9 мамыр – біздің әулетіміз үшін де үлкен мереке. Тоқсан бес жыл ғұмыр кешіп, мәңгілік мекеніне кеткен әкеміздің үйіне, яғни қарашаңыраққа жылда осы күні тегіс жиналатынбыз. Әкеміз Әубәкір Есжанов майдангер болатын. Ол кісі әуелі Финляндия, содан неміс басқыншыларымен болған соғысқа қатысқан.
Жалағаш ауданы «Таң» ауылында 1917 жылы дүниеге келген. Жетіжылдық мектепті бітіріп, мектеп директоры, немере ағасы Жүсіпұлы Омардың қарамағында аға пионер вожатый болып істейді. Жамбылдағы (қазіргі Тараз қаласы) мал дәрігерлерін дайындайтын техникумға 1937 жылы оқуға түскен.
Әлі есімде, 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығы мерекесі күні әке үйінде бас қостық. Сонда айтқан бір әңгімесі жадымда қалыпты. Әкемнің сол айтқандарын аймақтың аға газеті «Сыр бойы» арқылы оқырман қауымға ұсынғым келді.
«Тараз қаласы маңында бір эскадрон атты әскер болды. Жасымнан атқұмар болып өскендіктен, сабақтан шығысымен жаяулап сол жаққа тартам. Атты әскердің дайындығын тамашалаймын. Олардың оқу-жаттығулары дегенің керемет! Ал сәйгүлік үстіндегі жалаң қылышты сарбаздардың мундирі қандай жарасымды?!
Құмарлық мені атты әскерге тартты да тұрды. Ақыры сол қаладағы әскери комиссариатқа барып, атты әскерге алуды сұрандым. Ол кезде Кеңес үкіметі бұратана халықты әскерге ала қоймайтын. Комиссариат арызымды қанағаттандырмады. Бір ай өткен шамада тағы бардым.
Комиссар қабылдап әңгімелесті:
– Ауылда жалғыз анаң мен әлі кәмелет жасқа толмаған інің бар екен…
– Олар біледі, рұқсат сұрағанмын.
– Шын атты әскер болғың келе ме?
– Иә, жолдас комиссар!
Комиссар күліп арқамнан қақты.
1938 жылдың көктемінде Карелиядан бір-ақ шықтым. Аяғымда шпорлы құрым етік, үстіме атты әскердің мундирін кидім. Беліме алмас қылыш тақтым. Астыма күрең қасқа арғымақ міндім. Бұл менің талай күнгі арманым еді…
Атты әскер полкінде бір өзбек жігіті және мен ғана, қалғандары орыстар мен украиндықтар. Жағдайымыз жақсы болды. Әскери дайындық қызу жүріп жатты.
1939 жылдың 30 қарашасы күні түн ортасында тревога берді. Атымызды, қару-жарағымызды дайындап, сапырылысып қалдық.
Ешкім ештеңе айтпайды немесе ештеңе білмейді. Бірақ тосын оқиға болғанын ішіміз сезді. Ертесіне белгілі болғандай Финляндиямен соғыс басталған екен.
Соғысқа кірдік. Оқ аспаннан да, жерден де жауды. Биік ағаш басында олардың мергендері (оны «кукушка» дейтінбіз) отырып, бізді қарауылға ілді. Аяқастынан миналар жарылып жатты. «Маннаргейм» бекінісін алу оңайға соқпады. Әрі кетсе 10-15 күнде басып аламыз деген әскери бас штабтың жоспары іске аспады. Кескілескен ұрыста қаншама үзеңгілес жолдастарымыз қаза тапты.
Орыстар – сөз жоқ соғысудан қайтпайтын жауынгер халық. Бірақ «батырға да жан керек» деген ғой, шабуылға шығарда полктың қызыл туы ысырылып не маған, не өзбек жолдасыма келетін. Мұның сырын сәл кейінірек білдік. Сөйтсек «уралап» құйғыта шапқан қалың атты әскердің арасынан дұшпан көзіне әуелі желбіреген қызыл ту ілігеді екен. Бір шабуылда жау оғы астымдағы күрең қасқа арғымаққа тиіп, омақаса құладық.
Алла жар болып, аман қалдым. Қар төсеніп, мұз жастандық. 3 ай, 11 күнге созылған қырғын әрі қауырт соғыс аяқталды. Финдер тізе бүкті.
Ленинград қаласына апарып бізді қатарынан үш күн моншаға түсірді. Киімдерімізді түгелдей ауыстырды. Біраз демалдырды. Қаланы аралатты. Елге хат жазып, аман-саулығымызды білдіруге мүмкіндік туды. Әскери борышымды өтеп жаттым.
Бірде ауылдан менің атыма үлкен сәлемдеме жәшік келді. Ашып қарасам, шанағын бір бөлек, мойынын бір бөлек етіп салған, тіпті ішегі мен тиегіне дейін бар домбыра екен. Ауылда Жақып есімді ағаштан түйін түйетін шебер жездеміз болатын. Алдында домбыра жасап жіберуді сұрап хат салғанмын. Міне, енді сол домбыра қолыма тиіп отыр.
Құрастырып, ішегін тағып, тиегін қойып шертсем, домбыра сөйлеп тұр. Менен басқа қазақ жоқ. Тартып, неше алуан әуенге салғасын қасымдағылар қызықтай бастады. Олар мұндай музыкалық аспапты көрмесе де, шын ықыластана тыңдайды.
Айтқан орыс әндерін де сүйемелдеймін. Уақыт өткіземіз. Әскери қызмет мерзімім аяқталуға жақындап, елге қайтуға күн санап жүргенімде Германия соғыс ашты.
Қиян-кескі соғысқа тағы кірдім.
Оның айтатыны жоқ. Соғыстың аты – соғыс. Қазір ғана бар адам, қазір жоқ. 8-гвардиялық дивизия құрамындағы саперлар взводында болдым.
Жау басып алған жерлерді бірте-бірте азат етіп жатқан кез еді. Неміс-фашист басқыншылары шегініп бара жатып, аяқ басар жерді миналап кеткен. Соларды тазартамыз. Әскерге қауіпсіз жол ашамыз. Сапер жаңылмай, сақтықпен әрекет ету қажет. Әр қадамың – өмір мен өлімнің жолы.
Бір күні кешкілік үлкен орман арасына келіп кірдік. Артымыздан әскери құрамалар келіп, олар да жайғасып жатты. Осы жерде үш күн болып, бір маңызды шайқасқа дайындалып жатқандай едік. Ертең шабуылға шығамыз деген күні взводтың жігіттері бір жерге жиналып, түннің біруағына дейін әңгіме-дүкен құрып, қосылып ән салдық. Ертеңгілік сия қаламмен домбыра бетіне «Қазақстан-Қызылорда» деп жазып, бір биік талдың басына ілдім. Олай етпеуге амалым жоқ, командир солай бұйырған еді» деп аяқтады сөзін қарт майдангер.
Әкеміз Әубәкір 1943 жылы ауыр жараланып, Омск қаласындағы әскери госпитальде 3 ай емделген. Содан елге оралған ғой. Анамыз Алтынмен бас қосқан. Кейін Қазалы қаласындағы техникумның бір жылдық жеделдетілген курсын бітіріп, «Таң» ұжымшарында көп жылдар бойы веттехник болып қызмет етті.
Ата-анамыздың шаңырағында 10 бала өстік. Балаларынан тараған немере-шөберелерінің қызығын көрген әкеміз Әубәкір Есжанов 2012 жылы 95 жасында, анамыз Алтын Улиева 2014 жылы 89 жасында дүниеден озды. Шүкір, бүгінде екеуінен тараған ұрпақ әр салада абыроймен жемісті еңбек етіп жүр.
Айтпақшы, әкеміз 90 жасына дейін аттан түскен жоқ. Бәйгеге талай рет ат қосты, жүлде алды. Әуелде жүйрік торысы, сосын көк аты болды. Бапкері өзі, шабандозы Маратбек інім болатын. «Әке көрген оқ жонар» демекші бүгінде жолын баласы Кенжебек пен шөбересі Бексұлтан жалғастырып жүр.
Әкеміз жырау еді. Бірнеше қисса-дастанды орындайтын. Есімде қалғаны – «Шәкір-Шәкірат» және «Самұрық құс» дастандары. Сыр сүлейлерінің де термелерін нақышына келтіре қайыратын. Осы ретте жолына түспегенімен, біздің әулетте «әу» демейтіндер жоқ. Ал музыкалық білімі бар немересі Айбек пен шөбересі Дәулетбек жыр-термелерді шебер орындайды.
Міне, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы келіп қалды. Алла жазса, 9 мамыр күні «Таң» ауылындағы қарашаңырақта ұрпақтары бас қосамыз. Әке-шешемізді және Сталинград майданында ерлікпен қаза тапқан әкемнің жалғыз інісі Бекмырза ағамызды еске аламыз. Бүгіндері киелі шаңырақтың иесі – әкеміздің ортаншы ұлы Оразбек ініміз бен Мира келініміз. Сөз соңында айтарымыз, біздің де тілегіміз көптің тілегі – еліміз аман, халқымыз тыныш болсын, құрметті оқырман.
Темірбек ЕСЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қызылорда облысының құрметті ардагері





