Жыл сайын өтетін төртінші «Job Fair 2021» бос жұмыс орындар жәрмеңкесі Қазақстан мен Ұлыбританияның ірі жұмыс берушілерін Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттермен байланыстыра отырып, жаңа онлайн форматта ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәрмеңкені дәстүрлі түрде Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі, Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығы және Лондон университеттік колледжінің қазақстандық қауымдастығы (UCL Kazakh society) өткізді.
Іс-шараға Қазақстанның ірі стратегиялық жұмыс берушісі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және оның портфельдік компаниялары – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ және «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті (Университет), сондай-ақ «Eurasian Resources Group» (ERG) компаниясы, Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ), «Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ (ҚҰБ ҰИК), «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) және басқалар қатысты.
Жәрмеңкенің басты міндеті – британиялық жоғары оқу орындарының қазақстандық түлектеріне қазақстандық ұйымдарда қызықты жұмысқа немесе тағылымдамадан өтуге шақыру алу. Жұмыс берушілер, өз кезегінде, кадрлық резервті қалыптастыру мақсатында жас мамандармен танысу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ болашақ кәсіби мамандарды тарта отырып, оларды өз компанияларының қызметі туралы хабардар етеді.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов құттықтау сөзінде ел басшылығының басты басымдығы жастарды қолдау және елдегі сапалы адами капиталды дамыту екенін атап өтті. Ол пандемияға қарсы күресте ғылым мен білімнің зор маңыздылығын және қоршаған ортаны қорғау саласында ұжымдық іс-қимыл жасау қажеттігін баса айтты.
Логистика және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Басқарушы директор – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (Қор) Басқарма мүшесі Ержан Тұтқышев Қордың портфельдік компанияларын, өндіріс салаларын және жалпы ел экономикасын дамыту үшін жас және жоғары білікті мамандарды тартудың маңыздылығына тоқталды. Ол «Samruk Qyzmet» (https://qsamruk.kz/) атты Қор компанияларының бірыңғай рекрутинг платформасын таныстырды. Ол платформада барлық тілек білдірушілер Қор тобының 167 ұйымының ашық бос орындарымен таныса алады. Спикердің айтуынша, платформаны енгізу арқылы жұмысқа алу процесін автоматтандыру жаңа қызметкерлерді жалдаудың ашықтығын қамтамасыз етеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Ләззат Қожахметова жас мамандарға арналған «Izbasar» бағдарламасы жайлы және компанияның пандемия кезіндегі тұрақтылығы туралы айтып, акционерлік қоғам басшылығының қызметкерлер үшін қауіпсіз орта құруға ерекше назар аударғанын айтты.
«Қазақтелеком» АҚ персонал жөніндегі басқарушы директоры Берік Битабаров өз кезегінде дарынды мамандарды «Ақылды үй», «Smart City», MSSP өнімдері, бұлтты сервистер және т.б. осы сияқты озық жобаларға қатысуға шақырды.
Университет директоры Ақмарал Қадырбаева жас мамандарға Қор портфельдік компанияларының цифрлық трансформациясының нақты жобаларында жұмыс істеу үшін жоғары оқу орындарының талантты түлектерін даярлау мақсатында ұйымдастырылған «Цифрлық жаз» тағылымдама бағдарламасымен таныстырды.
ЕҚҚДБ Таланттарды тарту бөлімінің басшысы Пол Хьюстон банктің инвестициялық стратегиялары мен қатысушы елдерді инвестициялық қолдау және дамыту бағдарламалары туралы айтып берді.
ҚБТУ проректоры Әсел Жұмасейітова және университеттің басқа да өкілдері түлектер үшін жасалған мүмкіндіктер туралы айтып, БҰҰ Даму бағдарламасы, «Honeywell», «Eni» компаниялары, Лафборо университеті және жобалар мен орталықтардың алуан түрлерін таныстырды.
АХҚО үздіксіз кәсіби дамыту бюросының (АХҚО бюросы) өкілі Аида Кинжигаринова халықаралық кәсіби біліктіліктер мен лицензиялардың бәсекеге қабілетті еңбек нарығындағы маңызын екшелеп берді. АХҚО бюросы тағылымдамалардың бірегей бағдарламаларын, ACCA, CIMA және CFA сияқты емтихандарға дайындық курстарын, сондай-ақ кадрлық резервтің кандидаты болу мүмкіндігін ұсынады.
Қазақстандағы «ERG» компаниясының қызметкерлер жөніндегі операциялық директоры Ақмарал Найзабекова компанияның жұмысы туралы баяндап, бірінші басшыларының еңбекті қорғау және кәсіпорындағы қауіпсіздік мәселелеріне қатысатыны, сондай-ақ өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге инвестиция құятыны туралы айтты.
ҚҰБ ҰИК қызметкерлермен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Бейбіт Мамытов компанияның стратегиясымен, оның құндылықтарымен, сондай-ақ Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындарының түлектері үшін мансаптық өсу мүмкіндіктерімен таныстырды.
Жәрмеңке аясында шеберлік сабақ пен бос лауазымдарға орналасу үшін қатысушылармен сұхбаттар өткізілді. Мәселен, «Samruk Qyzmet» жобасының сарапшысы Эльмира Сәлімова мансап құру және мансаптық өсу бойынша шеберлік сабағын ұйымдастырып, армандаған қызметке қол жеткізу үшін қажет инсайттармен, лайфхактармен және нақты кейстермен бөлісті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<