көбейеді. Бұған қоса, ауыл, аудан, қала, облыс әкімдіктерінде жұмыс істейтін төменгі жалақы алатын азаматтардың да еңбекақысы 25 процентке артпақ.

 

М. АЙДАР.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<