Майдангер мұғалім

293

0

Бүгінгі өскелең ұрпақ ұстаздың қилы заманы мен қиян тағдырын білмесе де елден ептеп естігені бар. Үлкендер жағы оны соғыс ардагері дейтін. Сонысына қарап: «Е, майдан көрген, өлім мен өмір арасынан аман шыққан ардақты ата ғой» деп тарихын топшылай беретін. Шынында от пен оққа тосқауыл болып төтеп берген жаужүрек жауынгер екенін қатарластары тамсана айтып, ерлігін тағылым ететін. Сөйтсек, әңгіменің басы әріде екен.

Садық Жұмағұловты Арал ау­да­нының азаматтары айнымай таниды. Ол 1925 жылы «Райым» елді мекенінде туып, осындағы жетіжылдық мек­теп­ті тәмамдайды. Қы­зылорда педа­го­гикалық технику­мын бітірген бой­да «Құмбазар», «Ра­йым» ауылындағы мек­­тептерде бас­тауыш сынып мұға­лімі болды. Дәл осы уақыт сұрапыл со­ғыстың жүріп жатқан кезі. Сталин­нің тапсырмасымен мектепте білім бе­ру жұмысы тоқтамасын деген бұй­рық бойынша мұғалімді броньмен алып қалушы еді. Әйтсе де отан­шыл рухты Садық көкеміз өзі сұранып та көрген. Алайда жа­сы жетпей, әскери комис­сариат ке­йін­ге қалдырып келді де, 1943 жы­лы шұғыл шақыртумен май­данға алып кетті.

Білімі бар, еңсегей бойлы, еп­ті аза­матты бөлімше командирі ет­ті де,        ІІІ Беларусь майданының құ­рамасына қосты. Уақыттың тар­лығына қарамас­тан саперлік да­­йындықтан өткізіп, Бал­тық бо­йын­дағы Гранс қаласын азат ету ұры­сына кірді. Жау аяқ аттам жердің бәрін миналап тастап, ал­ға жылжуға мүмкіндік бермей жа­тыр. Армия ге­нералы И.Черня­хов­скийдің тікелей ба­қылауында болған «Кенигсберг опе­рациясы» өте жедел және тұт­қиыл­дан тап берудің аса шебер ша­буылы еді. Сондықтан сержант Садық Жұ­ма­ғұловтың бөлімшесі қараң­ғы­­лықты жамылып, қысқа уақыт­та көпір мен тас жолды минадан таза­лау­ға аттанды. Бұйрық біреу, орын­дау­ға жауапты. Таң саз бе­ре мина ала­ңы залалсызданды­ры­лып, рота ко­ман­диріне хабар бе­рілді. Осы сәтті асыға күткен ке­ңестік әскерилер көп ұзатпай Гер­манияның Шығыс Прус­сия­дағы қамалын тас-талқан етті. Мі­­не, осы ерлік үшін Садық әке­міз­ге «Кенигсбергті алғаны үшін» медалі табысталды. Кеуде­сін жар­қыратып тұр­ған «Отан со­ғысы» ордені енді жал­ғызсыра­майды, се­­рігі табылды. Жа­уынгер үшін ер­лік марапаты үлкен мерей емес пе?!

1946 жылы елге оралып, «Ақ­шатау», «Райым», «Қамбаш» ауылда­рында мұға­лім­дік қызметін жал­ғас­тырды. Үйленді, өмір­лік жары Төлеген Иманалина жа­сынан зерек, өз қатарынан озық, мек­тептегі белсенді оқушы болған. Ол 17 жасында «Қамбаш» орта мектебін үз­дік бітірген бойда мұғалім болуға мектепке қалдырылды. Сөйтіп бір жылдың ішінде, яғни он сегізінде оқу ісінің меңгерушісі, жиырмасында мек­теп директоры лауазы­мын атқарды. Бұл анамыздың бі­ліктілігі мен білім­паздығына бе­ріл­ген жоғары баға болса керек.

Оқуға деген құштарлығы арқа­сын­да Садық әкеміз 1953 жылы Абай атындағы қазақ педаго­ги­ка­лық инсти­ту­тына оқуға түсті. Кә­дімгі күндізгі бөлімге.

 – Сәке, бала-шаға бар, мүмкін сырттай оқисыз, – деп зайыбы кө­ңілін жібітіп көрген еді. Ол шоршып түсіп:

– Жоқ! Менің арманым – күн­дізгі бөлім. Жоғары білімге толық қол жет­кізуге тиіспін. Сырттай кім көрінген оқиды, – деп кесімді ойын бүкпесіз айтты.

Садық әкеміз топ старостасы бо­лып, институтты қызыл дип­ломға бі­тір­генде өзін нағыз ұс­таз және ма­тематик ретінде се­зін­ді. «Қамбаш» ор­та мектебінде ди­рек­тордың оқу ісі жө­ніндегі орынбасары болып, төрт жыл қызмет етті.

Енді қызметі өсіп, теңізбен та­мыр­­лас «Бөгенге» жіберілді. Бұ­рын­нан аты дүрілдеген дара мек­тептің тіз­гіні тиіп, оны табаны күректей жиыр­ма алты жыл бас­қарды. Жай бас­қарған жоқ, ма­тематиктер шоғырын шығарды. Об­лыста бірінші болып ЭВМ жү­йесі осы мектепте тәжірибеге ен­гізілді. Білім сапасы артып, оқу­шы­лардың арасында дарабоз­дар легі бой көрсетті. «Алтын ме­даль» иегерлері жыл санап өсті. Әрине, білім беру сапасын жо­ға­рылату үшін, ең бірінші, ұс­таз­дар біліктілігі жеткілікті дә­ре­­жеде өсіп, кәсіби ше­берлік шы­ңына тал­пынған тұлға бо­луы тиіс. Сол үшін ұстазға деген құр­мет­пен қатар олар­ды көтермелеу, бі­­ліктілігін арт­тыру бағытында ма­ңыз­ды шаралар ат­қарылды. Со­ны­мен қатар инно­ва­циялық ойлау қабі­леті жоғары, оқу­шының жан-жақты да­­муын ұйым­дас­тыра алатын және ата-ана­лармен, көп­шілікпен ынтымақ­тасуға қабі­лет­ті кісі болатын. Ең бас­тысы, ұжым­ның ұйымшылдығын, бе­реке-бір­лігін сақтауда жақсы дәстүр қа­лып­тасты. Міне, осы жағынан кел­­генде Жұма­ғұловтың абырой-беделі мойындалды.

Ерді сүйген жары мен маман­дығы алға сүйрейді. Елге еленетіні еңбек­қор­лығы, көпшілігі, кісілігі мен кі­ші­лігі бол­са керек. Артынан артық сөз ер­ме­ген, маңдай тердің марапаты ре­тін­де «Қа­зақ ССР Халық ағарту ісінің озық қыз­меткері» төсбелгісін төсіне таққан, КСРО Оқу-ағарту министрінің, ҚР Пре­зи­ден­тінің, Білім және ғылым ми­нистрінің, Қазақ ССР Балық ша­руашылығы министрінің Құр­мет грамо­таларына ие болған об­лыстық дәре­жедегі зейнеткер Садық Жұмағұ­ловтың жарқын жолы осындай.

Қазір тұрғындар, ұстаздар қа­уымы Садық Жұмағұловтың есімін мәңгі қал­дыруды көз­дейді. Бұл да өз кезегінде жүзеге асатын шаруа деп білеміз.

Қаныбек ӘБДУОВ,

журналист