ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен келіп, еңбек ардагерлерімен, жастармен және үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездесті, деп хабарлады Syrboyi.kz.
Кездесуде аудан әкімі Берік Сәрменбаев өткен жыл Сыр өңірі, оның ішінде Сырдария ауданы үшін табысты болғанын атап көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен облыста ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша аймағымыз республикада алдыңғы қатарда. Облыс бюджеті 750 млрд. теңгеден асты. Бұл қаражат өңірдегі маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуда. Мұндай нәтижелі жұмыстар ауданда да жүзеге асырылуда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде халық қалаулысы Мұрат Ергешбаев өткен жылы Парламент Мәжілісінде 100-ден аса Заң қабылданғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің экономикасын дамытуға қатысты өзекті мәселелер шешімін тауып жатқанын жеткізді. Жыл басынан аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлымен бірге бірқатар ауданда әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысып, Сыр өңіріндегі жарқын жұмыстардың іске асып жатқанын тілге тиек етті.
Халық қалаулысы өз сөзінде қазіргі уақытта цифрландыруға, тазалық мәдениетіне, сапалы білім алу мәселелеріне тоқталып, елді дамытуға бірлесе күш салуды айтты. Мұрат Нәлхожаұлы ауданның дамуы қарқынды екенін атап, кездесуге қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сөз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева және кездесуге қатысушылар өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Кездесуден соң Мәжіліс депутаты «Мансап» орталығының», құрылысы жүргізіліп жатқан «Руханият» орталығының және қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон жұмысымен танысты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<