ӘЛІПБИ РЕФОРМАСЫ: ЕМЛЕ ЕРЕЖЕСІ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ДАЙЫН БОЛАДЫ

611

0

ӘЛІПБИ  РЕФОРМАСЫ: ЕМЛЕ ЕРЕЖЕСІ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ДАЙЫН БОЛАДЫ Облыстық тілдерді оқыту орталығының 10 жылдық мерейтойы аясындағы шаралар  «Рухани жаңғыру – тілге тың тыныс» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Облыс әкімінің кеңесшісі Айгүл Сағымбай тұрғындардың тілдерді үйрену үрдісіне тың әдістерімен үлес қосқан орталық жұмысын жоғары бағалады.
Тіл – тек лингвистикалық қана емес, әлеуметтік құбылыс. Сондықтан қоғамда латын әліпбиіне, жазу реформасына қатысты талқылаулар қызу жүріп жатыр. Лингвист, орфография мен фонетика мамандары емле ережелерін жасап, оны сынақтан өткізді. Конференцияда сөз алған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылы­ми-практикалық орта-лығы атқа­рушы директоры Ербол Тілешов ла­тын қарпіндегі қазақ әліпбиінің ем­ле, ережелер тұжырымдамасының ерекше­ліктері туралы айтты.
– Асығыстық жасап, Әзербайжан мен Өзбекстанның қателіктерін қайта­ламауы­мыз керек. Әліпби бар болғанымен, емле ережесі бекітілмеген. Емле ережесі – тілдің жазылу конституциясы, – деді баяндамашы.  
Кейбір ғалымдар Ахмет Байтұр­сынов, Елдес Омаров, Халел Досмұ­хамедов, Құдайберген Жұбанов ұсын­ған, кейіннен 40-жылдардағы емлені пайдалануды ұсы­на­ды. Бірақ біздің тіліміз лексикалық қоры жағынан ол кездегіге қарағанда әлдеқайда дамып кетті. Тілімізге алуан түрлі терминдер енді. Халық оларды айтудың бір ізін қалыптастырды. Тілдік ережені жасағанда халықтың сөйлеу дағдысы ескерілуі тиіс.  
Қазақ жазуын латын әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшірудің жоспары бекітілген. Келесі жылдан бастап, мектептің даярлық сыныптары жаңа әліпбимен оқи бастайды. Ал 2020 жылдан бастап 1-ші сыныптар көшеді. Ғасырдың басында Алаш зиялылары қазақтың жазу мәдениетін жартылай сауатсыз халыққа үйретті. Ал қазіргідей 100-ден астам университеті, арнайы ғылыми орталықтары бар тәуелсіздік дәуірінде бұл реформаны жүзеге асыруға шамамыз толық жетеді.  
Конференцияда Қорқыт ата атын­дағы ҚМУ-дың қауымдастырылған профес­соры, доцент Аман Абасилов «Жаңа әліпби: мәселе, пікір, ұсыныс» тақы­рыбында баяндама жасады.
Шара соңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов тіл жанашырларын, орталықтың үздік қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады.  
***
Қазақ тілін ел азаматтарының то­­лық меңгеріп, қызмет аясында кеңінен қолдануы аса маңызды мәсе­ле. Сондықтан мемлекеттік тіл­ді жетілдіру және стандарттауды іс­ке асыру бағытында ауқымды жұ­мыс­тар атқарылуда. Қазір елімізде тіл саласында мемлекеттік саясатты жүргізу ісін Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті жүзеге асырады. Бейсенбіде Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жа­һан­дану жағ­дайындағы тіл үйретудің иннова­ция­лық әдіс-тәсілдері» атты рес­пуб­ликалық семинар өтіп, иннова­циялық технология­лар арқылы қазақ тілін оқыту үрдісін жетілдіру мәселесі талқыланды.
Семинарда қазақ тілін оқытудың әдісте­мелік және ғылыми негізін дамыта түсу керектігі айтылып, тіл үйретудегі жаңа тенденциялар ұсы­нылды. Орталық­тың атқарушы директоры Ербол Тілешов тіл үйрету кезінде жиі кездесетін қателіктерді атап, тіл үйретудің жаңа жүйесін құрастырғанын мәлімдеді.
– Тіл үйретудің әдістемесі мазмұнға негізделеді. Тіл мыңдаған, тіпті мил­лион­даған сөздерден құралады. Бірақ, біз со­ның қаншасын күнделікті қарым-қаты­наста пайдаланамыз? Тіл­ді қарым-қатынас құралы деп айтқанымызбен, тіл үйретуде оның құрал ретіндегі функ­циясын, мазмұнын естен шығараты­нымыз бар. Сондықтан тіл үйренушіге көп жағдайда дайын мәтіндер оқуға беріледі. Айталық, Қазыбек би туралы мәтіндегі сөздердің барлығын күнделікті өмірде қолданып жүрміз бе? Жиі қолданылмайтын сөздерді жаттау, оның ішінен жұрнақ, жалғау табу тіл үйренушіге қиындық тудырады.
Сол себепті тіл үйретудің тиімді тәсілін анықтау мақсатында 2015 жылдан бері зерттеу жұмысын бастадық. Зерттеу барысында өмірде жиі қолда­нылатын 137 сөзді іріктеп алдық. Бұл нақты сан болмауы мүмкін, десек те негізгі сөздер анықталды. Мұнан кейін осы сөздер тіркесуі мүмкін сөздермен тіркес, сөйлем, мәтін құрастыруға негізделген жүйе жасалды. Бүгінде бұл әдіс-тәсілдер барлық орталыққа таратылды, – дейді ол.
Сондай-ақ, қазіргі сөз саптауы­мыздағы «орын алды», «Үкіметпен бекітілді», «әкіммен бекітілді» деген секілді сөздер­дің дұрыс аударылмауы­на назар аударды. «Орын алды» деген сөз тіркесі қазақ тілінде болмаған, «үкімет, әкім бекітті» деп айтылуы керек», – дейді орталық басшысы.
Бүгінде еліміз бойынша 89 мем­лекет­тік тіл үйрету орталығы бар. Онда мемле­кеттік қызметшілермен бірге кез келген ел тұрғынына қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тегін үйрету курстары жүргізіледі. Аталған семи­нарға өңірлерден жиылған тіл үйрету орта­лығының мамандары ен­ді өз ай­мақ­тарында тәжірибесімен бөлі­седі. Жалпы семинар барысында латын гра­фи­касы негізіндегі қазақ тілінің емле ережелерін оқыту, қазақ тілі сабақ­­та­рын­да сандық білім беру ресурс­тарын пай­далану мәселелері турасында арнайы мамандар баяндама жасап, ғылы­ми-әдістемелік талдау жұмыстары жүр­гізілді.
Ал жұма күні облыстық ішкі саясат басқармасы «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ бой­ын­ша аудандардағы тіл үйрету ма­манда­рының қатысуымен «Тілдерді оқыту үдерісінде инновациялық технологиялар мен әдістерді қолдану» та­қы­рыбында жиын өтті. Шарада облыс әкімі аппараты басшысының орын­басары Индира Ақжігітова саланы цифрландыру бағы­тында атқа­рыл­ған жұмыстармен таныстыр­ды. Қызмет көрсету саласында тұтынушылардың қандай жаңа мобильдік бағдарламаларды, электронды жүйелерді қолдана алатыны туралы ақпарат берді. Орталық басшысы Нұрсәуле Мұсаева екі күндік семинар барысында жинақталған теориялық білімді тәжірибе жүзінде қолданудың әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, жиынның маңыздылығын атап өтті. Ал орталық әдіскерлері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін деңгейлік оқыту курстарының барысы, бағыты мен мазмұнындағы ерекшеліктер турасында баяндама жасап, қатысушылармен пікір алмасты.
Шараның екінші бөлімінде «Teleg­ram», «ZipGrade», «ZOOM Polls every where», «QuizLet Thinklink» бағ­дар­ламалары жөнінде шеберлік сағаты өтіп, мамандар осы бағыттағы тапсырманы орындады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<