Мәуліт – мәңгілік салауат

117

0

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) дүниеге келген айдың құрметіне орай Сыр өңірінің мешіттерінде түрлі форматта шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – «Мақтаулы Мұхаммед» атты облыстық рухани мәуліт кеші Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында өтті.

Пайғамбарымыздың сүннеті, мін­сіз мінезі, өнегелі өмір жолы дә­ріптелген игі шараға ҚМДБ Ғұла­ма­лар кеңесінің және республикалық ақпараттық-насихаттық тобының мүшесі, «Балаби қари» Құран жаттау орталығының директоры Арман Қуанышбаев, бірнеше діни кі­таптардың авторы, жас қаламгер Абылай Кенжалы, Қызылорда об­лы­сының бас имамы Дастан Құр­ман­баев бастаған аудан және қала имамдары, мешіт жамағаттары мен аймақ тұрғындары қатысты.

Рухани шараға жиналғандар алдымен облыстық тарихи-өлкетану музейі арнайы дайындаған діни жә­дігерлерден құралған көрмені тамашалады. Ерекше атап өтерлігі – музейдің сирек қорында сақталған жәдігерлер көпшілікке алғашқы рет ұсынылып отыр. Олардың арасында бір ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған қолжазба Құрандар мен Сыр өңірінде өмір сүрген дін қай­рат­керлерінің тұтынған заттары да бар. Тақырыптық көрмені музейдің ғалым-хатшысы Асхат Сайлау таныстырып, әрқайсысының тарихына жеке-жеке тоқталды.

Ізгілікке толы шара қасиетті Құран аяттарымен ашылып, одан әрі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) туралы бейнеролик көрсетіліп, онда оның тағылымды өмір жолынан сыр шертілді.

Кеште арнайы сөз алған Қызыл­орда облыстық дін істері басқар­ма­сының бөлім бастығы Серік Мә­житұлы мен Сыр өңірінің бас имамы Дастан қажы Жанасұлы жи­нал­ғандарды Мәуліт айымен құт­тық­тап, жұртшылықты Пайғам­ба­рымыз (с.ғ.с) насихаттаған ізгі­лік жолына, адамгершілік пен еңбек­қорлыққа, сондай-ақ Құран Кәрімді құрметтеуге шақырды.

– Мәуліт айы – Пайғамбарымыз­дың (с.ғ.с) өнегелі өмірін насихаттап, сүннет амалдарын дәріптеудің, дініміздің асыл құндылықтарын ұлықтаудың берекелі мүмкіндігі. Бұл айда мешіттерде Аллаға мадақ ай­тылып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат жолданады, мәуліт жыры оқылады. Бұл мерекені тойлау бар­шамыз үшін қайырлы әрі мол сауапқа жетелейтін ізгі амал, ұлы істердің бірі саналады. Оны атап өту – оған деген сүйіспеншіліктің, жақсы көрудің белгісі. Себебі ардақты Пай­ғамбарымызға (с.ғ.с) деген махаббат барлық нәрседен жоғары тұрады. Алла Тағала Құранда Пай­ғамбарға (с.ғ.с) салауат айтуды бұ­йырған. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады, оның он күнәсін кешіреді әрі дәрежесін он есеге көтереді» деп сүйіншілеген. Осынау айтулы мереке Алла Ел­ші­­сін (с.ғ.с) жақсырақ танып, өсиет­терін тереңірек түсінуге, адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, иман­дылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне, Пайғамбардың (с.ғ.с) әміріне мойынсынып, тыйымынан тыйылуға түрткі болсын деп тілей­мін! Мәуліттің өзі – мәңгілік сала­уат, – деді Дастан Жанасұлы.

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмір жолы жайлы мәуліт шә­ріпті облыстық «Ақмешіт-Сырда­­рия» орталық мешітінің наиб-има­мы Шыңғыс қари Сәдуов шә­­кірт­­те­рі­мен бірге нақышына кел­тіріп оқыды. Мәуліт жырын жыр­­шы-термеші, айтыскер ақын, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орын­басаров Қарасақал Ерімбеттің соңғы Пайғамбар (с.ғ.с) өмірінен сыр шертетін «Хира тауындағы оқиға» дастанымен жалғады.

Қазақстан Мұсылмандары ді­ни басқармасы биылғы жылды «Ис­лам және отбасы жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай, театр әртістерінің орындауын­да «Бір түп алма ағашы» қо­йы­лымы сахналанды. Онда зиян­ды әдеттердің кесірінен отбасы ойран болып, дүние үшін бауыр­ла­рымен тартысып, ағайын ара­сын­дағы ауызбіршілігі жоқ жан­дар­дың тағдыры бейнеленіп, көрермен­дер­ге үлкен ой сала білді.

Тағылымы мол рухани кеште елімізге белгілі дінтанушы ұс­таз, исламтанушы ғалым Арман Баймаханұлы «Пайғамбар (с.ғ.с) және отбасы» тақырыбында уағыз айтса, жас қаламгер Абылай Кенжалы Алла елшісінің (с.ғ.с) жас­тармен қарым-қатынасы жайында тереңнен сөз қозғады.

Пайғамбар (с.ғ.с) ұлағаты ұлық­талған кешке жиналғандардың қа­расы өте қалың болды. Залға сый­маған көрермендер рухани шараны екі сағаттан аса уақыт бойы тікелерінен тік тұрып тамашалады. Міне, осы көрермендердің арасында арнайы ұтыс ойыны ойнатылып, оларға «Сира», «Адамзаттың асыл тәжі», «Мінсіз Мұхаммед», «Мұғ­жиза», «Ризық кілттері» атты кітаптардан тұратын арнайы «Мәу­літ жинағын» кеш қонақтары Арман Қуанышбаев пен Абылай Кенжалы табыс етті. Сонымен қатар, жыршы-термешілер Марат Сүгірбай мен Жәнібек Жақсан халықты тәлімі мол термелермен сусындатты.

Игілікті шара барысында Мәуліт айының құрметіне «Мәуліт сыйы» ұйымдастырылып, кішкентай бүл­дір­шіндердің еміне қажетті қаржы олардың ата-анасына берілді. Бұл қайырымдылық шарасы дәстүрге айналатыны айтылды.

Кеш соңында облыстың бас има­мы Дастан Құрманбаев сүйікті Пай­ғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) туған айының құрметіне орай өт­кізілген «Мақтаулы Мұхаммед» ат­ты облыстық рухани мәуліт кешін ұйымдастыруға үлес қосқан бір топ азаматтарды марапаттады. Атап айтқанда, театр және музей ұжы­мына, жалпы кешке атсалысқан бар­лық жандарға сый-сыяпат табысталды.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ