ӘЛЕУМЕТТІК ОҢАЛТУ ОҢ НӘТИЖЕ БЕРУДЕ

577

0

Облыс орталығында жазасын өтеп шыққандарды қоғамға бейімдейтін орталық бар. Мұнда бұрындары істі болып, жаңа өмірге қайта орал­ған азаматтарға медициналық, пси­хологиялық көмекпен қатар құқықтық кеңес беріледі. Жуыр­да «Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы» директоры Б.Нұртазаев ат­қарыл­ған жұмыстарды саралап, қорытынды жасады.

Орталық басшысы Бақыт Әбдіғаппар­ұлының айтуынша, жергілікті полиция және қалалық пробация қызметіне есепке алынған азаматтардың 261-і ер азаматтар болса, 14-і нәзік жандылар.

– Орталық мамандары 180 азаматқа әлеуметтік карта толтырып, жеке істерін ашты. Есепте тұрғандардың жастары бойынша 30 жасқа дейінгі – 70, 50 жасқа дейінгілер – 171, 55 жастан жоғары 34 адам бар. Ал, қайта қылмыс жасап сотты болғандар – 3, қайтыс болғандар саны – 5. Сондай-ақ, 9 адам денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз. Басқа аймаққа қоныс аударған 12 азамат бар. Жазасын толық өтеп шыққан 109 адамның отбасы орташа жағдайда тұрады, – деді.

Жазасын өтеп келгендердің көбісі жұмыссыздыққа тап болып жатады. Ол түсінікті де, өйткені жұмыс берушілер сотты болғандардан айналып өтеді. Осындай жағдайдың алдын алып, жұмыс тауып беру немесе кәсіптік білім алу жағын оңалту орталығының мамандары шешіп береді.

– Былтыр жалпы 126 адам жұмыспен қамтылса, оның 40-ы орталық маман­дарының ықпалымен тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жұмыстан бас тартқан 75 азамат бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Ақылы қоғамдық жұмысқа 10 және әлеуметтік жұмысқа 3 адам орналасты. Сонымен қатар, кәсіби мамандық алу үшін оқу курстарынан 11 адам мамандық алып шықты. Орталық тарапынан 431 азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. Оның 392 пробация қызметінде есепте тұрғандар болса 39-ы жазасын толық өтеп шыққан азаматтар. Және орталықтың психолог маманы 350 азаматқа психологиялық көмек көрсетті, – дейді орталық басшысы.

Оңалту орталығы 4 азаматтың отбасына бірнеше мәрте азық-түлік жеткізіп берді. Қиын жағдайға тап болған 14 жанды әлеуметтендіру орталығына, жұмысқа жарамды 4 азаматты тұрақты жұмысқа орналастырды. Орталық заңгерлері балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы немесе бірреттік материалдық көмек алуға, 1,2,3 топ мүгедектігіне шығуына орай құқықтық қызмет көрсеткен.

Жазасын өтеп келгендерге жеке кәсібін ашып, қоғамның толыққанды мүшесі болуына мемлекеттің өзі ықпал етіп отыр. Бүгінде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында Қызылөзек ауылының тұрғыны кәсіпкерлерді дайын­дау курсы бойынша оқудан өтіп, несие алушылар тізіміне қосылды.

Түзеу мекемесінен босатылған тұлғалар, халықтың нысаналы топтарына жатады. Оларға әлеуметтік құқықтық көмек көрсету және жұмыспен қамту мақсатында арнайы «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтіп, оған 45 адам қатысты. Жәрмеңкеде 21 жұмыс беруші мекеме 66 бос жұмыс орындарын ұсынып, нәтижесінде 19 азамат жұмысқа жолдама алып, 1 азамат оқуға тіркелді.

Аяғын шалыс басқандар арасында спортқа бейімдері аз емес. Орталық «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай түзеу мекемелерінен босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған және белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығының азаматтары арасында волейбол мен шағын футболдан жарыс өткізді. Салауатты өмір салтын насихаттаған жарысқа 4 және 3 команда қатысқан. Нәтижесінде қатысушы команда мүшелері жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, шахмат пен дойбы ойындарынан тартысты жарыс өтті.

Орталық қызметкерлері жазасын өтеп келген жандарды қайта шалыс баспас үшін, қоғамға тез бейімделіп кету мақсатында түрлі семинар-кеңестер өткізіп тұрады. Мәселен, пробациялық бақылаудағы азаматтармен «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында кездесу өтті. Онда қалалық прокуратурамен дайындалған арнайы жадынама және буклеттер таратылды.

Бүгінде орталық қызметкерлері облыс бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде бірнеше рет кездесулер өткізді. Онда орталықтың жұмысы, атқаратын міндеттері мен көрсетілетін көмектер туралы ақпараттар беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Алмат АДРАНОВ,

«Қылмыстық жазасын

өтеген адамдарды

әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының» заңгері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<