Мәжілісте салық базасын ұлғайту мәселесі қаралды

268

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен салық базасын ұлғайту мәселелеріне байланысты мәжіліс өтті.

Мәжілісте аудан әкімі бюджеттің тиімділігін арттыру аясында салық базасын ұлғайту жұмыстары күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе екенін айтып, жыл аяғына дейін ауданға бекітілген барлық межелерді тиісті деңгейде орындау керектігін жеткізді.

Жиында алдымен аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайту мақсатында арнайы құрылған 4 жұмысшы топтың 10 айдың қорытындысымен атқарған жұмыстары бойынша топ жетекшілерінің баяндамалары тыңдалды. Аудан әкімі бүгінгі күнге жұмысшы топтардың құрамымен жүргізілген жұмыстарының нәтижесі төмен екендігін айтып, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысына жұмысшы топтың жұмысын үйлестіріп, бақылауды күшейтуді тапсырды.

Мұнан соң күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Мейрамбек Ибраимов баяндама жасады.

Баяндамашыдан кейін аудан әкімі бюджет түсімдерінің өсімі бірінші кезекте жеке бизнес қызметін заңдастыру, инвестиция тарту, нақты салықтық базаны анықтау арқылы қамтамасыз етілетінін айтты. Соған сәйкес қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін ауданымыздағы барлық мекеме, кәсіпорын басшылары өз құзыреттері шегінде аудан бюджетінің кіріс бөлігін толықтыруға аса жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ «Туған жерге тағзым» акциясы аясында сыртта жүрген кәсіпкер жерлестерді жергілікті жерге тіркету бойынша жұмыстарды әлде де жандандыру қажеттігін және барлық кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен аудандық полиция бөлімі мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе отырып көлік салығы бойынша берешектерді өндіру жұмыстарын жеделдету жөнінде тапсырма берді.

Қазалы ауданы әкімдігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<